Жарнама
Экология

КӨЛІКТЕРГЕ – «КӨГІЛДІР ОТЫН»

Жалпы, осы мәселеге байланысты өткен жиналысқа төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың айтуынша, республикада автокөліктерді табиғи газға көшіру алдымен Алматыда қолға алынуда. Мұнда тіпті экологиялық таксилер пайда болған. Бүгінде 800-ден аса көлік «көгілдір отынды» тұтынады екен. Демек, оңтүстік астананың осы тәжірибесін өзге өңірлерге де тарату қажеттігі туған.
Міне, осы істі қолға алған «КазТрансГаз» акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны болып табылатын «КазТрансГаз Өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары жаңа бағыттың жақсы жақтарын біраз сипаттады. Олардың бізге ұсынып отырғаны – 250 атмосфераға дейін сығымдалған, құрамында көмірсутек қоспалары мүлдем жоқ таза метан газы. Оны пайдаланғанда мұнай отындарына тән күйе болмайды, шығарылатын улы заттардың мөлшері барынша кемиді, 183 градус аязда да қатпайды.
Экономикалық тұрғыдан тиімділігі – отынның дәстүрлі түрлерімен салыстырғанда құны екі-үш есе арзан. Мәселен, қазір Алматыда бір текше метр газдың бағасы 54 теңге десек, жиі қолданысқа ие АИ-92 бензинінің әр литрі – 115 теңге. Ал, дизель отынының әр литрінің құны әзірге 102 теңгемен шектеліп тұр. Сонда жүз шақырымға шаққанда автокөліктер табиғи газды бензинмен салыстырғанда екі есе кем тұтынады екен.
Енді экологиялық жағын таразылап көрелік. Мамандардың айтуынша, көліктерге «көгілдір отынды» пайдалану нәтижесінде қалаларда улы иісті газдың шығарындысын 90-97, көмірқышқыл газын – 25, ал, азот тотығын – 35-60 пайызға дейін төмендетуге болады. Бұл – жыл санап автокөліктер саны еселеп өсіп отырған Атырау үшін де өзекті проблема. Оны біраз жылдан бері академик Муфтах Диаров та көтеріп жүр. Әсіресе, көліктердің кептелген жерінде адам ағзасына аса зиянды улы нәрселердің үлкен мөлшерде жиналып қалатындығы жөнінде жергілікті табиғат сақшылары да жиі айтуда. Мүмкін автокөліктерді табиғи газға көшіру осы проблеманың түйінін тарқатуға септігін тигізер.
Қазір дүние жүзінде «көгілдір отынды» 17 млн. шамасында көлік тұтынады екен. Бұл ретте әрқайсысында үш миллионнан аса осындай көлігі бар Иран мен Пәкістан көш басында тұр. Аргентинада да екі миллионнан асып жығылыпты. Жақын шет елдерден Украинада 388000, Өзбекстанда 310000, Арменияда 244000 және Ресейде 86012 «көгілдір отын» пайдаланатын көлік тіркелген. Ал, бұлардың бәрі табиғи газға бай елдер емес. Мәселен, Армения мен Украина оны негізінен сырттан тасымалдайды. Соған қарамастан экологиялық тұрғыдан таза отынға көшіп үлгерген.
Рас, бірқатар мемлекетте көліктеріне «көгілдір отынды» тұтынушыларды мемлекеттік қолдау үшін кейбір шаралар қарастырылған. Мәселен, Иранда көліктерді табиғи газға бейімдеп қайта жабдықтау шығындарының 90 пайызға жуығы субсидияланады. Автобустарды жаңадан жарақтандыру кезінде мемлекеттен 12 мың доллар көлемінде көмек беріледі. Ал, Пәкістанда импорт пен сату салығы мүлдем алынып тасталады. Жапонияда қайта жабдықтау шығындарын түгелімен мемлекет өз мойнына алған. Мысыр мен Кореяда да жеңілдіктер бар. Ресейде де мемлекеттік қолдау шаралары үкіметте қаралуда. Ал, Қазақстанда ше?
Осы орайда мамандар бірнеше ұсыныстарын айтады. Мәселен, көліктерді табиғи газбен қамтамасыз ететін стансаларды тұрғызғанда мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер керек. Атап айтқанда, техникалық қондырғылар мен газ баллон жабдықтарын импорттағанда салынатын қосымша құн салығы мен кедендік бажды мүлдем алып тастау қажет. Олардың дені алыс шет елдерден, негізінен Италиядан, әкелінетіндігін ескерсек, мұндай жеңілдіктер осы іспен шұғылданатын кәсіпкерлерге біраз демеу. Оның үстіне, сырттан табиғи газды тұтынатын автокөліктерді тасымалдау кезінде де қолдау көрсетілгені жөн.
Сайып келгенде, мұндай демеушілік шаралары елімізде табиғи газды пайдаланатын көліктер санының артуына игі септігін тигізеді. Мәселен, Алматыда қазір осындай 885 көлік бар екен. Солардың 650-і автобустар. Сонымен қатар, 73 жеңіл және шағын коммерциялық көліктер қайта жабдықталған. Демек, адамдарда ынта бар. Тек соларға қызмет көрсететін үш станса ғана аздық етеді. Сондықтан, бүгінде тұрғызылып жатқан тағы үшеуінің құрылысын жеделдеткен жөн.
Жалпы, атыраулықтарға алысқа бармай-ақ іргедегі Маңғыстау облысынан үлгі алуға да болады. Мұнда біраз жылдан бері көліктер табиғи газды тұтынып жүр. Соған сәйкес жолаушылар тасымалы да арзан. Жақында ғана осы өңірге барғанымызда көрдік, Ақтауда күллі қаланы небәрі 200 теңгеге аралап шығуға болады. Ал, бізде таяқ тастам жерге таксистер 800-1000 теңге сұрайды.
Рас, бұрын бензинмен жүрген автокөліктерді енді табиғи газға қайта жабдықтау шығыны да әжептәуір. Мәселен, бір автобусқа 1 млн. 944 мың теңге жұмсалмақ. Аз қаражат емес. «АйсТрансХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мақсот Сүйіновтің айтуынша, автопарктегі 80 автобустың 50-і сонау 2007 жылы шыққан. Демек, пайдалану мерзімі аяқталуға таяу. Ендеше, есептен шығарылғалы тұрған оларды табиғи газға ауыстырудың экономикалық тиімділігі де жоқ. Ал, жаңадан алынған отыз автобусты біртіндеп көшірудің мүмкіндігі іздестірілмек. Бұл ретте мекеменің қаржылық ахуалымен де санасқан жөн. Мамандар автобусқа жұмсалған шығын бірер жыл шамасында өзін ақтайтынын айтқанымен, бір-ақ сәтте қомақты қаражатты жұмсай салу да оңай емес. Демек, бұл шаруа сатылап жүзеге асырылмақ.
Атыраулықтардың алматылықтарға жолдаған сауалдары да сан салалы болды. Мәселен, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшаханов сервистік қызметті кім атқаратындығына алаңдаушылық танытты. Расында да, табиғи газбен жұмыс жасау аса сақтықты қажет етеді. Оны кез келген кісінің қолға алуы жараспайды. Немесе табиғи газды пайдаланған кезде двигатель қуаты төмендеп, көлікке күш түспей ме? Ақырында, жол-көлік оқиғасы салдарынан қатты соқтығысқан көліктер жарылып кетуі ықтимал емес пе? Мұндай тосын жайлардан қалай сақтануға болады? Міне, осындай сұрақтарды оңтүстік астанадан келген «КазТрансГаз Өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары қойын дәптерлеріне түртіп алып, кейін іс барысында ескеретіндіктерін жеткізді.
Жалпы, облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев айтқандай, түптеп келгенде біз мұнай өнімдерінен гөрі табиғи газдың тиімділігін мойындайтын боламыз. Қазір Атырауда әрі бензинмен, әрі табиғи газбен жүретін көліктер баршылық. Олар – осы бағыттағы алғашқы қарлығаштар. Ертең қатары өседі. Өйткені, бүгін үлкен сұранысқа ие АИ-92 бензинінің әр литрінің құны 115 теңге болса, дизель отынының әр литрі 102 теңгеден сатылуда. Ал, газ бағасы әлдеқайда арзан.
Рас, кейбіреулер ертеңгі күні оның да құны өсіп кетуі қаупін айтты. Әрине, мұндай ықтимал құбылысты да жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне, ұсыныс сұранысты тудырады. Бұл – нарық заңы. Қазіргі алмағайып заманда табиғи газды тұрмыста және өндірісте тұтынып қана қоймай, енді автокөліктерде де жаппай пайдалануға көшсек, оны өндірушілердің «көгілдір отын» бағасын қайта қарауы да әбден мүмкін.
Әйтсе де, біздің ұтарымыз – табиғаттың тазарып, қоршаған ортаның қалыпты сақталуы. Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары келешекте еуропалық талаптарға сай жанар май шығаруға бағытталған. Ал, мамандар табиғи газдың да Еуро-5 стандартынан кем еместігін айтады. Әрі, қайталап айтқанда, бұл Елбасы көтерген «Жасыл экономика» бағдарламасына да сәйкес келеді. Әрине, бензиннен «көгілдір отынға» көшуге ешкімді күштеп көндіруге болмас. Бірақ, экономикалық тиімділігін аңғарған жұртшылық өзі-ақ осы шаруаны әрі қарай алып кетеді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button