Жарнама
Экология

Шегіртке қаптады: Видеоға қатысты маман жауап берді

Соңғы күндері әлеуметтік желіде «облыстың Құрманғазы ауданында шегіртке қаптап кетті» деген ақпарат кеңінен тарады. Оны таратушылар тіпті бұл туралы бейнежазбаны да желіге жүктеп қойыпты. Әрине, мұның өзі атыраулықтарды алаңдатып, жергілікті тұрғындарды үрейлендіргені де шындық. Мәселенің мән-жайын Ауыл шаруашылы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Шұғайыповтан білдік.

Оның түсіндіруінше, бұл бейнежазба біздің өңірдің емес, көршілес Астрахан облысының аумағында, дәлірек айтқанда, Қалмақ Республикасымен шекаралас жерде түсірілген. Сондықтан, тұрғындардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ.

– Дегенмен, қауіп қайдан дерің бар ма? Мұндай жағдайды болдырмау үшін жылдағы дәстүрге сай биыл да жоспарлы профилактикалық жұмыстар жасап жатырмыз. Атап айтқанда, өсімдіктерді қорғау бөлімінің мамандары осы бағыттағы шараларды шегірткемен күресуге мүдделі мекемелермен, өзге де құрылымдармен бірлесіп жүргізуде. Мәселен, 2023 жылы үйірлі және саяқ шегірткеге қарсы 28,2 мың гектар аумақта (оның 5,6 мың гектары – итальян прусына, 22,6 мың гектары – азиялық шегірткеге) химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу болжанған еді. Өңделуге жататын осынша алқаптың 26,4 мың гектарын аса жеңіл авиация дельталеттермен және 1,8 мың гектарын  жерүсті тәсілі арқылы желдеткіш бүріккіш техникасымен қамту межеленді. Құрманғазы ауданында 20,3 мың гектар азиялық шегірткеге, 4,8 мың гектар итальян прусына қарсы, Исатай ауданында 1,8 мың гектар азиялық шегірткеге, 0,8 мың гектар итальян прусына, Атырау қаласында 0,5 мың гектар азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеуден өтіп, күні бүгінге межеленген жұмыстар  аяқталып, бұл мақсатқа бөлінген бюджет қаражаты толығымен игерілді, — деді ол.

Инспекция басшысының мәліметінше, химиялық  өңдеу жұмыстарына «АвиаСила» және «Магтоксин» ЖШС-терінің мамандары мен техникалары тартылып, «вантекс», «мкс» және «карат супер к.э.» тәрізді тиімділігі жоғары препараттар қолданылған. Жоспарланған іс-шаралардың жүйелі де кестеге сәйкес атқарылуын қамтамасыз ету үшін бұл жұмысқа облыстық, қалалық, аудандық аумақтық инспекциялардың мемлекеттік инспекторлары, «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ облыстық, аудандық филиалдарының мамандары және науқандық жұмысқа алынған 12 анықтаушы мен 11 автокөлік,  дельтаплан операторлары – барлығы 79 адам мен 21 техника жұмылдырылыпты.

Мәселеге орай қосымша түсінік берген  облыстық аумақтық инспекцияның өсімдіктерді қорғау жөніндегі бөлімінің басшысы – бас инспектор Әбила Қазиеваның сөзінше, 5 шілдеде бұдан бірер күн бұрын Қалмақ Республикасының жерінен қанаттанып көтерілген шегірткелер үйірі Астрахан облысының Лиман ауданына келіп жеткен. Әлеуметтік желідегі бейнежазбаның сол аумақтан түсірілгені анықталды. Мұны «Россельхозцентр» федералдық мемлекеттік басқармасының (ФГБУ) өкілдері де растап отырған көрінеді. Дегенмен, жұртшылықтың дүрлігуіне себеп болған жайттың бірі – үйірлі шегірткенің ғарыштан түсірілген картасының да бейнежазбамен бірге әлеуметтік желіге жүктелуі екенін де ол ашық айтты. Шындығында, бұл жағдай орын алған алқап Құрманғазы ауданының аумағынан әлдеқайда қашық екен.

Әрине, тап қазір төніп тұрған қауіп жоқ десек те, шөп-шаламның – шегірткенің кез-келген сәтте бас көтеруі ықтимал екенін де естен шығармаған абзал. Сондықтан, бүгінгі таңда шегірткетектес немесе шегірткетұқымдас зиянкестердің қанаттанып ұшу, жұмыртқа салу кезеңіне талдау жұмыстары жалғасып жатыр. Жылдағымен салыстырғанда биылғы жағдай ерекше. Олай деуге себеп те жоқ емес. Шегірткетектестердің биологиялық ерекшелігіне сәйкес, әрбір 11-12 жыл сайын қайталанып отыратын сан мөлшерінің «шарықтау шегі» 2023-2024 жылдарға сәйкес келіп тұр.

Осындай ақпараттарды алға тартқан өсімдіктерді қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор Әбила Саламатқызының айтуынша, облыстың Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Жанқала, Бөкей Ордасы, Ақтөбе облысының Ойыл аудандарымен, сонымен қатар Ресейдің Астрахан облысымен шектесетінін ескерсек, онда өңірдің фитосанитариялық ахуалды тұрақсыз деп бағалауға болады екен. Өйткені, желдің бағытымен ыққа қарай үйірімен ұша жөнелуге бейім тұратын шегірткенің шекара талғамайтынын, сол себепті одан сақтанудың артығы жоқтығын еске салды маман. Және бір қаперде ұстайтын жайт, зиянкестер егінді жеп, «жасыл желекті» отамас бұрын жұмыртқалауға, яғни дернәсілін тастауға ыңғайлы жер іздейді. Шегіртке сол күбір тәрізді дернәсілден көбейетін көрінеді.

«Сондықтан, шаруашылық құрылымдары мен тұрғындар сол аумақтан шегіртке үйірін байқаған бойда жергілікті жердегі сала мамандарына дереу хабарлап, қауіпті жағдайдың алдын алуға септессе, нұр үстіне нұр болар еді» деп түйіндеді ойын маман.

Түсінгеніміз, дәл қазір зиянкестерге қарсы улау, яғни химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмейді. Тек олардың қонған жерінің аумағы анықталып, келесі жылы атқарылатын шаралардың жоспарына енгізіледі екен.

Бүгінгі таңда Қызылқоға ауданының Көздіғара, Ойыл, Жангелдин ауылдық округтерінде және Құрманғазы ауданының Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты Қарағайлы жайылымында итальяндық прус шегірткесі ұша бастапты. Демек, бұл келер жылы осы аймақтарда химиялық өңдеу жұмыстарын жасау керек деген сөз.

Сондай-ақ, биыл облыс бойынша, тіпті қала маңында да саяқ шегірткелердің күтпеген жерден көбейіп кету қаупі төніп тұрған сыңайлы.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, Исатай, Махамбет аудандарының аумағында «қызылқанат» шегіртке таралыпты. Қазір осы алқаптарды залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button