Қабижан Қапанов: Ескертуді елемейтіндер ісі сотқа беріледі
Ірі өндірістік нысандар орналасқан Атырау аймағында экологиялық ахуал әуелден-ақ қолайлы емес. Ал, соңғы жылдары мұнда жаңа кен орындарының жаппай игерілуі қоршаған ортаға түсер салмақты одан әрі сомдап жіберді. Әйтсе де, табиғат сақшылары қолданыстағы заңдылықтарды бұзушылармен барынша күресіп келеді. Бүгінгі сұхбатымызда біз өңірдің өзекті проблемаларын жан-жақты қозғауға тырыстық.
Ескі ұңғымалар есепке алынады
– Қабижан Қапанұлы, сонау жылдары Каспий тасып, жағалаудағы ұңғымалардың көбі су астында қалды. Қазір солар, тура мағынасында, теңізге қатер төндіріп тұрған жоқ па?
– Мұндай ахуал негізінен Жылыой ауданына тән. Өткен ғасырдың орта шенінде жағалаудан қазылған ұңғымалардың біразы, расында да, теңіз тасығанда су астында қалды. Сонымен қатар, құрлықта да кейбір апатты ұңғымалар бар. Біздің қолдағы мәліметіміз бойынша баса назар аударылатын 90 ұңғыма есепке алынған. Солардың 88-і – жер қойнауын пайдаланушылар иелігінде, қалған екеуі – мемлекет меншігінде. Қазір 13 ұңғыма залалсыздандырылды, тағы 61-і әзірге қауіпсіз саналады. Ал, 14 ұңғыма жедел жойылуға жатады. Мемлекет қорындағы екі ұңғыманың біреуіне қатысты қажетті шарасы алынды. Әйтсе де, аймақта әлі қанша ұңғыманың қоршаған ортаға қатер төндіруі мүмкін екендігі нақтылануы тиіс. Бүгінде осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.
Баршаға белгілі, Каспий ара-тұра арнасын өзгертіп тұрады. Мәселен, өткен ғасырдың орта шенінде ол қазіргідей кең жайылған жоқ. Сондықтан, құрлықтан ұңғымалар қазылып, өнім өндірілген. Кейінгі жылдары олардың қайтарымы кеміп, уақытша тоқтатылды. Ұңғымалардың аузы шегенделді. Әйтсе де, теңіз тасығанда бірқатарын су басты. Енді май ағып кету қаупін туғызып тұр. Сөйтіп, айдын тазалығына нұқсан келтіруі мүмкін. Бұл мәселені облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Астанадағы алқалы мәжілісте қозғап, тиісті құрылымдардың назарын аударды.
Жалпы, ескі ұңғымалар жөнінде айтқанда, қазір Махамбет ауданының Таңдай селосы маңындағы мұнай көлшігі алаңдатып отыр. Ол – сонау 1964 жылғы ескі ұңғыманың орны. О баста «Ембімұнайгаз» кәсіпорнының қорында болғанымен, кейін мемлекет меншігіне алынған. Содан 2010 жылы ембілік мұнайшылар жоюға әрекет жасап көргенімен, нәтиже шықпады. Өйткені, мұнда бұрғылау қондырғысы жер астына түсіп кеткен. Қазіргі көлшік те соның салдарынан пайда болған. Кезінде таңдайлықтар осындағы жеңіл мұнайды күнделікті керегіне, яғни отынға пайдаланған. Тіпті мектепті жылытуға да қолданған. Енді, тұрғындардың айтуынша, қазір әлдекімдер көлікпен келіп, тасып әкетеді екен. Сірә, біреулерге сатып жүрген жеке адамдар болса керек. Бұл жайттан Энергетика министрлігі хабардар. Ұңғыма жедел жойылуға тиіс нысандар қатарында тұр. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда.
Жаңа жабдық – нәтижелі жұмыс кепілі
– Атырау қаласының тұрғындары ара-тұра, әсіресе, түнгі уақытта шаһар ауасы күрт бұзылып, тынысы тарылатындығын жиі айтады. Бұған қарсы нендей амал бар?
– Мұндай проблеманы жоққа шығармаймыз. Жалпы, аймақта қызметі қоршаған ортаға кері әсер ететін кәсіпорындар тізімі жасалды. Солардың ішінде, әсіресе, Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Батыс Петролеум», «Вест Дала», «Арнайы автобаза» мекемелері және «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының Батыс бөлімшесі табиғатты ластаушылардың алдыңғы легінде аталады.
Соның ішінде, мұнай өңдеу зауыты атына айтылар сын көп. Тұрғындар осы кәсіпорын жақтан түн ортасында, таңға жуық жағымсыз иіс ауаға тарайтынына жиі шағымданады. Кезінде өзіміз де ұйықтамастан күзетіп жүрдік. Бірақ, қолымызда қажетті газ айырғыш жоқ еді. Бұл жабдықты әркімнен сұрап, пайдалану нақты нәтиже бермеді. Өткен жылы Энергетика министрлігінен 13, облыстық бюджеттен 35 млн. теңге бөлініп, қажетті құралдар мен көліктерге ие болдық. Енді тәуліктің қай мезгілінде болмасын, жел бағытымен жағымсыз иістің қайдан шығып жатқандығын дәл анықтауға болады. Оның үстіне, биыл 60 млн. теңгеге соңғы үлгідегі жылжымалы зертхана алынбақ. Міне, көріп отырғаныңыздай, материалдық-техникалық базамыз біртіндеп жақсарып келеді.
Жалпы, биылғы 2 сәуір мен 19 мамыр аралығында «Қазгидромет» филиалы, НКОК пен мұнай өңдеу зауытының стационарлық бекеттері арқылы сараптама жүргізілді. Соның нәтижесінде күкіртті сутегінің ауаға шектен тыс таралуының 92 дерегі тіркелді. Ал, 26 жағдайда оның мөлшері белгіленген деңгейден аса көп болыпты. Бүгінде экология департаменті облыстық әкімдікпен бірлесіп, оның себебін саралауда.
– Кәріздік тазалау имараттары туралы әңгіме қозғасақ. Бұл бағытта да біршама проблема бар емес пе?
– Шаһардағы мұндай қондырғылар 1974-1978 жылдары салынған. Олардың о бастағы қуаты тәулігіне 30 мың текше метр еді. Содан бері халық саны бірнеше есе өсті. Бұрынғы жабдықтар әбден тозды. Қазір кәріздік желімен қалалықтардың 45 пайызы ғана қамтамасыз етілген. Ал, Балықшы елді мекені бойынша бұл көрсеткіш небәрі 30 пайыз шамасында. Бұл – дабыл қағарлық ахуал.
– Жоғарыда шаһар ауасын ең көп ластаушы бірнеше мекеме аталды. Ендеше, соларға қатаң шара қолдану тетігі жоқ па?
– Әрине, бар. Әйтсе де, жұртшылық айтып жүргендей, бәрін шетінен жауып тастау мүмкін емес. Бұл орайда олардың өңір экономикасына қосып отырған үлкен үлесін, әлеуметтік ахуалды шешуге оң әсерін айтып отырғаным жоқ. Дегенмен, әрқайсысының өзіндік өндірістік ерекшелігі бар. Мәселен, мұнай өңдеу зауытының қызметін тоқтату мұндағы технологиялық жүйені бұзады. Оның салдары да қоршаған ортаға кері әсер етеді.
Алайда, табиғат қорғау заңдылықтарын үнемі бұзатын, экологтар тарапынан айтылған ескертулерді тыңдамайтын кәсіпорындарға қолданылатын тетіктер бар. Мәселен, мұнай өңдеу зауытына жүргізілген тексеру нәтижесінде зиянды заттарды шығаруды азайту мақсатында қандай жабдықтарды қалай орналастыру қажеттігі жөнінде ұсыныс берілді. Кәсіпорын басшылығы оны орындамады. Біз оларды сотқа беруге мәжбүр болдық. Қазір сот шешімін күтіп отырмыз. Мұндай шара қолданыстағы заңдылықтар талабын сақтамаған өзге де кәсіпорындарға қолданылады.
Судың да сұрауы бар
– Аймақтағы ірі компаниялар тарапынан ауыз суды тиімсіз пайдалану дерегі бар. Осыған байланысты нендей нақты шаралар қолға алынбақ?
– Қазақ «судың да сұрауы бар» дейді. Орынды айтылған сөз. Өйткені, тегін жатқан еш нәрсе жоқ. Оның үстіне Жайық жыл санап тайызданып келеді. Еділден келетін құбырға да салмақ өсе түсуде. Осы орайда «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік мақсаттағы суды тазалап, қайта пайдаланып отырғанын айтқан абзал. Мұнда оның көлемі 75 пайызға жеткен. НКОК компаниясы мұндай шараны енді ғана қолға алғалы отыр. Өзгелерінің де осындай оң тәжірибені қолданғаны жөн еді.
Сайып келгенде, суды қайталап пайдалану – кәсіпорынға түсер қосымша табыс. Себебі, сол арқылы тұтынатын суын үнемдейді, оған төлейтін қаржы көлемі қысқарады. Жалпы, Атырау аймағы о бастан шөлейт өңірге жататындықтан, қолда бар су көздерін барынша тиімді пайдаланған жөн. Сондықтан департаментке табиғат қорғау жобаларын ұсынған кәсіпорын өкілдеріне суды қалай қолданбақ ойы бар екендігі жөнінде сауалдар жолданады. Бұл бағытта ұтымды ұсыныстар айтылады.
– Осы орайда облыста жерасты су көздері мол емес пе? Солардың бірқатарындағы ұңғымалардан су текке ағып жатыр…
– Иә, мұндай кен орындары баршылық. Жалпы, 2010 жылғы зерттеу нәтижесінде өздігінен су ағып жатқан 180 гидрогеологиялық ұңғыма анықталған-ды. Солардың 123-і иесіз саналады. Олар негізінен Сарықасқа, Шөлқара, Бәли, Сарыбұлақ, Төлес, Ұшқан, Мұнайлы, Биікжал маңында орналасқан. Көбін кезінде мұнай-газ көздерін іздеген бұрғышылар қазған. Кейін геологтар басқа жерге көшкенде, су ұңғымалары қараусыз қалған. Олардың көбінің тереңдігі 400-600 метр шамасында. Ал, Жаңасу мен Төңірекшың тұсында су 800 метрден шығып жатыр. Бұлардан секундына 1-10 литр су ағады. Текке кетіп жатқан ен байлық емес пе?
Міне, осындай су көздері облыстың өзге өңірінде де кездеседі. Ендеше, компаниялар іске кірісер алдында аймақты зерттеп, осындай мүмкіндікті неге қарастырмасқа? Тіпті сонау жылдары Жылыой жеріне Жаңасудан құбыр тартып, жерасты суын пайдалану жоспарланған. Кейін түрлі себептермен жоба жүзеге аспады. Енді Инвестициялар және даму министрлігі бұл ен даладағы қараусыз ұңғымаларды бітеу жөнінде шешім қабылдап, жобалау-сметалық құжаттарын дайындауда. Жалпы, биылдан бастап жылына 15-20 осындай ұңғыма залалсыздандырылады.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ