Еділ-Жайық каналы

edilzhaulаймақты су тапшылығынан құтқара ала ма?

Бүгінгі таңда әлемде су тапшылығынан екі миллиондай адам зардап шегуде. Қазақстан тұрғындары әзірге бұндай топ құрамына кірмейді, бірақ та болашақта 2020-2030 жылдарға қарай ғалымдардың болжамды зерттеулері бойынша республикада су бассейндері ресурстарының жағдайы күрделене түсуі әбден мүмкін. Қазақстанда, әсіресе, Ресейдің іргелес аймақтарына қарағанда су ресурстары тапшы екені белгілі. Мамандар бүгінде трансшекаралық Жайық, Сырдария, т.б. өзендердің бассейндерінде күрделі жағдайлар қалыптасып келе жатқанын айтуда.

Әсіресе, Жайық өзенінің өзекті мәселелері кешенді табиғи, антропогендік және техногендік үрдістермен де байланысты болып отыр. Өзен арнасының тайыздалуы мен оның гидрологиялық режимінің нашарлауына соқтыратын қайраңдар пайда болуы да үлкен мәселе.
Жайық өзенінің табиғи экожүйесінің тозуына оның су, өсімдіктер, жануарлар мен балық ресурстарын пайдаланатын шаруашылық қызметтері де өзіндік әсерін тигізуде. Елді мекенді жерлердегі жағалаулары мен су алатын алаңдар да, тасқын кезінде өзенге шайылатын қалдықтар да ерекше маңыз аударатын жағдайлар. Бүгінде өзен суы азайғандықтан, ондағы кемелер қозғалысы әсіресе жоғарғы жақта тоқтап қалды.
Өзен мен аңғарлардың суының азаюына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің бұзылуына рұқсатсыз ағаштар кесу және өзен маңындағы далалық өрттер де әсер етуде.
Шекара аумақтық Жайық өзені Қазақстан ғана емес, Ресейдің де ерекше мемлекеттік маңызды, негізгі су күретамыры болып табылады. Тіпті одақтық мемлекет кезінде де осылай болған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.01.2004 жылғы №159 қаулысымен «Ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандары тізбесі мен ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының шаруашылық қызмет режимін құқықтық реттеу ерекшеліктері» бекітілген еді. Өкінішке орай, Жайық өзені осы аталған құжаттағы өлшемдерге сәйкес келсе де, ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарына жатқызылмаған, осыған байланысты оған әлі өз дәрежесінде көңіл бөлінбей келеді.
Жайық өзені Қазақстан мен Ресей Федерациясының әлеуметтік экономикасында аса маңызды орын алады. Жайық өзенінің ландшафтты-экологиялық жағдайын және су кешенін қалыпқа келтіру мен сақтау басты міндет. Жайық өзенінің көп ғасырлық бай тарихы біздің ұрпақтар үшін жоғалмауы керек. Оны екі ел – Ресей мен Қазақстан бірлесіп ойластыруы тиіс. Осы ретте мемлекетаралық екіжақты келісім-шарты жасалған, комиссия да құрылып еді. Осыдан бірер жыл бұрын Орынбор қаласында екі ел үкіметтік деңгейде Жайық өзенінің өзекті мәселелерін қараған да болатын. Әйтсе де әлі нақты шаралар алынбай келе жатыр. Міне, биыл ғана сең қозғалғандай болды.
Жақында Астанада өткен алқалы жиында ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрi Ерлан Нысанбаев Жайық өзенінің су деңгейiн сақтау мақсатында оған Едiлдiң бiр саласын қосуды ұсынды.
«2,5 мың шақырымға созылған Жайық өзенiнiң Қазақстан мен Ресей экономикалық iрi аудандарындағы рөлi аса зор. Өзеннiң тартылуы Каспий теңiзiнiң солтүстiк аумағындағы экожүйеге және биоресурстардың сақталуына үлкен әсер етедi. Әсiресе, өте сирек кездесетiн бекiре тұқымдас балықтардың жоғалып кету қаупi бар. Жайық суының 78 пайызы Ресей аумағында толысады. Сондықтан өзеннiң төменгi сағасында орналасқан Қазақстанның су ресурстары шекаралас елден келетiн су көлемiне байланысты болып отыр.
Талдау көрсеткенiндей, Жайықтың су ағыны соңғы жылдары күрт төмендеген. Бұл өз кезегiнде шекара маңындағы аймақтардың экономикалық дамуына, әсiресе экологиялық жағдайына керi әсерiн беруде. Жайықтың суы жылына 5 текше шақырымға азайып отырады. Бұл ең төменгi шек, осы шектен түсетiн болса, аймақта зардабы жойылмайтын экологиялық өзгерiстер орын алып, аталған жағдай үлкен апаттық салдарға алып келедi», – деген едi Е.Нысанбаев Астанада өткен «Трансшекаралық Жайық өзенi бассейнiнiң өзектi проблемалары және оларды шешу жолдарының мүмкiндiктерi» атты конференцияда.
Оның айтуынша, қазiргi уақытта Ресей аумағында Жайық өзенi бойында жалпы көлемi төрт мың текше метр болатын үш iрi су жинақтау қоймалары бар. Су деңгейiнiң жыл санап төмендеуiне үлкен әсер етiп отырған да – солар.
«Орын алып отырған мәселенi шешу үшiн Жайықтың нақты жағдайын анықтау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргiзiлуi шарт. Сонымен қатар, Жайық өзенiн реттеуде Қазақстан мен Ресей елдерiнiң бiрлескен iс-қимылы қажет. Жайық өзенi бойындағы Ресейдiң Ириклинское және Башқұртстан аумағында бiрқатар су қоймаларын, сондай-ақ Ақтөбеде су жинақтау нысанын салар алдында су көлемiнiң есесiн қайтару мақсатында Едiл өзенiнiң бiр саласын Жайық өзенiне қосу жоспарланған болатын. Осы сұраққа қайта оралуды ұсынамын», – деп атап өткен болатын вице-министр.
– Жалпы бүгінде біз Жайық өзенінің экологиялық жағдайын аса қауіпті деп бағалап отырмыз. Астанада өткен жиында Орынбор облысының сыртқы байланыстар министрі Виктор Шориков осындай мәлімдеме жасаған еді.
Оның хабарлауынша, Ресейдің Орынбор облысы экологиялық жағдайы аса қиын аймағына жатады. «Биыл мұнда атмосфераға шығарылған зиянды заттардың жалпы көлемі 923,8 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 11 пайызға артық. Бізде дұрыс тазартылмаған сулар қоймаларға төгіледі. Соның салдарынан ауыз судың тапшылығы да барынша байқалады. Орынбор облысының басты су артериясы – Жайық өзені ластанып жатыр. Біз оның экологиялық жағдайын аса қауіпті деп бағалап отырмыз», – деді В.Шориков. – Біз Қазақстан мен Ресей арасындағы Жайық трансшекаралық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша үкіметаралық келісімді алдағы қыркүйек айында рәсімдеуді ұсынамыз» – деген еді ол.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы Жайық трансшекаралық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша үкіметаралық келісімдер көп мәселені шеше алады. «Осыған орай, біз ағымдағы жылы қыркүйекте Екатеринбор қаласында екі ел президенттерінің қатысуымен өтетін аймақаралық форумда аталған құжатты рәсімдеуді ұсынамыз. Осыдан кейін үкіметаралық комиссияның толық құрамын жасақтап, желтоқсан айында бірінші отырысты өткізуге болады», – деп атап көрсетті В. Шориков.
Әрине, осынау белгіленіп отырған үлкен жұмыстарды шындап қолға алмайынша, Жайық өзенінің экологиялық жағдайы түзелуі мүмкін емес.
Кеңес үкіметі уақытында, елуінші жылдары-ақ Еділ өзенінің бір тармағын канал қазу арқылы Жайыққа қосу мәселесі басталған да болатын. Жалпы, Жайық өзені Еділ мен Дунай өзендерінен кейін Еуропада үшінші орын алады. Оның ұзындығы – 2400 шақырым. Днепрден 200 шақырымға ұзын. Ол Азия мен Еуропаны бөліп тұрған шекаралық өзен, бағалы бекіре тұқымдас балықтың мол қоры өсетін, қара уылдырығын шашатын су жайылымы. Сондықтан да оны сақтау, ұлғайту мәселесіне Кеңес үкіметі кезінде үлкен мән берді.
Еділ өзенінің бір тармағы суы Жайыққа құйылатын канал құрылысының жобасы 1952 жылдан бастап іске аса бастады. Бұл кезде Еділ-Дон каналы құрылысы біткен болатын.
«Аргументы и факты-Волгоград» газетіне берген сұхбатында «Гидропроект» институты Волгоград филиалының бұрынғы геологі Николай Самусь айтқандай, Еділ-Жайық каналы алғашқы кезеңде шығысқа қарай далалық алқапты суландыруға арналды. Ол кемелер жүруге арналмады. Сол кезеңнің дәстүрі бойынша канал құрылысында Ахтубинск еңбекпен түзеу лагерінің 20 мың сотталған адамы жұмыс істеді. Олар – негізінен қылмыскерлер. Саяси, яғни «халық жаулары» деп аталған азаматтар еді.
Канал құрылысы қарқынды жүріп келе жатқан еді, алайда Кеңес Одағының басшысы болған Иосиф Сталин 1953 жылы 5 наурызда қайтыс болған соң бұл құрылыс кібіртіктеп қалды. Ақыры 1953 жылы 21 наурызда сол кезде одақтың ішкі істер министрлігін басқарған, әрі СССР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болған Лаврентий Берия үкіметке канал құрылысын тоқтату туралы ұсыныс хатын жібереді. Өз хатында Лаврентий Берия таяу жылдарда бұл канал құрылысының халық шаруашылығы үшін маңызды еместігін, бұл жұмысты қысқарту арқылы металл, құрылыс және басқа техникалық материалдарды, жабдықтарды, сондай-ақ жұмысшы күштерін үнемдеуге болатынын айтқан.
Сталин өлгеннен кейін Берия елде жоғары билікке жету үшін арпалысты. Елде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірқатарының істерін қайта қарады, амнистия жүргізді, кейбіреулерін кері соттап, елді астан-кестен етті.
Тарихи деректерге сүйенсек, Берияның хатында мынадай мәліметтер келтірілген: Еділ-Жайық каналы бойынша жұмыстың жалпы сметасы 3,7 миллиард рубль көлемінде жоспарланған. Ал, 1953 жылдың наурыз айының басына оның 13 миллион рублі игерілген.
Ал, Берия қамауға алынған соң оның бастамасын Кеңес үкіметінің жаңа басшылығы да қолдады. КПСС Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің қаулысымен Еділ-Жайық каналы құрылысы тиімсіз деп танылып тоқтатылды.
Кейінірек бұл өзекті мәселе 60-70-ші жылдары Мәскеуде бірнеше рет қайта қаралды. Еділ бойының кеңістік алқаптарын суландыру міндетін 1967-1972 жылдары тұрғызылған Алексеевск атындағы Саратов каналы ішінара шешті деуге болады. Бірақ бұл жерде оны Жайық өңіріне қосу мәселесі сөз болмады.
Жайық өзені суын толықтырып, далалық алқапты суландыру мәселесі патшалық Ресейді қай кезде де толғандырды. Тіпті, ХVІІІ ғасырдың өзінде орыс экономисі, саяхатшы, әрі жазушысы Петр Рычков Орынбор жеріндегі өзеннің тартыла бастаған жағдайына қатты алаңдағанын жазған.
1970 жылдардың ортасында-ақ Жайық өзенінің суы едәуір деңгейде тартылып келе жатқаны, ал бұл басты байлығымыз – бекіре тұқымдас балықтардың мұнда уылдырық шашуға Каспий теңізінен кіре алмай жатқаны көтерілген де болатын. СССР-дің тарағанынша өзендерді, әсіресе, Жайық өзені бассейнінің табиғи ресурстарын қорғау мәселелерімен арнайы республикааралық комитет айналысты. Жайық-Каспий экологиясы департаменті Батыс Қазақстандық филиалы бас маманы Владимир Хонның айтуынша, Кеңес үкіметі кезінде Жайық өзені суын егістік алқапты суаруға тікелей рұқсатсыз алуға тыйым салынды. Егістіктерге, суландыру алқаптары үшін арнайы вантолық каналдар қазып, солардан су алынды.
Ал, 1991 жылдан кейін өзен иесіз қалды деуге болады. Сондықтан, одан су алу бақылаусыз қалды. Тек Ресей аймағында Жайық өзені бойында 300-ден астам ірілі-ұсақты гидроқондырғылар тұрғызылған. Әрі соңғы жылдары климаттық жағдайдың өзгеруі, қыста қардың аз түсуі, жазғы құрғақшылық өзен суы деңгейінің күрт төмендеп кетуіне әсер етуде. Жағдай тап осылай бола берсе, алдағы жиырма-отыз жылда Жайық өзенінен де айырылып қалу қаупі бар екенін қазірдің өзінде эколог-мамандар батыл айта бастады.
Жайықты апаттан құтқару үшін Еділ өзенінің суын пайдалану мәселесі Астанада жақында «Трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің өзекті проблемалары және оны шешу жолдары» деген тақырыпта өткен «дөңгелек үстелде» өте орынды көтерілуі үміт отын жандырғандай болды. Мұнда Қазақстан жағынан қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қапаров, оның орынбасарлары, Парламент депутаттары белсене қатысты. Ал Ресей делегациясын РФ Табиғат қорғау министрлігінің халықаралық ынтымақтастық департаменті директоры Нұритдин Иманов бастап келді. Сондай-ақ, Орынбор, Саратов облыстары әкімшіліктерінің өкілдері өзеннің өзекті мәселелерін ортаға салды, енді сол ұсыныстар аяқсыз қалмаса екен дейміз…
Еділ-Жайық каналын тұрғызу екі елге де, екі халыққа да тиімді болмақ. Жайықтың суы молайса, оны пайдаланып отырған екі елдің де ырысы артады.
«Су бар жерде ну бар» демей ме халқымыз. Егер Еділден Жайыққа дейін канал тартылса, оның бойына ну орман-тоғай орнап, ел егін егіп, азық-түлік молшылығы жасалары сөзсіз.
Су ресурстарын пайдалану-ды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Ғалидолла Әзидуллиннің бізге берген мәліметінше, соңғы жиырма жылда Жайыққа келер ағыс су жылына орта есеппен 7,7 текше шақырым. «Орташа көпжылдық деңгей бойынша ағыс су келуі 1,5-2 есеге дейін азайып кетті. Ал, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында халық саны бір миллионнан асып барады. Енді өзен суын әртүрлі мақсатқа пайдалану деңгейі алда әлі де көп мөлшерде артады деген сөз», – дейді Ғ.Әзидуллин.
Әрине, Астанада Жайық және басқа трансшекаралық өзендердің өзекті мәселелерін талқылаған конференция өткір жайларды қозғағанмен, нақты шешім әлі алынған жоқ. Енді үлкен үміт Қазақстан мен Ресейдің үкіметаралық комиссиясының трансшекаралық өзендердің өзекті мәселелері жөніндегі Атырау қаласында 24-25 шілдеде өтетін мәжілісінде. Мұнда Еділ-Жайық каналы құрылысы жобасы төңірегіндегі нақты ұсыныстар тағы да айтылып, көтеріледі және шешімді шаралар алынады деп сенеміз. Қалай болғанда да Еділдің бір тарауын Жайыққа қарай бұру үкіметтік деңгейде оңды шешілуі үлкен игіліктің бастауы болмақ.

Ермек БИҒАЛИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз