Қолайсыз ауа райы салдарынан Жамбыл облысында 49 адам медициналық көмекке жүгінді. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, Тараз қалалық ауруханасына 41 науқас түскен. Олардың төртеуі ауруханаға жатқызылып, қалғандары дәрігер тексергеннен кейін үйіне жіберілген.
Төрт бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылған, оның үшеуі емделуге қалып, біреуі амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілді, делінген хабарламада.
Медициналық көмек алу үшін Байзақов аудандық ауруханасына да төрт адам жүгінген: біреуі ауруханаға жатқызылды, үшеуі дәрігерлер бақылауымен үйіне шығарылған.
«Көмекке жүгінген науқастардың көпшілігінің басы, қолы мен аяғы көгерген. Сонымен қатар терезе мен қоршаулар құлап, салдарынан басқа да жарақат алғандар бар», — деді ведомство өкілдері.
Сонымен қатар, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары бұрын жарияланбаған кадрларды көрсетті. Олардың бірінде бір топ адам желге қарсы тұра алмай құлап жатқаны түсірілген. Олар болжам бойынша оқушылар болуы мүмкін.
Ал тағы бір видео авторы көпқабатты үйдегі пәтерін көрсетеді. Оның айтуынша, желдің қатты болғаны соншалық, балконын ұшырып әкеткен.
Бұған дейін Жамбыл облысының полицейлері тасжолға шығып, боранды видеоға түсіргені хабарланды. Осылайша, тәртіп сақшылары жүргізушілерге аса қажет болмаған жағдайда жолға шықпау туралы ескерту жасаған. Сондай-ақ, Жамбыл облысында жел салдарынан бірнеше елді мекенде газ құбырларына зақым келген еді. Баспасөз қызметі мәліметінше, екпіні күшті жел үйлердің қоршауларын ұшырып, ағаштарды құлатқан. Салдарынан көшедегі газ құбырлары бүлініп, тұрғындарға газ беру уақытша тоқтатылды.
Tengrinews.kz