20151107092034

Қалдықты қайта өңдесек…

Экология Экономика

Өңірлердің экологиялық ластану деңгейін төмендету мақсатында  елімізде қолға алынған шаралардың бірі – қатты тұрмыстық қалдықтардың жойылуы мен өңделуін жүйелі жолға қою.

20151107092034

Энергетика министрлігі облыстық әкімдіктермен бірлесіп, бұл салада белгіленген жоспарлы іс-шараларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Осы мақсатта шағын және орта бизнес субъектілерін тарта отырып, «Жасыл экономикаға» көшудің тұжырымдамасын бекітті. Онда қалдықтарды өңдеудің үлес салмағын 2030 жылға дейін – 40, ал, 2050 жылы 50 пайызға жеткізу көзделген.

Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жыл сайын елімізде 5-6 млн.тонна шамасында қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталады екен. Биылғы сегіз айда бұл көрсеткіш 3,8 млн.тоннаны, соның ішінде өңделгені 330 мың тоннаны немесе барлық көлемнің 10,5 пайызын  құраған. Өңделген қатты тұрмыстық қалдықтардың үлес салмағы былтыр 9 пайыз болса, алдыңғы жылы 2,6 пайызға тұрақтаған.

Ал, өңделген қатты тұрмыстық қалдықтардың үлес салмағын ұлғайту үшін оларды бөлектеп жинау жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде, қайталамалы шикізаттан жаңа өнім алуға қол жеткізу мақсаты қойылған. Бұл саланы одан әрі тереңдетіп, тиімді  дамыту үшін  мемлекеттік әріптестік арқылы мейлінше  көбірек инвестиция тарту қажет. Соған байланысты қазіргі уақытта нормативтік-құқықтық  база жасақталып, жетілдірілу үстінде. Бүгінгі таңда республикада қалдықтарды сұрыптап, өңдеумен айналысатын  кәсіпорындардың саны 130-дан асады. Олардың күшімен 20-дан астам өнім шығарылады. Еліміздегі 18 елді мекенде түрлі қуаттылықтағы қалдықтарды өңдеу кешендері жұмыс жасайды.

Биыл Астана қаласының әкімдігі «Оператор РОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинақтау, тағам қалдықтарын өңдеу мен утилизациядан өткізудің қанаққақты жобасын жүзеге асыра бастады. Бұл жоба оң нәтижесін берсе, мұндай тәжірибе еліміздің өзге  өңірлерінде енгізіледі деп күтілуде. Осындай өміршең жобаны қолға алған «Оператор РОП» ЖШС былтырдан бері пластик, полиэтилен, картон, қағаз, әйнек және металл қалдықтарын жинақтастырып, өңдеуден өткізу шараларын қаржыландыруға көшкен.

Энергетика министрлігі басталған жұмысты жалғастыру үшін 3,2 млрд.теңге көлемінде қаржы бөлуді қарастырған. Осыншама қомақты қаражаттың 30-40 пайызы сәйкесті инфрақұрылымды өркендетуге, ал, 60-70 пайызы қалдықтарды жинау, тасымалдау және өңдеу шараларына бағытталады. Алайда, қазіргі уақытта  аймақтардың бәрі бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана алмайтындығы анық. Сол себептен, салалық министрлік оператор ұйымға жергілікті әкімдіктермен өзара қарым-қатынасты нығайтуды ұсынып отыр.

Әрине, қатты қалдықтарды өңдеуден Атырау облысы да тыс қалмасы кәміл. Өйткені, қазірдің өзінде мұнайлы өңірде осы бағытта бастамалар қолға алынуда. Ұйымдастыру қаржыландыру мәселесі шешілсе, бұл жобаның біздің өңірімізде де сәтті іске асатына сенім мол.

Дәулетқали АРУЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған