Тұншыққан қала. Қауқарсыз құрылым
Атырау халқы жыл он екі ай бойы көк мұнар түтін мен жағымсыз иіспен өмір сүруге мәжбүр. Жыл сайын өртенетін Каспий теңізінің жағалауындағы қамыстың қолқаны қабар түтіні елді мекендердегі түрлі нысандардан гөрі, мемлекеттің ең басты байлығы – адамның саулығына орасан зор зардабын тигізіп отыр. Бірақ оған бірде-бір мемлекеттік органның тегеурінді әрекеті байқалмайды.
Жуырда «Арнаулы көлік базасы» ЖШС-не қарасты 50 шаршы метрлік қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртеніп, оның түтіні оңтүстік бағытқа қарай соққан желдің әсерінен қала тұрғындарының тынысын тарылтты. Өрттің тұтануына қоқыс алаңындағы әйнектің күн сәулесімен шағылысуы себеп екендігі айтылады.
Қаладағы түтіннің иісіне байланысты облыстық экология департаменті атмосфералық ауа сапасын бақылайтын Водник, №109 «Восток», «Пропарка» және «Мирный» станцияларына мониторинг жүргізген.
– Қазір өрт ошағы оқшауланды. Оны сөндіруге өзі аударғыш 10 жүк машинасы, 3 тиеу техникасы, 1 экскаватор, 1 бульдозер, 1 суару-жуу көлігі және полигонның 20 қызметкері жұмылдырылды. Өрттің бықсып жанбауы үшін қоқыс қоламтасы топырақпен жабылады. Бақылау жұмыстарының нәтижесінде көміртегі тотығы мен метан құрамдас бөліктерінің рұқсат етілген шекті шоғырланудан асқаны анықталды. Департамент бұл факт бойынша шаралар қабылдайды, — деді департаменттің баспасөз хатшысы Эльнара Оралқызы.
Соңғы бірнеше күннен бері Құрманғазы ауданының орталығынан 43 шақырым және Зинеден ауылынан 56 шақырым жерде Каспий теңізінің жағалауындағы сулы-батпақты учаскелерде аумағы шамамен 5 гектар болатын қамыс алқабының бықсып жатқаны анықталған. Мамандар мұның үш күнге созылғанын айтады. Бірақ қамыстың өртенуіне нақты себепті әлі күнге дейін ешкім түсіндіріп бере алмай отыр.
Ал, өрт аумағына жердің батпақты болуына байланысты бірде-бір техника бара алмайды. Тіпті, оған баратын автокөлік жолы да жоқ екен. Сол себепті бықсыған түтін желмен өршіп, тұтас алқап өрт тұтану жағдайлары кездеседі. Оны сөндірудің мүмкіндігін төтенше жағдай қызметкерлері таба алмай отыр.
Осы аптада облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауын тікұшақ арқылы барлап қайтқанда осыған көз жеткізген.
– Теңіз жағалауындағы өртенген қамысты сөндіру үшін «Еврокоптер» ЕС-033 тікұшағы ұшырылды. Бықсыған қамысты сөндіру үшін «Казавиаспас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы мен 18 құтқарушы жұмылды. Елді мекендерге әзірге қауіп жоқ. Облыс аумағындағы өрт жағдайының мониторингі ерекше бақылауда, — деді облыстық экология департаментінің өкілі.
Екеуі де республикалық ведомствоға бағынышты құрылымның мұндай қауқарсыздығы Атырау жұртшылығының орынды наразылығын туғызып отыр. Себебі, жыл сайын қайталанатын қамыс өрті, тұрғындардың түтінге тұншығуы, оған дәрменсіз құрылымдар мен олардың жалтарма жауаптары халықты әбден шаршатқан. Тіпті, соңғы жылдары республика Төтенше жағдайлар министрлігі сулы-батпақты жерлерде еркін жүретін қуатты техникалар алып бергенін айтып, БАҚ арқылы айдай әлемге жар салып еді. Бірақ ол техникаларды да, одан шыққан нәтижені де Атырау жұртшылығы көрген жоқ, сондықтан ресми құрылымдардың ақпараттарына да күмән-күдік көп.
Ал, аймақта заң бұзушылықтарға жол беріп, жауапкершілікке тартса да зиянды қалдықтар мен шығарындыларды көп шығарып отырған табиғат пайдаланушылардың саны азаяр емес.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ