Жарнама
Экология

АЗҒЫР АЗЫП БАРАДЫ…

 АҢҚАСЫ КЕПКЕН АУЫЛДАР

Белгілі болғанындай, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Бектас Мұхамеджанов бастаған жұмыс комиссиясы полигон аймақтарындағы тұрғындармен кездесіп, қордаланған мәселелерді көзбен көріпті. Комиссия төрағасы, вице-министрдің айтуынша, қауіпті аймақтарда экологиялық төтенше проблемалармен қатар, кезек күттірмей шешілуі тиіс әлеуметтік мәселелер де жетіп артылады. «Азғыр, Капустин Яр сынды полигондық аймақтардың әлеуеті өте төмен. Инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау мәселелерінде қолбайлау болып отырған проблемалар жетерлік. Таза ауыз су дегеніңіз халық үшін орындалмас арманға айналып отыр» деп атап өткен вице-министр құрылған комиссияның аталған мәселелерді 2014 жылғы ел бюджетіне енгізуге жұмыстанатындығын жеткізді.
Осы мәселемен ұзақ жылдар бойы айналысып келе жатқан сенатор Сәрсенбай Еңсегенов кезек күттірмей шешілуі тиіс мәселелерге тоқталды. «Өткен ғасырдың аяғында басталған Қоянды топтық су құбырының құрылысын жалғастырып, материалдық базасын жақсарту қажет. Екіншіден, жол мәселесін шешу керек. Балқұдық, Азғыр елді мекендері аудан орталығына қатынай алмай қиналып отыр. Отын мәселесі де кезек күттірмей шешілуі тиіс. Бір жағынан, бұл – шекаралық аймақ. Оны ашып тастасақ, ұлттық қауіпсіздігімізге, жалпы ел саясатына қауіп төнеді» деп тізіп өткен сенатор не мектебі, не ауруханасы жоқ, бар-жоғы 97 үй мекендеп отырған Азғыр ауылын Балқұдыққа көшіруге болады деген ұсынысын айтты.
Cенатор суреттеген жалпы картина мынадай. Азғырлықтар шаруасын шаруалау үшін шекара асып, Ресей мемлекетінің қызметіне жүгінуге мәжбүр. Басқасын былай қойғанда, күнделікті ішіліп-желінетін азық-түліктің өзін олар көрші елден тасиды. Және олардың азық салған дорбасының салмағы отыз келіден аспауы керек екен. Асып кетті екен, онда өз обалыңыз өзіңізге. Ресейлік шекарашылар сізді аямайды. Тағы бір қияметі — науқастар ауруханаға медициналық көлікпен бара алмайды. Ресейдің түсініксіз заңы азғырлықтарды шекараға жеке көлікпен жетсе ғана өткізуді міндеттеп қойыпты.

РАДИАЦИЯ
ҚҰРБАНДАРЫНА КІМ ҚАРАЙДЫ?

«Байғаниннің өзінде он жарылыс, қолымдағы деректер бойынша Азғырда 17 емес, 48 мәрте жарылыс болған. Бірақ, аталған аймақтардың жағдайы баяғы жартас бір жартас күйінде әлі сүйретілген күйі өзгеріссіз келе жатыр» деген «Невада–Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймақтық филиалының директоры Ізімғали Көбенов «ендігі зерттеулерді келер жылға қалдырып, бүгінгі күннің шешімін қолдан келгенше шығару керек» деген ұсынысын айтты. «Азғырда бірде-бір таза құдық жоқ. Ал, біз жиырма екі жыл бойы «зерттеп» келеміз. Меніңше, Азғырды зерттеу бүгінде бизнеске, кәдімгі коммерцияға айналып кетті. Мұның артында коррупция жатқан болуы да мүмкін. Нақты нәтиже шығаратын уақыт жетті ғой» деген ол «полигон салдарынан зардап шеккен мүгедектердің бүгінде қаншасы бар, қаншасы көз жұмды, олардан туылған балалардың жағдайы қандай? Мұны саралап жатқан ешкім жоқ» деген ренішін де жеткізді. Қашағанның жағдайына да алаңдаушылық білдірген қоғамдық ұйым өкілі «Қаражанбас, Қаламқас, Мақат, Доссор елді мекендерінде қаншама факел жанып жатыр, оның зардаптары неге сараланбайды?» деген мәселе көтерді.
Қолдан жасалған күшті жарылыстардың нәтижесінде Азғыр полигонында көлемі 1,2 миллион текше метрді құрайтын аса қауіпті тоғыз жерасты шұңқырының пайда болғандығын айтқан Ядролық физика институтының бөлім басшысы Виктор Николаевич құрылған радиоэкологиялық экспедицияның жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Айтуынша, 2001 жылдан бастап институт радиоактивті ластанудың аса қауіпті дақтарын жойып келеді. Экспедицияның бүгінгі жаңалығы сол, тұрғындар арасында жүргізілген анкета нәтижесінде 100 адам кешенді тереңдетілген зерттеуден өтіп жатыр. «Бүгінде олар Шығыс Қазақстан облысына жіберілді. Олардың ағзасынан, қанынан нуклеидтердің бар-жоғы анықталып жатыр. Жалпы олардың бойынан өмір бойына жинақталған радиация көлемі анықталу үстінде» деп мәлімдеді ол.

ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ АТЫРАУҒА ДА КЕРЕК

Өкінішке орай, Азғырдың қауіпті аймақтары әлі күнге талапқа сай қоршалмай жатыр. Бұған жауапты Ядролық физика институты «темір қоршаулар кепілдік бере алмайды. Қауіпті аймаққа кіргісі келген адам ол қоршаулардан еш кедергісіз-ақ өтіп кете алады» дегеннен әріге аса алмай отыр. Мәселеге вице- министр араласып, шүйліккеннен соң ғана аталмыш институт өкілі Семей полигонындағы тәжірибені қолдануды, яғни қауіпті аймақтарға патрульдік бақылау қоюды ұсынды. Бұдан әрі комиссияның көшпелі отырысына қатысушы облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов аталмыш институттан полигондағы төрт түлікті, егін, жасыл желекті зерттеудің қаншалықты жүргізіліп жатқандығын сұрады. Институт өкілінің айтуынша, шөптерде радионуклеидтер жоқ көрінеді. «Төрт түлік таза шөп жеп жатыр деген есеппен олар зерттелген жоқ» дейді ол. Ал, анау жартылай қоршалып, жартылай қоршаусыз жатқан қауіпті аймақтарға жануарлардың емін-еркін жайылып жүрмесіне кім кепілдік бере алады, ол жағы жабулы күйінде қала берді.
«Семейде екі бірдей экологиялық зерттеу институты бар. Енді осындай институтты немесе оның филиалын Атыраудан да ашу қажет» дейді «Невада–Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймақтық филиалының директоры Ізімғали Көбенов. «Мұнда Қашаған бар. Каспий бар. Енді ашпасақ, кеш қаламыз» деп дабыл қаққан ол полигон аймақтардың проблемасын бүгіннен бастап шешу керектігін баса айтты. Тағы бір жаңалық, комиссия отырысы барысында Қоянды топтық су құбырынан келер жылдың жазынан бастап су берілетін болды. «Суды ауылдық елді мекендердің шекарасына дейін жеткізіп береміз» дейді сала мамандары. Одан әрі Азғырдың айналасына шоғырланған он бір елді мекенге әлеуметтік нысандар салу, газдандыру мәселелері талқыланып, Өңірлік даму министрлігіне ұсыныстар жіберілетін болып шешілді.
Рас, бүгінде «халық саны межелі талаптарға жетпейді» деген желеумен кей ауылдарда аурухана, қазпошта сынды ең қажетті нысандар жабылып жатыр. Азғырдың айналасындағы қай ауылға да 600 орындық мектеп салу қисынға келмейді. Бірақ, жоғарының қоятын талабы – осы. Жергілікті билік көп болса 120 орындық мектепке ғана ұсыныс бере алады. Онымыз «халық аз» деп қабылданбай тастаса қайтпек керек? Осы мәселеге тоқталған комиссия төрағасы, вице-министр Бектас Мұхамеджанов «критерийлер солай екен деп отыра беруге болмайды. Бастысы, ол ауылдарды халық мекендеп отыр. Мемлекет олардың жағдайын жасап беруге міндетті. Нормативтердің өзгертілуіне күш салу қажет» деп, жергілікті билік өкілдерін, басқарма басшыларын жедел жағдайда жұмыс істеуге шақырды.
Радиацияның адам ағзасында ұзақ жылдар бойы сақталатындығы белгілі. Азғырдың бүгінгі ахуалы жапондар жыр қылып жүрген Хиросима, Нагасакиден асып кетпесе, кем түспейді. Ендеше, радиация алған адамдар, олардың ұрпағын сауықтыруда қандай қадамдар жасалуы тиіс? Дәл осы мәселеге жауап беруге міндетті Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс комиссиясының құрамына кірмей қалыпты. Десек те, бұл медиктерді зардап шеккендердің алдындағы жауапкершіліктен құтқара алмайды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Суреттерді түсірген
Әнуар Әбілғазиев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button