Газ жағуға рұқсаты жоқ компания

gaz Экология

Атырау облысындағы ірі компаниялар қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірсе де, айыппұл төлеумен ғана шектеліп отыр. Жыл сайын қайталанатын жағдайға компаниялардың да еті үйренгенге ұқсайды. Айталық, жуырда облыстық экология департаментінің қызметкерлері CNCEC компаниясына республиканың экологиялық заңнамасының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Оған негіз болған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «China National Chemical Engineering Co. LTD» («CNCEC») компаниясы Қазақстан Республикасындағы филиалына газды рұқсатсыз жағу фактісі бойынша заңды шаралар колдана отырып, тексеру жүргізуді сұраған хаты. Тексеру барысында 2015 жылы тапсырыс беруші

«Kazakhstan Petrochemical Industries. Inc» XIIIC («KPI») мен бас мердігер CNCEC компаниясы арасында жобалау, жеткізу және құрылыс жүргізу шарты жасалғаны, соған сәйкес құрылысты бас мердігер жүргізгені анықталды. Құрылысқа арналған жер телімі 2018 жылғы наурызда қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес бас мердігерге берілген.

Оған қоса, былтыр жыл бойы газды ауаға жағып келген CNCEC компаниясында газды жағу кезіндегі эмиссияларды жүзеге асыруға экологиялық талап бойынша рұқсаты болмаған. Ал, іс жүзінде экология департаменті белгілі бір мөлшерге дейін газды сыртка шығару жөніндегі эмиссияға рұқсат беруі тиіс.

Осыған байланысты, CNCEC компаниясына Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама және әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарылып, 21,2 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, өндірілді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз