«Қызыл кітапқа» кірген Каспий итбалығы

xg36t6ibd441 Экология

Айдыннан «қара алтын» өндіруші оператор НКОК компаниясының өткен жылдың қорытындысымен келтірген деректеріне қарағанда, солтүстік Каспий ихтиофаунасына жүргізген зерттеулер балықтың 70 түрін анықтаған. Бұл тұтас теңіздегі су маржандарының жартысынан көбі екен. Демек, олар қазақстандық бөлікті әбден мекендеп алған. Бұған бағалы бекірені қосыңыз.

Сонымен қатар, құстардың 280 шамалы түрі ұшырасады. Олардың бірқатары Еуразиядан Африкаға және Үндістанға ұшатындар. Осында қонақтап, біраз демалған соң, әрі қарай жолын жалғастырады. Теңіз бен оған құятын өзендердің жағалауына ұя салып, тұрақтап қалатындары да кездеседі. Бұлар қамыс қопаларына қыстап шығады.

Ал, Каспий итбалығы ше? Олардың саны өткен ғасырдың басында бір миллионнан асса, 2005-2012 жылдары небәрі 150 мың болған. Қазір айдын айналасындағы бес мемлекетте оны аулауға тыйым салынған. Соның нәтижесінде итбалықтар саны 280-350 мыңға жеткендігі жөнінде дерек бар.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Әрине, теңіздегі жануарлар әлемінің тірлігіне мұнда болатын табиғи өзгерістер де әсер етеді. Әсіресе, ауа райының жылынуы салдарынан берік мұздың құралмауы итбалық күшіктері жатақтарының кемуіне соқтырады. Ал, оның соңы, әрине, бұларды жаппай қырғынға ұшыратады. Айдын астындағы табиғи өзгерістер бағалы ғана емес, жәй балықтар тірлігіне де қолайлы емес.

Енді бұған теңіз түбін тереңдету жұмыстары қосылғалы отыр. «Дөңгелек үстел» барысында орынды айтылғанындай, су астында пайда болар үйінділер балықтарды үйреншікті жолынан жаңылдырады. Бәзбіреулер бірер шақырым айналып өтетіндігін айтады. Бос сөз! Олар алған бетінен бұрылмайды. Қызыл балықты білесіз бе? Бекіре емес, су жануарларының бір түрі. Міне, сол уылдырық шашатын жеріне жету үшін мыңдаған метрді артқа қалдырады екен. Жолында небір қиындықтар кездессе де, тура бағытынан қайтпайды. Солай. Ертең мына жерде де олар маңдайын тасқа соққандай күй кешеді. Итбалықтар да қиналады. Олардың итшілеген тірлігіне онсыз да ғалымдар дабыл қағуда. Климаттың күрт жылынуы теңізде мұз қалыптасуына қиындық тудыруда. Енді қолдан жасалған кедергіні қайтер екен? Ақырында, бекіре бері өте ала ма?

Біз тереңдету жұмыстары жүріп жатқан жерге жақындай алмадық. Арнайы қоршаудың сыртын айналып өттік. Ал, қуатты қондырғылардан шыққан дауыс құлақ тұндыруы мүмкін-ау. Бұдан балықтар безіп кетеді ғой. Ертеде орыс көпестері де науқан кезінде Жайықтан кеме жүргізбеген. Бұл жәй жобалаушылардың жадынан шығып кеткен тәрізді. Өйткені, обалы не керек, НКОК компаниясы атқарушы директорының орынбасары Ермек Марабаев оны ескеру керектігін айтты.

Сайып келгенде, Қашағанды игеру барысында қаражатты үнемді жұмсау – Қазақстанға да тиімді. Солтүстік Каспий жобасында отандық «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 16,88 пайыз үлесі бар. Демек, мұнда қаншалықты қымбат шаруа қолға алынса, еліміз де соншалықты қаржы шығындап отыр. Осы орайда, оператордың әзірге тереңдету жұмыстарына тоқталғанын қолдауға да болар еді. Оның үстіне, сөз жоқ, іс басталғанша жан-жақты зерттеу шаралары жүзеге асырылғаны ақиқат. Соған сәйкес, биылғы ақпанда рұқсат берілген. Ал, 4 маусымда теңіз түбіне бастапқы түрен салынды. Жоспар бойынша барлық жұмыс алдымыздағы жылдың соңында толық аяқталуы тиіс.

Жергілікті белсенділер бұл жерден де шикілік тапқандай еді. Солтүстік Каспий алқабында өте сирек кездесетін жануарлар мекендейтіндіктен, мұнда сәуірдің ортасынан қазанға дейін ешқандай жұмыс жүргізілмеуі керек. Кеңестік кезде қалыптасқан бұл қағида тәуелсіз Қазақстанға да тән. Ендеше, тереңдету шарасы неге маусымның басында басталған? Сөйтсек, НКОК компаниясы атқарушы директорының орынбасары Ермек Марабаевтың айтуынша, қазылатын жер «Ақ Жайық» резерватынан тыс екен. Демек, тыйым салынған аймаққа кірмейді. Яғни, ешқандай заң бұзушылық жоқ. Оның үстіне, алдымыздағы 15 қарашадан келесі көктемге дейін жұмыс уақытша тоқтатылады. Әрине, мұның балықтар тіршілігін қорғауға ешқандай қатысы жоқ. Сірә, осы аралықта мұз қатып, одан әрі қазуды жалғастыру мүмкін еместігінен болар.

Бірақ, бәрібір, айдын астынан алынатын 1 млн. 124 мың 200 текше метр топырақ ізсіз кетпес. Ұзындығы 56 шақырымдық тереңдетілетін аралықта әйтеуір бір өзгеріс болатыны сөзсіз. Зерттеу шараларын жүзеге асырған ғалымдар теңіз топырағынан жиналған және жайғастырылған суасты үйінділері бекіре балықтарының өрістеу мен қоңдану жолынан тыс жатқанын айтқанымен, түбі қатер туындауы әбден ықтимал. Бүгінде НКОК компаниясы оларды табиғи түрде өсіріп жатқан зауыттарға қолдап көрсетіп жүргенімен, мына жұмыстан соң нәтижесі де нашар болуы мүмкін.

Жалпы, су астындағы тіршілік өзара сабақтас. Мәселен, мұнда жасалып жатқан жұмыс балықтарға тікелей қауіп төндірмейді дегенде, олардың қоректену ортасы бар емес пе? Егер сол жаппай құрыса, онда балықтар да аштан өледі. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, НКОК компаниясы 2038 жылға дейін теңіз деңгейінің өзгеруіне қатысты болжамды деректерді жарияламаған. Ал, бұл – Солтүстік Каспий жобасы бойынша келісім аяқталатын уақыт. Шындығында, содан соң не болады? Инвестор кетер, біз қалармыз. Сонда айдын нендей күй кешеді? Ертеңгі күні оны қалпына келтіруге қазір мұнайдан табар табысымыздан да көп қаражат жұмсамаймыз ба?

Әйтсе де, іс басталып кетті. Оны белсенділер канал атағанымен, компания өкілдері бұл сөзді аузына алған жоқ. Рас, бірер құжатты көрініс береді. Сонымен, бұл – жәй ғана теңіз түбін тереңдету шарасы. Осы орайда айта кетер тағы бір мәселе – Қашаған кенішін игеру қолға алынғанша оған кеме қатынамағаны. Яғни, тыңнан түрен Солтүстік Каспий жобасы басталған соң салынды. Бүгінде бірнеше компанияның басын біріктірген іргелі консорциумның өмірге келгеніне ширек ғасырдан асты. Содан бері кен орнына қатынас негізінен су құралдары арқылы жүзеге асырылып келеді. Ірі жабдықтарды жеткізу, өндіріс қалдықтарын алып кету солармен тындырылады. Мұның бәріне тікұшақтарды қолдану мүмкін емес.

Енді, біздің естуімізше, Баутино портының төңірегі де тайызданып  жатқан көрінеді. Одан шыққан кемелер айналма жолмен кенішке дейін бір тәулікке жуық жүзеді. Демек, келешекте теңіздің Маңғыстау жағалауында да проблема туындауы ықтимал. Сонда қазіргі қазылған орынның келешегі қандай? Каспий түбіндеғі желқума толқындардың күштілігі жөнінде ғалымдар айтып жүр. Рас, айдын астынан алынатын топырақ оның екі жағына берік бекітіледі. Алайда, бұл сенімді қорған болар ма екен? Оның үстіне, теңіз тартыла берсе ше? Осы орайда Парламент депутаты Дүйсенбай Тұрғанов НКОК жасап жатқан жұмысқа «Егер таяудағы 4-5 жылда теңіз деңгейі қайтадан осындай қарқынмен төмендей беретін болса, арналарды қосымша тереңдету жұмыстарын қайта жүргізу қажеттілігі туындамай ма?» деп күдік келтіруі тіпті орынды.

Әйтсе де, мына жәйді де естен шығармалық. Теңіздің төмендеуі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары да тіркелген. Ал, кейінгі кезеңдерде арнасынан асып, жағалауына жайылған. Тіпті кейбір елді мекендерге су басу қаупі төнген. Табиғатта еш нәрсе де жоғалмайды. Сондықтан, Каспий де келешекте қалпына келуі әбден ықтимал. Сонда қазіргі тереңдетілген жер де жайына қалады. Тек сол күн қашан туады? Ол үшін айдынға құятын Еділ мен Жайық, өзге де өзендер сарқылмауы шарт. Бүгінде, мәселен, Жайық жәйі Ресеймен арадағы ең өзекті мәселеге айналған. Түбі шешілер.     

Рас, әділін айтқанда, НКОК компаниясы Каспий итбалықтарын зерттеу жұмыстарымен жүйелі шұғылданып келеді. Ғалымдарды тартуда. Айдын үстін әуеден бақылау жүргізіледі. Мәселен, биылғы жыл басында мұз бетінде 185,6 мың итбалық тіркелген. Алайда, қоғамдық ұйымдар өкілдері инвестор қаржыландырып отырған ғылыми ізденістерге күдік келтіреді. Дегенмен, мұндай сенімсіздікке салыну да дұрыс емес. Қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын сол жердің экологиясына өз қаражаты есебінен мониторинг жасауы тиіс. Сондықтан, бұл тұрғыда заң бұзушылық жоқ. Тек алынған тың деректер көпшілікке қолжетімді болғаны жөн.

Ақырында, айдын айналасындағы мемлекеттер басшылары қол қойған құжатта теңіздің биологиялық ресурстарын қорғауға, сақтауға, қалпына келтіруге, сондай-ақ ұтымды пайдалануға ерекше назар аударуы керектігі айтылған. Демек, бәріне де Каспий түбіндегі жұмыс салдарынан оның ластануын болдырмау және бұл бағытта бақылау шараларын өрістету міндеті жүктелген. Біздің жағдайымызда оны НКОК компаниясы мүлтіксіз орындауы шарт.

P.S. Сонымен, Каспийге кезекті саяхат осындай ойларға жетеледі. Көзге ұрып тұрған кемшілік көрмесек те, теңіз тағдыры тағы таразыға тартылғанын бағамдадық. Табиғи өзгерістер салдарынан онсыз да түбі тайызданып, аумағы кеміп жатқан айдынға артық салмақ салынбағанын қаладық. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтқандай, өндіріс болған соң қоршаған ортаға аз-кем зиян келтіріледі. Бірақ соны барынша кеміту – бүгінгі басты міндет. «Дөңгелек үстел» үстінде айтылған әңгімеден түйгеніміз де сол.

                                                                                

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

   журналист

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз