МАХАМБЕТТІКТЕР БІР КҮНДЕ МЫҢ ТАЛ ЕКТІ (+фото)
Ерікті еңбек мерекесінде махамбеттіктер де белсенділік танытты.
Сенбілікке қатысушылардың бір бөлегі тазалық жұмыстарымен айналысса, қалғандары көгалдандыру шараларымен шұғылданды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрлан Сапаровтың айтуынша, сенбілікке шыққандар негізінен аудан орталығы мен ауылдық округтердегі бюджеттік мекеме қызметкерлері.
Осылайша, бұл күні барлығы 600-ге жуық адам өздеріне бөлінген учаскелер қоқыс-қалдықтардан арылтып, жас ағаш көшеттерін отырғызды. Тасымалдауға оншақты бірлік техника-көлік жұмылдырылып, көлемі 5 тоннаны құрайтын қалдық шығарылды. Атап айтарлық жайт, әу бастан жанға сая болар жасыл-желектің қадірін түсіріп, оны өсірудің мәнісін білетін махамбеттіктер бір күнде 1 000 тал екті. Негізгі күш аудан орталығына тартылғанымен, округтерде ауқымды жұмыстар атқарылды.
Дәулетқали АРУЕВ