Шектеулі мүмкіндікке – шектеусіз қолдау

1353923127 inval Медицина

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – елдегі басты мәселенің бірі. Инклюзия ұғымы кең, тек мектептегі ерекше білім беру форматымен ғана шектелмейді. Барлық жерде өмір, теңдік адамзатқа бірдей берілген ұғым екенін қалыптастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қашан да қолайлы орта туғызуды көздейді. Сондықтан, мұндай жандар қоғамнан мүлдем оқшауланып қалмауы тиіс.

Ендеше, Атырау облысында инклюзивті бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр? Азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларында қандай өзгерістер бар? Біз бүгін «Нысанаға» алынған осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.

Әлеуметтік көмек –  басты назарда

Бірінші шілдеден бастап қолданысқа енгізілген Әлеуметтік Кодекске сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы жүзеге асады. Бүгінде облыста оған өтініш берген 13107 адамның 8455-і, яғни 64,5%-ы портал арқылы қажеттілігімен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді.

Тиісті заңдылықтарға сәйкес, елімізде мүгедектігі бар баланың ата-анасының біреуіне 2022 жылдан бастап санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың 70 пайызы (2023 ж. – 159005 теңге) мөлшерінде төленеді.

– Былтырдан бастап І топтағы мүгедектігі бар адамдар мен ерекше балалардың жанына ілесіп жүретін адамдарға санаторийге бару үшін жергілікті атқарушы органдардың тарапынан тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, облыс бойынша 55 АЕК (190 мың) мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы төлене бастады. Биыл 2000-ға жуық азаматты осы жүйемен қамту жоспарланды, қаржысы – 379 миллион теңге. Аталған көмек түрі республика бойынша Павлодар, Атырау облыстарында ғана жүзеге асуда, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариева.

Ерекше қажеттілігі бар жандар ауруханаға, басқа да қызмет көрсету орындарына бару үшін инватакси қызме-тін тегін пайдалануы тиіс. Өткен жылдармен салыстырғанда, биыл мұндай автокөліктің саны артқан. 2021 жылы – 30, 2022 жылы 54 автокөлік қызмет етсе, биыл қолданыста 65 инватакси бар. Оның ішінде 14-і арнайы жабдықталған. Биылғы 1 қаңтардан бүгінге дейін қозғалуы қиын 698 адамға барлығы 43137 тасымал жасалды.

Сондай-ақ, арнайы екі автобус тәулік бойы «такси» 50% жеңілдікпен жеке шаруасымен қаланың кез-келген жеріне апарады. Бүгінде инватакси қызметі «Мүгедек әлемі», «Сенім шыңы», «Облыстық мүгедектер», «Мөлдір көз», «Ақ жол», «Мақат» қоғамдық бірлестіктері арқылы көрсетілуде.

Альфия Байғанинқызының айтуынша, облыста отбасының табысы есепке алынбай, тұрмысы қиындаған 2708, ал жанұядағы табысы есепке алынған 809 мұқтаж азаматқа әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетілді. Жергілікті өкілді органдардың шешімдеріне сәйкес, мереке күндеріне барлығы 2348 адам әлеуметтік көмек алған.

Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2021 жылдан бастап «Атырау қаласындағы мүгедектігі бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды иппотерапиямен оңалту», «Атырау қаласындағы 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды  жартылай стационарлық жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерімен қамтамасыз ету» және 2023 жылдан бастап «Атырау қаласындағы мүгедектігі бар балаларды әлеуметтендіру» шаралары бойынша – барлығы 1910 мүмкіндігі шектеулі балаға «Балалар – елдің болашағы» аумақтық қоғамдық бірлестігі әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді.

Оңалту орталығы салынады

Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық кешенді даму жоспарына қалада мүгедектерге арналған 150 орындық оңалту орталығын салу жобасы енгізілді. Құны 10 миллиард теңгеден асатын орталықтың құрылысы Алмалы ауылынан келесі жылы басталып, 2026 жылы аяқталуы тиіс.

– Қала әкімдігі республика Президентінің тапсырмасы және «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының негізінде егде жастағы адамдарға арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталығы да ашылады, – деді А.Төлеуғариева.

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Бүгінде инклюзивті қоғам қалыптастыруда осындай ұран да маңызды. «AMANAT» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында «Белсенді ұзақ өмір сүру үшін» әлеуметтік қолдау көрсету мақсатындағы жоба бойынша биыл «Қоғамдық денсаулық сақтау институты» жекеменшік мекемесі 150 қарияға сегіз түрлі қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, жуырда қосымша домбыра үйірмесі ашылған. Мұның барлығы Атырау қаласының қарттары үшін қолжетімді, сапалы әлеуметтік-мәдени қызметтерді ұйымдастыру, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар жандардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатын көздейді.

Облыс бойынша қолға алынған жұмыстарды зерделесек, біраз жұмыс бар екен. Тіпті, жуырда облыс әкімінің мүгедектік мәселелері бойынша үш бірдей штаттан тыс кеңесшісі тағайындалды. Кедергісіз орта қалыптастыруда үкіметтік емес ұйымдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыс та аз емес.

Инклюзивті сана-сезім оянса…

Дейтұрғанмен, бүгінде қоғамда әлі де мәселе көп. Ерекше адамды кездестіре қалсақ, көпшілік ортада оларға жатырқай қарайтынымыз да жасырын емес. Бұл – жұртшылық арасында инклюзивті сана-сезімнің оянбағанының көрінісі. Соның салдарынан біраз ата-ананың ерекше балаларын үйден шығармай ұстайтыны да рас. Тіпті, ондай баласының барын жасырып, айтуға қымсынатындар да жоқ емес. Демек, әуелі қоғамды тәрбиелеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Сонда ғана ерекше жандарға деген көзқарас та түзелер еді.

– Инклюзивті қоғам шет мемлекеттерде, Еуропада, Скандинавия елдерінде, Швецияда әлдеқашан жолға қойылған. Өзім көрген Америкадағы жағдай тіптен өзгеше. Оларда «мүгедек» деген сөзді мүлде қолданбайды. АҚШ-та ерекше балалардың балабақша, мектеп мәселелері түбегейлі шешілген. Оларды кемсіту деген мүлдем жоқ. Бізде де осыны толық жолға қоятын кез жетті. Бүгінде бізде дені сау балалардың ерекше бүлдіршіндерді қабылдай алмай, мазақ етуі жиі кездеседі. Сондықтан, мұндай жандарды қоғамға бейімдеуде бірлескен жұмысты жандандыру керек. Бұл тақырыпта арнайы бейнероликтер түсіріліп, қоғамдық көліктерде, көпшілік жиналатын орындарда, көшелердегі led-экрандарда жиі көрсетілсе көз үйренер еді, – дейді «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығының жетекшісі Арайлым Нұғыманова.

Ерекше баланың анасы, болашақтан жарқын күндерді ғана үміт етіп, алға ұмтылған қайсар жан Арайлым 2019 жылдан бері арнайы орталығын ашып, бүлдіршіндерді кешенді заманауи әдістерімен дамытып келеді. Бастапқыда 5 ерекше баламен жұмысын бастаған орталық бүгінде 120 ерекше жанға қызмет көрсетеді. Ал, жыл бойына 50 ерекше бала тегін кешенді даму курсынан өтеді. Екі-үш, одан да көп ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылардың және жалғызбасты аналардың балаларына көрсетілетін қызмет тегін.

– Тегін қызмет көрсетілген 50 баланың даму нәтижесі өте жоғары. Біздегі үздіксіз жұмыс осы балалардың бәрінің бірдей алғашқы сөздерді айтып бастауына зор септігін тигізді, – дейді ол.

Құлшыныс қанаттандырады

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен Арайлым Бағытжанқызы биыл ақпанда АҚШ-тың 5 штатын аралап, әлеуметтік жобаларымен танысып қайтты. Инклюзивті білім беруде тәжірибесін шыңдай жүріп, шетелдік әдіс-тәсілдерді Атырауда жүзеге асыруды да бастап кеткен.

– Шетелде ерекше жасөспірімдерді қызметке араластыру бағытында жақсы жобалар көп. Оларда біздегідей Даун синдромы бар балалардың жұмысқа қабілетіне еш күмән келтірмейді. Өзім жолыққан Шери есімді ананың үш баласы бар. Дерек есімді кенже ұлы Даун синдромымен туған екен. Бірақ, оған анасы мойымай, қайткенде де баласын аяққа тұрғызып, өзгемен тең өмір сүруіне мүмкіндік жасап келеді. Бүгінде ол мақсатына да жеткен. Дерек инклюзивті білім беру жүйесімен мектепті тәмамдап, Огайо штатындағы Кент мемлекеттік университетінде жоғары білім алып жүр. Биыл 30 жасқа толған, үйленіпті. Жүргізуші куәлігі де бар, көлікті өзі басқара алады. Шери ерекше ұлы үшін қоғамдық қор құрып, оны қатарға қосқан. Өзге де сондай жасөспірімдерді оқытып, оларды өз кафесіне жұмысқа алып отыр. Міне, өмірдің сынағына сынбай, жұмысының нәтижесін көрсету деген осы шығар. Бұл – бір ғана мысал. Америкалықтардың осындай тәжірибесі мені ерекше қанаттандырды. Ерекше балаларды ерте жастан дамытып, оларды қоғамға бейімдесе, алынбайтын қамал жоқ. Біз де тынымсыз еңбектенсек, осындай жетістікке жетеміз, – дейді Арайлым.

Мұхит асып, ерекше жігермен елге оралған қайсар жан жаңа жоба жазып, жуырда «Жарқыра» байқауына қатысты. Ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдерді қызметке баулу бағытында жүзеге асатын «Белес» жобасымен жеңіске жетті. Енді «Зейін Атырау» орталығында «Белес» кофеханасын ашуды көздеп отыр. Мұнда ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдер қызмет көрсетіп, еңбекке икемделмек.

Расында, «ерекше жан бәрібір қоғамның толыққанды мүшесі бола алмайды, оны қалыпты ортаға бейімдеп, оқытудың қажеті жоқ» деген ұғымнан мүлдем арылу керек. Мысалы, атақты неміс композиторы Людвиг ван Бетховеннің тас керең болғанын ұмытуға болмас. Оның осы ерекшелігі дүниеге таңғажайып туындыларды әкеліп, ұлы композитор болуына жол ашты. Сонымен қатар, аутизммен ауырған Билл Гейтстің ерекшелігі Microsoft секілді ірі әлемдік компания құруына мүмкіндіктер ашты. Бала кезінен саңырау әрі соқыр американдық Хелен Келлерді қараңыз!.. Негізі, мұндай балалардың ақыл-есі тоқтап, артта қалады екен. Бірақ, Хеленнің таланты мен жігері оны қоғам қайраткерлігіне дейін жеткізіп, ол мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғаған. Хелен – 12 кітаптың авторы. Ендеше, біздің қоғамдағы ерекше жандарға жан-жақты қолдау көрсетілсе, бір кездері мұндай дарындардың шықпасына кім кепіл?!

P.S. Міне, шетелдерде «мүмкіндігі шектеулі» деген түсініктің жоқтығына осы мысалдар-ақ дәлел. Оларды бала күнінен қалыпты қоғамға бейімдеп, ортада еркін жүріп-тұруына толық жағдай жасалған. Мектепте де балалар мұндай санатқа бөлінбейді. Теңдік деген түсінік осылай қалыптасса керек-ті!..

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

* Дерек пен дәйек

Биыл облыста мүгедектігі бар адамдар үшін

құрылатын арнайы жұмыс орны – 8;

Жұмсалатын қаржы – 8,3 млн. теңге;

Жұмысшылардың жалақысын ішінара

субсидиялау  үшін – 3,5 млн. теңге.

Бұл шаралар арбамен жүріп-тұратын, есту және көру қабілетінен айырылған мүгедектігі бар адамдар үшін ұйымдастырылады. Жұмыс берушілерге субсидиялар арнайы жұмыс орындарын жарақтандыру үшін құрал-жабдық сатып алуға, монтаждауға және орнатуға кеткен шығындарды өтеуге беріледі.

Арнайы жұмыс орындарына орналастырылғандардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидиялар мөлшері:

1) жұмысқа орналасқан алғашқы 12 айда –

жалақының 70%-ы;

2) 13-24 ай аралығын қоса алғанда – жалақының 65%-ы;

3) 25-36 ай аралығын қоса алғанда – жалақының 60%-ы;

Бөлінген қаражаттар негізінде жұмыстар

іске асқан аудан – Исатай;

Жұмысқа орналасқан адам саны – 1.

Облыстағы ерекше балалар саны – 7023;

Инклюзивті білімді қажет ететіндер – 6153;

Мектеп  жасындағы балалар – 4071;

Мектепке дейінгі жастағылар – 2082;

Мектептердегі арнайы сыныптар саны – 103;

Үйден оқитындар саны – 472.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз