Жарнама
Экология

Сасық иістен құтылатын күн бар ма?

2025 жылы облыс орталығының оң жақ бөлігінде «квадрат» булану алаңының қасынан кәріз суын тазарту қондырғысы салынады. Осылайша, жел тұрса, қала тұрғындарының қолқасын қабатын сасық иістен құтылатын күн тумақ. Мамандардың айтуынша, бұл аумаққа тал егіліп, айнала жасыл желекке оранады. Бұл жобаларды шаһардың оң жағалауына тазарту қондырғысының құрылысын жүргізген «Павлодар өзен порты» ЖШС жүзеге асырмақ. Жуырда бақ өкілдері «Квадрат» булану алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып қайтқан болатын.

Иә, алыстан «мен мұндалайтын» алаңға жақындағанда жағымсыз иіс тіптен күшейе түседі екен. Біз ашық «айдынға» бір шақырым жол қалғандаақ «хош иісті» сезе бастадық. Осы кезде аумаққа жақын орналасқан Сарыөзек ауылы тұрғындарының жанайқайын жете түсінгендейміз. Кәріз суларының сасық иісі бас айналдырып, жүректі айнытады. Атырау қалалық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбеталиевтің айтуынша, жобаның құны 18,2 млрд. теңгеге бағаланған. Ал, булану алаңына 7,8 млрд. теңге қажет. Бұл қаражаттың 10 пайызы жергілікті, қалғаны республикалық бюджет есебінен бөлініп отыр. Қазір «Квадраттың» арнайы құбырларынан шыққан қою және ашық түсті сұйықтықтар булану тоғанына құйылуда. Мамандардың айтуынша, облыс орталығының 1977 жылдан бері оң жақ бетіндегі үйлердің кәрізінен шыққан ағынды сулар осында келіп құйылады. Бұл аумақтан жағымсыз иістің шығу себебі де сондықтан.

«Павлодар өзен порты» ЖШС жоба жетекшісі Дидар Әліповтың айтуынша, жалпы көлемі 574 гектар булану тоғанының 398 гектары тазалауды қажет етеді. Мұнда булану алаңының түбін тазартатын төрт арнайы құрал жұмыс істеп тұр. Тоғанның тереңдігі кейбір жерлерде 60 сантиметр болса, енді бір жерде ол 3 метрге дейін жетеді. Бір аумақта 45 сантиметр болса, енді бірінде 95 сантиметр. Әрбір бөлік түрлі тереңдікке қарамастан улы заттардан тазартылады. Бүгінде тәулік бойы лас су төгілетін тоғанның астын жинау үшін арнайы алаң бөлінген. Ал, тазартылған су сүзгілер арқылы алты арнайы биоплатаға түседі. Содан кейін тазартылған су қайтадан буландырғыш тоғанға құйылады. Жоба бойынша барлығы 1,7 миллион текше метр зақымдалған төменгі қабат жуылады. Ағынды сулардың құрамындағы улы заттарды жою үшін целлюлозаға темір хлориді қосылады. Кейіннен бұл жер кептіріліп, орнына тал егіледі екен.

Ал, жолдың оң жағында техника, бетон блоктары, болашақ резервуарлардың қаңқалары және тағы басқа құрал-жабдықтармен қамтылған үлкен құрылыс алаңы бар. Мұнда экскаваторлар қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мердігер мекеме мамандарының жоспары бойынша бұл жұмыстар екі жылға жуық уақытта аяқталып, жаңа кәріз тазалау қондырғысы жұмыс істей бастауы тиіс. Жоба менеджерлерінің айтуынша, қала ішінде барлық кәріз стансаларының сарқынды сулары айдалатын қалалық кәріз-насостық станса бар. Шығарынды ұзындығы 4,2 шақырым болатын құбырлар (диаметрі 700 см) арқылы өндірістік желіге өтеді. Ал, мұнда механикалық тазалауға жіберетін қабылдау камералары бар. Сонан соң ағынды су түрлі процестерден өтіп, тазартылып, соңында буландырғыш тоғанға өтеді.

Айбөпе САБЫРОВА,

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button