Еліміздегі су тапшылығы мәселесінің себебі мен салдарын маман айтып берді

peaceful piece of nature in daylight 23 2148992460 Экология

Қазақстандағы су ресурсы – елдегі басты проблема. Оның сапасы мен халыққа қолжетімді болуы да маңызды болып тұр. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айрықша айтылған өзекті тақырып. Расында да, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршаға ортақ табиғат байлығы. Енді жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу Үкіметке зор жауапкершілік жүктейді.

Су тапшылығы туралы айтылғанда, жергілікті жердің мәселелері кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Атырау облысындағы Жайық-Каспий су бассейнінің қазіргі ахуалы тұрғысында да орынды мәселелер туындайтыны заңды құбылыс. Сондықтан, өңірдегі су тапшылығы проблемасын шешудің жолдары туралы мемлекеттік қызмет және су шаруашылығының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Бисен Қуановпен сұхбаттасқан едік.

25e26914 66bd 4c4d 91cd b26761955ae9

Жаңа министрлік: жаңа міндеттер

Бисен Отарұлы, еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес құрылым айналысуы керек. Осы мақсатта республика Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Бұған дейін тіршілік көзі саналатын су ресурстарын бақылап, қадағалау жұмыстары атүсті жүргізілгені ме?

– Бұл өте орынды сұрақ. Шын мәнінде, су – тіршілік көзі, сусыз өмір жоқ. Оны пайдаланбайтын сала жоқ. Ең бастысы, біз судың қорғаушысы және сақтаушысы екенімізді ұмытпауымыз керек.

Мемлекет басшысы 1990 жылдардың ортасынан бастап, біресе Ауыл шаруашылығы министрлігінің, біресе Экология министрлігінің қарамағында болып, өгей баланың күнін кешіп жүрген су шаруашылығы саласы «дертінің» диагнозын дәл тауып, арнайы Жарлықпен республика Су ресурстары және ирригация министрлігін құрды. Өйткені, біз осы кезге дейін суды уысымыздан шығарып алдық, әлі де оған көзқарас бөлек. Осы саланың қызметкері ретінде бұл жаңалыққа біз қуанып жатырмыз.

Өңірде біраз жыл су шаруашылығы саласын басқардыңыз. Облыстағы Жайық-Каспий бассейнінің бүгінгі ахуалы қандай?

– Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары Жайық-Каспий гидрографикалық су бассейнінің аумағында орналасқан. Біздің өңір Қазақстандағы 8 бассейннің ішіндегі ең күрделі, су қоры жеткіліксіз, проблемасы көп бассейндердің бірі. Мұндағы өзендердің сулылығы негізінен климаттық факторларға, яғни қыста қардың, жазда жауын-шашынның мөлшеріне тікелей байланысты.

Жайық-Каспий бассейнінде 10 қала, 33 аудан және 1063 елді мекенде 3 миллионға жуық адам тұрады. Аумағында жалпы ұзындығы 14133 шақырым болатын ірілі-ұсақты 172 өзен бар. Пайдалы су көлемі 1,5 миллиард текше метр болатын су қоймалары мен бөгеттер орналасқан.

Жайық-Каспий аумағының негізгі ерекшелігі мен проблемасы – бассейн суының 77 пайызы Ресей жерінен ағып келеді. Жалпы көрші елде өзендердің жергілікті ағысын 50 пайызға дейін реттейтін, суды ұстап жинақтайтын 315 тоған мен су қоймасы бар. Осыған байланысты Ресей мен Қазақстан Үкіметтері, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері мен көршілес Астрахан, Волгоград, Саратов, Орынбор және Челябі облыстарының губернаторлары мен Башқұртстан Республикасының басшылары арасында тығыз байланыс орнатылуы тиіс. Бұл бағытта біршама жұмыс атқарылып та жатыр. Алайда, өмір сүру мәселесі тұрғысынан алғанда, бүгінгі қатынастар жеткіліксіз. Жайық өзенінің проблемасы әсіресе, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің көбірек араласуын қажет етеді.

Жайықтың жайы жыларман

Жайық-Каспий бассейні бойынша мемлекет басшысының Жолдауында айтылған су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу және қорғау бағытында қандай шаралар қолға алынуы қажет?

– Бұл сұрақ аясында шешімін табуды қажет ететін негізгі бес проблеманы атап айту керек. Бірінші мәселе – соңғы он шақты жылда Жайықтың су қоры көпжылдық орташа көрсеткіштен, яғни 9,46 миллиард текше метрден екі есе азайып кетті. Саланы жетік білетін сарапшылардың пайымдауынша, мұндай тенденция 2030 жылға дейін созылуы мүмкін. Екіншісі – облысаралық су бөлісу мәселесі, үшінші –  облыс ішіндегі су проблемаларын шешу, төртінші – жерасты суларын пайдалану болса, бесінші мәселе – Жайық-Каспий бассейнінде су ресурстарын реттеу және қорғау.

Осыған байланысты, бірінші мәселенің өзін төртке бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, трансшекаралық Жайық өзенінің суын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының жұмысын жандандыру қажет. Оған Қазақстан Үкіметі тарапынан басшылық жасайтын лауазымды тұлғаның статусын республика Су ресурстары және ирригация министрі деңгейіне дейін көтеру қажет. Министр бір-екі рет комиссия жұмысына қатысса, оның басқа жұмыстары ақсай қоймас. Маңызы өте жоғары бола тұра, қазір су ресурстарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Үкіметаралық комиссия жұмысына біздің ел жағынан мән берілмеуі Ресей жағының «сіздерге қажеті жоқ болса, біз де бас ауыртпаймыз» деген көзқарасты қалыптастырып отыр.

Екіншіден, Үкіметаралық комиссия жұмысына Башқұртстанның су мәселесімен айналысатын министрін қатыстыруды Ресей Үкіметінен талап ету керек. Себебі, Жайық өзенінің негізгі бөлігі немесе 47,6 пайызы Башқұртстан жерінен Сақмар өзенімен ағып келеді.

Сондай-ақ әрбіреуінің көлемі 100 мың текше метрден кем емес 64 су қоймасы да Башқұртстан жерінде.

Үшіншіден, Үкіметаралық комиссия жұмысына Ақтөбе облысы әкімінің салалық орынбасарын міндетті түрде қатыстыру керек. Себебі, Жайық өзені суының 22,6 пайызы Ақтөбе облысы аумағындағы Елек және Ор өзендері арқылы толығады. Бұл өзендердің бойында Жайыққа әсер ететін Ақтөбе және Қарғалы атты ірі су қоймалары тұрғызылған. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласы аумағында шала тазартылған көлемі 10 миллион текше метр кәріз суын Елек өзеніне жыл сайын сәуір, мамыр айларында төгу арқылы да Жайық өзені ластанып жатыр. Осыған байланысты Ақтөбе қаласының коммуналдық шаруашылығына пайдаланған кәріз суы 99,9 пайыз тазартылып, Елек өзеніне төгілмей, өндірістік немесе тұрмыстық шаруашылық мақсатында пайдаға асуы керек.

Төртіншіден, Үкіметаралық комиссия құрамында Орынбор қаласы губернаторының экология мәселесімен айналысатын орынбасары да болуы тиіс. Өйткені, Орынбор қаласында, Ақтөбедегі тәрізді шартты тазартылған су ретінде тәулігіне 200 мың текше метр пайдаланған кәріз суы Жайық өзеніне құйылады. Демек мұның жылдық мөлшері – 73 миллион текше метр. Ал, «шартты тазартылған» деп өзенге құйылып жатқан лас судың сапасын өздерінен басқа ешкім де білмейді. Өйткені, жабық нысан болғандықтан ол жерге бөтен адам кіре алмайды. Сондықтан, Жайық өзеніне төгіліп жатқан шартты тазартылған судың сапасын анықтап тексеруге Қазақстан тарапын да қатыстыруға рұқсат беру мәселесін шешсе біз үшін әлдеқайда маңызды болар еді.

Өзіңіз «екінші мәселе» деп атап айтқан облысаралық су бөлісу мәселесі жөнінде кеңінен мәлімет білсек…

– Ақтөбе облысы аумағындағы Мұғалжар тауларынан Атырау жеріне Жем, Ойыл және Сағыз өзендері ағып келеді. Егін және мал шаруашылығын дамыту үшін Ақтөбе облысы осы шағын өзендердің бойындағы бөгеттер мен су қоймаларында суды көбірек ұстап қалады. Қазір көрші облыс өзеннің төменгі ағысындағы елді мекендерді ескеріп отырған жоқ. Атырау облысының Қызылқоға және Жылыой аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуы да, экологиялық жағдайы да осы өзендердегі су көлемі мен ағысына тікелей тәуелді.

Күні бүгін есепсіз және ретсіз салынған қоймалар мен бөгеттердің кесірінен жазды күндері су сағасына дейін жетпейді. Ойыл өзені суының Тайсойған құмына жетпеуіне байланысты аудан халқы тұтынып отырған Тайсойған жерасты суы ашып, тартылып, ішуге жарамсыз болып барады.

Сондықтан, республика Үкіметінің қаулысымен немесе Су ресурстары және ирригация министрінің бұйрығымен әдейі техника-экономикалық негіздеме жасақтау арқылы Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің суындағы Ақтөбе, Атырау облыстарының үлестерін анықтап, заңды түрде бөліп беруді ұсынамын. Бұл облыс әкімдіктері үшін өз үлесі көлемінде есеп жасап, қажет бөгеттерді қалдырып, артығын ерікті түрде бұзуға негіз болады.

Батыс Қазақстан облысы аумағында Жайық өзенінен су алатын Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі жұмыс істеп тұр. Оның бойында облыстың 38 елді мекенінің басын біріктіретін 5 ауданы орналасқан. Халық саны – 156 мың адам. Су жүйесі 9,2 мың гектар суармалы егістік, 87 мың гектар лимандық және 2,15 млн. гектар жайылымдық жерді суландыруға есептелген. Жайықтан жылма-жыл су жүйесіне 500-600 млн. текше метр су алынады. Алайда, соңғы 15-20 жыл бойы су жүйесінің су пайдалану коэффициенті өте төмен, небары 10 пайыздан аспайды. Егістік пен жайылма алқаптары аз, мал саны да көп емес. Соған қарамастан, Жайық өзенінен алынып отырған су көлемі бұрынғыша, 500-600 млн. текше метрден азаймай тұр.

Облыс әкімдігі мен аудан әкімдері бұрынғыша каналдардың суға толып тұрғанын қалайды. Ал, суды тиімді пайдаланып, егістік пен шабындық жерлерді жаңбырлатып суаруға ешкім назар аудармайды. Пайдаланған суға төленетін төлемнің небары 3,5 пайызы ғана бюджетке төленеді. Тиісті құрылымдар балық өсіру, экологиялық мақсатты желеу етіп, Жайық өзенінен суды көбірек алғысы келеді. Одан қалса, Жайық өзенінің суын Ресей жерінен ағып келетін Қара және Сары өзендерге бұруды ойлайды.

Қазіргідей су тапшылығы кезінде су жүйесінің пайдалану мақсатын, режимін, су үнемдеу технологиясын енгізу, каналдарды бетондау және артық су пайдаланғаны үшін бюджетке төленетін төлем көлемін өсіру сияқты кешенді жұмыстарды атқаруды ұсынамын.

–  Облыс ішіндегі су проблемаларын шешу де бірқатар міндет жүктейтіні анық қой…

– Әрине, мұны арнайы атап айтуым да бекер емес, тақырып өте өзекті. Атырау жылу орталығы жылма-жыл Жайықтан Перетаска өзегі арқылы алатын 90 миллион текше метр судың 26 миллионын пайдаланып, қалған 64 млн. текше метрі булану алаңы мен Приморье суландыру жүйесіне ағызылады. Кеңшар кезінде Приморье жүйесіне алынған су мал азығын дайындауға жұмсалса, күні бүгін бұл су далаға босқа ағып жатыр. Сондықтан, Атырау қаласының әкімдігіне Атырау жылу орталығымен бірлесіп, бұл суды қаланың техникалық-өндірістік мұқтаждығына, бетон дайындап, тасжол, көлік жууға, жасыл желекті суаруға пайдалану үшін Атырау жылу орталығынан қалаішілік техникалық су құбырын жүргізуді ұсынамын.

Сондай-ақ «Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалы суару-суландыру жүйелерімен, яғни каналдармен жыл сайын 100 миллион текше метрдің үстінде шаруашылықтарға су шығарып береді. Алайда, бұл судың таза пайдаланатыны небары 33,2 млн. текше метр, қалған 7 млн. текше метрге жуығы каналдарды толтыруға, булануға және жерге сіңуге кетеді. Сондықтан, алыс мал жайылымдарын суландыруға арналған Кобяково–Жанбай, Сборный, Ақсай, Бағырлай, Қурайлысай, 7 ауыл–Айсары, Алғабас–Жорық, Егіз, басқа да каналдарды бетондау немесе су құбырына көшіріп, әрбір 4-5 шақырым сайын су жинақтау қоймаларын салу арқылы қайта жаңғырту, сөйтіп жерден қазылған каналдардан құтылу керек деп есептеймін.

Жылыой ауданындағы мұнай кәсіпорындарының халқын көкөніспен, картоппен, бақша өнімдерімен, ет-сүтпен қамтамасыз ету, мал шаруашылығының жем-шөп базасын нығайту мақсатында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1965 жылғы 2 наурыздағы №166 қаулысымен Атырау облысындағы Аралтөбе суландыру жүйесінің техникалық-экономикалық негіздемесін «Ленгипроводхоз» жобалау институты 1969 жылы жасап шықты. Осы негіздемеде Жем өзенінің суын Ақтөбе, Атырау облыстары арасында бөлісу, Жылыой ауданында 10 мың гектар егістік және 17 мың гектар жайылмалық (лимандық) жерлерді суландыру көзделген. Сол үшін Жылыойдың аумағында Аралтөбе су қоймасын салу қарастырылып еді. Алғашқы жылдары суару-суландыру жүйесінің құрылысы басталып, кейін әртүрлі себеппен құрылыс жұмыстары тоқтап қалған.

Бұл жүйе өзінің маңызын қазір де жойған жоқ. Сондықтан, осы су қоймасының қажеттілігін қайтадан зерттеген дұрыс. Сонымен қатар, Құлсары қаласы мен Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдық округтерінде Жем өзенінің ағысын реттейтін шлюздерді орнатса дұрыс болар еді.

Жерасты сулары азайып барады

– Бүгінде су ресурстарының азайғаны соншалық, бұл мәселе жерасты суларына да кері әсерін тигізіп жатқаны рас. Жалпы, жерасты суының қорын сақтап қалудың қандай жолдары бар?

– Жайық-Каспий бассейні бойынша 4 облыс аумағында барланған 1031,2 миллион текше метр жерасты су қоры бар. Алайда, бұл көрсеткіш облыс бойынша небары 87,2 миллион текше метр. Кеңес өкіметі кезінде облыс бойынша болжамды су қоры 1911,2 млн. текше метрге жетеді деген есеп болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы тапсырмасын құптаймын. Енді қазіргідей жерүсті суының азаюы мен оның сапасының төмендеуіне байланысты жаңадан құрылған министрліктің құрамындағы Гидрогеология қызметі жерасты суын іздестіру және барлау жұмыстарын жүргізгені жөн. Ол үшін Атырау облысының әкімдігі бүгіннен бастап, Су ресурстары және ирригация министрлігіне ұсыныс беруі қажет-ақ.

– Ал, Жайық-Каспий бассейнінде су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жұмыстарын жолға қоюдың жолдары қандай?

–  Республика Су кодексінің 40-бабына сәйкес өңірлерде су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жұмыстарын атқару су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекцияларға жүктелген. Инспекцияға заңды түрде арнайы су пайдалануға рұқсат беру, оның заңды талаптарын бұзған заңды және жеке тұлғаларды тексеріп, әкімшілік шаралар қолдану сияқты қызметтер берілген, яғни құқықтары орасан зор. Алайда, қазір Жайық-Каспий бассейнінде Су кодексінде қаралған міндеттер орындалмай отыр.

Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы – өңірлік орган. Су кодексіне сәйкес, инспекцияның Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында жұмыс жасайтын бөлімдері болуы қажет. Соңғы кезде мемлекеттік органдардың штат санын оңтайландыру кезінде аумақтық органдар сияқты инспекцияның да штат саны едәуір қысқарып қалды. Күні бүгін аталған облыстарда бөлімдер де жоқ. Демек бұл Су кодексі талаптарының орындалмай отырғанын көрсетеді. Ал, инспекция талапқа сай жұмыс істеуі үшін штат саны 27 адамнан кем болмауы тиіс. Әрбір облыста инспекторлардың бір-екі арнаулы автокөлігі болуы керек. Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының бүгінде штат саны небары 11 адам. Мұндай қиын жағдайды Су ресурстары комитетінің басшылығы, Экология министрі де, облыс әкімдері де біледі. Енді жаңадан құрылған министрлік бұл олқылықты түзетеді деп сенемін.

– Соңғы кезде рұқсатсыз су пайдаланушылар көбейіп кетті. Оларды анықтау үшін рейдтік шаралар неге ұйымдастырылмайды?

– Өйткені, рейдтік тексеруге рұқсат жоқ. Қарапайым тұрғындар өзеннен су сорып жатқан адамның рұқсаты бар-жоғын білмейді ғой. Осыған байланысты, инспекцияға хабарламалар мен шағымдар түспейді, сөйтіп заңсыз су пайдалану деректері көбейіп кетті. Заңсыз су пайдаланушыларды, су қорғау белдеулерінде заңсыз құрылыс салып жатқандарды су инспекторлары рейд кезінде ғана анықтай алады. Ол үшін бассейндік инспекцияға рейд жасауға рұқсат берілуі қажет. Мұндай құқықтар берілсе, оларға өзен арналарында салынып жатқан бөгеттер мен су қоймаларын да анықтауға мүмкіндік туар еді. Мұндай рейдтің шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Рұқсаты бар су пайдаланушыларды ешкім де тексермейді. Балық инспекциясында, аңшылық-орман инспекцияларында рейдтік тексерулер күні бүгінге дейін жұмыс жасап келе жатыр емес пе?!

Егер Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары аумағындағы су нысандарының экологиялық және санитарлық жағдайын, су ресурстарын тиімді пайдалануды реттеу және қорғауды жақсартамыз десек, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының штат санын арттырған жөн. Сөйтіп, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әрбіреуінде 5 адамнан тұратын бөлімдер ашу керек. Ал, Атыраудан трансшекаралық мәселемен айналысатын арнайы бөлім ашылса тіптен керемет болар еді. Облыстардағы бөлімдердің арнайы «Chevrolet Niva» автокөлігімен қамтылғаны абзал.

Бассейн аумағындағы жалпы ұзындығы 14133 шақырым 172 өзенді, Ақтөбе облысындағы 153 су қоймасы мен бөгетін, Батыс Қазақстан облысындағы 44 су қоймасын және Маңғыстаудағы 13 су тоғанын жаяу жүріп қарау мүмкін емес. Батыстағы төрт облысқа бір көліктен бөлгенде республика бюджеті ойсырап қалмайтын шығар.

Мемлекет басшысы жаңадан қабылданып жатқан Су кодексіне алға қарай су пайдаланудан гөрі су пайдалануды үнемдеу, реттеу және оны қорғауға көбірек көңіл бөлуді тапсырды. Олай болса, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының жұмысын жолға қою, оның штат санын көбейту, материалдық-техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету, инспекторларға арнайы автокөліктер бөлу, оларды формалық киіммен қамтамасыз ету, компьютерлер мен принтер құрылғыларын жаңартудың кезі жетті. Әйтпесе Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары аумағындағы су нысандары мен олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерін, су шаруашылығы нысандарын, су қоймалары мен бөгеттердің экологиялық-санитарлық жағдайларының сақталуына, олардың қауіпсіз жұмыс жасауына бақылау жасалуына, бассейндік принцип негізінде су ресурстарын кешенді басқару, арнайы су пайдалануға уақытында рұқсат беру, рұқсатсыз су пайдаланушыларды мезгілінде анықтау, жеке және заңды тұлғалардың тарапынан суды пайдалану кезінде су заңдылықтарының сақталуына бақылау жасау су нысандарының мемлекеттік есебін жүргізу, олардың гидрогеологиялық режиміне мониторинг жасау, су пайдалануды реттеу және қорғау жөнінде жергілікті атқарушы және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде халықты хабардар ету секілді республика Су кодексінің 40-бабында қаралған Жайық-Каспий бассейндік инспекциясына жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалмайтыны өзінен-өзі көрініп тұр. Осы мәселелерді жаңадан құрылған еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігі оңынан шешеді деген үміттемін.

Сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз