
Теңіз тартылып, қамыс өртеніп жатыр
Каспий теңізі — дүние жүзіндегі ең ірі тұйық көл. Ол Еуразия құрлығының дәл орталығында, Еуропа мен Азияның шекарасында орналасқан. Теңіздің жалпы ауданы 371 мың шаршы шақырымды құрайды. Ұзындығы – шамамен 1200 шақырым, ені – 320 шақырым, ал орташа тереңдігі – 208 метр. Ең терең жері 1025 метрге жетеді. Су көлемі – 78 200 текше шақырым. Каспийдің тұздылығы теңіздермен салыстырғанда анағұрлым төмен — орта есеппен 12,8 промильді құрайды.
Каспийге жалпы саны 130-ға жуық өзен құяды. Олардың ішіндегі ең ірілері – Еділ (Волга), Жайық (Урал), Терек және Сулак. Бұл өзендер теңіз экожүйесінің тұрақтылығында шешуші рөл атқарады.
Теңіз солтүстік, орталық және оңтүстік болып үшке бөлінеді. Солтүстік бөлігі негізінен Қазақстан аумағында орналасқан. Бұл өңір Каспийдің ең таяз бөлігі болып есептеледі: орташа тереңдігі небары 4–6 метр шамасында. Соңғы жылдары су деңгейінің төмендеуіне байланысты теңіздің тартылуы қатты байқалып отыр. Мәселен, 1977 жылы тіркелген ең төмен деңгейге қазіргі кезеңде қайта жетіп отырмыз. Бұл құбылыс геологиялық тарихта бірнеше рет қайталанған: регрессия және трансгрессия деп аталатын процестер нәтижесінде теңіз деңгейі ауытқып отырған.
Судың тартылуы экожүйеге үлкен әсерін тигізуде. Жағалаудағы бұрынғы су басып жатқан алқаптар бүгінде батпаққа айналды. Бұл жерлерде қамыс өсіп, сол қамыстардың жануы салдарынан үлкен өрт оқиғалары орын алуда. Алайда бұл өртті бірден сөндіру мүмкін болмай отыр. Біріншіден, батпақты аймақтарға көліктің жетуі қиын. Екіншіден, қамыс өте тез тұтанатын өсімдік. Оның үстіне батпақта метан газы көптеп жиналады, бұл да өрттің таралуын күшейтіп отыр. Мұндай жағдайда өртті сөндіру үшін жоғарыдан су тасымалдау қажет, бұл да оңай шаруа емес.
Қазіргі уақытта өрттің нақты неден шыққаны белгісіз. Табиғи себептер болуы мүмкін дегенмен, адам факторын да жоққа шығаруға болмайды. Соңғы айларда аймақта жауын-шашын өте аз болды. Ауа райының ыстық әрі құрғақ болуының салдарынан жер кепкен, өсімдіктер түгелімен қурап қалған. Бұл жағдайлар өрттің пайда болуына себепші болуы мүмкін.
Өрттен шыққан түтіннің таралуы да мәселе туындатуда. Желдің бағыты мен күшіне байланысты түтін кей өңірлерге дейін жетіп отыр. Жел бір жағынан ауада таралған улы газдардың ыдырауына көмектессе, екінші жағынан өрттің ары қарай өршуіне себеп болып отыр. Егер жел болмағанда, түтін аумақта ұзақ тұрып, халыққа әлдеқайда зиянды болар еді. Қазіргі ауа райының желді болуы, бір жағынан, түтінді аймақтан тез арада шығарып, таратуға, екінші жағынан, өрттің тез жайылуына ықпал етуде.
Сондай-ақ, соңғы күндері жауған жауын-шашын да ауаны тазартуға өз үлесін қосуда. Жаңбыр түтінмен бірге ауаға таралған зиянды бөлшектерді жерге шөгеріп, олардың ыдырауына мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен, түтін жүз шақырымнан астам қашықтыққа дейін жеткені байқалады.
Қазір арнайы мамандар мен төтенше жағдайлар қызметі өртті сөндіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар күрделі және ұзақ мерзімді болуы мүмкін. Себебі табиғи жағдай мен техникалық мүмкіндіктердің шектеулігі бірден нәтиже беруге кедергі келтіруде. Дегенмен, қолға алынған шаралар нәтижесін береді деген үміт бар.
Арман ЖҰМАҒАЗИЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Туризм және география кафедрасының аға оқытушысы