Жарнама
Экология

Қамыс өртіне қарсы неге қауқарсызбыз?

Атырауды тағы да қара түтін басты. Қолқаны қауып, көшеге шыққан адамды тұншықтарған ыстың жағымсыз иісі бұл жолы екі күн бойы жабық терезеден өтіп, ғимараттың ішіне де сіңіп қалды. Қала халқының мазасын қашырған қамыс өртінің жиі орын алуының себебі кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы 2 сəуірден бері өртеніп жатқан 89 гектар алқап – Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтықта. Оның 82 гектарында өрт сөндіріліп, енді қалған 7 гектар аумақтың түтіні тұрғындардың мазасын қашырып отыр.

– Өртті өшіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 4 0 қызметкер, 4 арнаулы техника және «Ақжайық» табиғи резерватынан 30 адам, 9 техника жұмылдырылды. Жанып жатқан аумақ батпақты алқап болғандықтан және күшті желдің әсерінен өртті сөндіру қиындық туғызып, «тілсіз жау» тез таралды, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Ақтаев.

Оның айтуынша, мәселенің себебі мен шығыны өрт толықтай сөндірілген соң анықталады. Дегенмен, сала қызметкерлері резерватта өрттің қыстан басқа маусымда жиі орын алуының себебін табиғи және адами фактормен байланыстырды. «Ақжайық» резерватының бөлім басшысы Ғани Ағыбаевтың айтуынша, бұл жолы жексенбі күні 22.00 сағат шамасында тұтанған өртті сөндіру түнде мүмкін болмағандықтан, қызметкерлер дүйсенбі күні таңертеңнен бастап «тілсіз жауды» ауыздықтауға жұмыстанған. Алайда, дымқыл қамыс бықсып, оның түтіні желдің бағытымен қалаға қарай шалқып, түтін мен ыстың иісі қала халқының мазасын әбден қашырды. Соған байланысты, Атырау қаласы тұрғындарының орынды наразылығы туындады. Ал, Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов ауадағы жағымсыз иістің тек соңғы күндері емес, 24 наурыздан бері байқалғанын жасырған жоқ.

– Жексенбі күні желдің бағыты оңтүстік-шығысқа ауытқуына байланысты қала резерваттағы қамыс өртінің түтініне оранды. Бірақ, дәл осы өрттің салдарынан ауа құрамындағы зиянды заттардың шекті мөлшерінен асу дерегі тіркелген жоқ, — деді Сырым Бақтығалиұлы.

Десек те, жағымсыз иіс пен қара түтін қолқаны қабады. Көшеде терең тыныс алу әлі де мүмкін емес. Ал, дәрігерлердің айтуынша, бұл жайт адамда бас ауыру, жүрек айну, есін жоғалту секілді жағдайларды туғызуы ықтимал. Әсіресе, созылмалы дерті бар науқастардың ауруы асқынуы да ғажап емес. Осыған байланысты, Атырау қалалық №7 емханасының директоры Гүлнафис Таңбаева дәрігерлік кеңес берді.

– Медициналық қызметкерлер мұндай жағдайда есепте тұрған науқастарды қаперге алуы керек. Тұрғындарға көшеде бетперде тағып жүруге кеңес беремін. Жұмыс орындарында ауа алмастырғыш құрылғылардың болғаны жөн. Үйде де ауаны желдетіп, ылғалдандырып отыру қажет. Негізінен облыста әртүрлі сырқаттар бойынша 130 мыңнан астам тұрғын диспансерлік есепте тұр. №7 емхананың өзінде өкпе тынысы дертімен 7 мыңға жуық науқас тіркелген. Оның 100-ге жуығы қолқа демікпесімен ауырады. Өкінішке қарай, бұл дерт балалар арасында да тіркеліп, олардың саны 29-ға жетті, — деді Гүлнафис Әбділдақызы.

Оның айтуынша, емханада қамыс өртіне байланысты тұрғындардың денсаулығына шағымдану дерегі тіркелмеген. «Жедел жәрдем» стансасына да мұндай бағыттағы қоңыраулар түспеген. Алайда, өткен аптада Атырау қалалық №7 емханасында сыртқы фактордың денсаулығына әсер етуіне байланысты 2 жағдай орын алыпты. Брифинг одан әрі сұрақ-жауап түрінде жалғасып, қамыс өртіне байланысты бірқатар мәселелер көтерілді.

– Қамыс неге жиі өртенеді? Жазда да, қыста да қайталанып отыр, мұның себебі неде?

– «Ақжайық» резерватының аумағы тым үлкен, 115 500 гектар. Желдің екпіні күшейіп, теңіз суы көтерілгенде жағалауда да ылғал көбейіп, батпақты жерге автокөлік бара алмайды. Сондықтан, өртенген қамысты сөндіру мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, қазір облыста сулы, батпақты жерде жүретін техника жетіспейді. Былтыр жыл соңында қажетті техникамен қамтамасыз ету туралы тиісті құрылымға сұраныс жіберілді.

– Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің балансында қанша тікұшақ пен техника бар?

– Жалпы облыс гарнизонында бір тікұшақ бар. Оны іске қосу аса қажетті жағдайларда ғана жүзеге асады. Бұл жөнінде облыстық әкімдікпен келісімшарт жасақталған. Оның үстіне, тікұшақпен өрт сөндіру аса қымбатқа шығады. Төтенше жағдайлар департаментінің балансында барлығы 141 техника бар. Оның 65-і негізгі, 21-і арнайы, 55-і көмекші техника. Біздің есебіміз бойынша қазір облыста арнаулы техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші – 45 пайыз. Мұны 100 пайызға жеткізу бағытында жергілікті атқарушы орындармен бірлескен жұмыстар жасалып жатыр.

– Қамыс өртенсе, халыққа шұғыл түрде хабарлама жіберіліп, ескерту жасалуы шарт. Бұл құзырлы орын тарапынан неге жүзеге аспайды?

– Халықты түтін туралы хабардар ету «Дармен» қосымшасы және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы жүзеге асырылып жатыр.

– Қамыс өртіне негізгі себепші адами фактор болған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған?

– Онда заң бұзушы тиісті заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Былтыр осындай 12 жағдай тіркеліп, табиғатқа қастандық жасағандарға айыппұл салынды.

Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған бұл тақырыпқа облыстық мәслихат депутаттары да бейжай қараған жоқ. «АMANAT» партиясының облыстық филиалында халық қалаулылары өз құзыреттілігі ауқымында мәселе көтерді. Ол жөнінде газеттің келесі нөмірінен оқи аласыздар.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button