Ең ыстық жаз: себебі неде, салдары қандай?

20170706123114 Экология

Атырауда бір айға созылған аптап ыстық ойландырып тастады. Бәзбіреулер әлеуметтік желіге ауа температурасының алпыс градустан асқандығын жазып жатыр. Оның анық-қанығын білмедік, бірақ, ресми орындардың 41-43 деп көрсетуі, сақтық шарасын ескертуі тегін емес. Оның үстіне, ілгергі жылдары Қызылорда облысында рекордтық көрсеткіш тіркеліп, күн қызуы 70 градусқа жеткен-ді. Ендеше, ең ыстық жаз қалай қалыптасып отыр? Жер бетіндегі климат неліктен күрт өзгерді?

20170706123114

Қолмен жасалған қастандық

Жалпы, адамзат пайда болғалы оның табиғатпен тайталасы да басталды. Соңғысының жылдар бойы қалыптасқан қалыпты күйіне адам қолымен жасалып жатқан қастандық жеткілікті. Рас, үңгірді паналап, алғаш от жағуды үйренген кезеңде әсері азаңдау шығар. Ал, өркениеттің өріне өрлеп, технология тез дамыған заманда қоршаған ортаның тылсым тірлігіне сом салмақ салынуда. Жер түгілі, ғарышқа қадам басқан кезде өзіміздің тіршілігімізді де таразыға тартқанымызды түйсіндік пе? Жұтар ауамыздың жұпар иісін сақтаудың орнына әбден ластағанымызды байқаймыз ба? Ғаламшарда климаттың күрт өзгеруіне үлкен үлес қосып жүргенімізді сезінеміз бе?

«Жаһандық жылыну» терминін алғаш өмірге әкеліп, 1975 жылы 8 тамызда адамзат назарын осы алапат апатқа аударған американ ғалымы Уоллес Брокер екен. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары орыс зерттеушісі А.Будько да жердің жоғары қабаты тез қарқынмен жылынып келе жатқандығын айтқан. Бірақ, әріптестері екі ескертуді де құлақтарына ілмеді. Егер сол кезде бастапқы дабылға бірлесе үн қосса, онда қазіргі күрмеулі мәселе туындамас па еді, бәлкім? Кейбір деректерге қарағанда, жаһандық жылыну өткен ғасырдың басында басталып, 1940 жылға дейін созылған. Содан соң сәл саябырсып, жетпісінші жылдардың ортасынан кейін қайта жалғасқан. Міне, содан бері жылыну сақталып келеді.

Рас, жаһандық жылынуды қалыпты түрде қайталанып тұратын табиғи құбылыс санайтындар бар. Соңғы екі мың жылда мұндай үрдіс үш мәрте байқалыпты. Мәселен, ХХ ғасырда ауа райы 0,7- 0,8 градус жылынған. Бұған Жер орбитасы параметрінің өзгеруі де, Күн жүйесі қызуының артуы да, Гольстрим атты мұхиттар ағысының әлсіреуі де себеп.

Алайда, ауа райына адамнан артық ешкім қатты әсер етпейді. Әсіресе, атмосфераға көмірқышқыл газының көптеп тарауы – нағыз дабыл қағарлық құбылыс. Кәсіпорындарда көмір мен мұнай өнімдерінің жағылуы, жылу-электр стансалары қуатының артуы, автокөліктер санының өсуі, жер қойнауына саналы шабуылдың үдеуі жаһандық жылыну үрдісін жеделдетіп отыр. Бүгінде ірі мемлекеттер де, іргелі компаниялар да бір сәттік табысты таразыға тартқан. Мәселен, көмірсутегі шикізатын барынша мол шығарып, дүниежүзілік додада басымдыққа ұмтылған елдер ертеңге көз жүгіртіп отырған жоқ. Әсіресе, АҚШ пен Қытай ғаламдық ауаны ең ластаушы мемлекеттердің алдыңғы санатында саналады. Ал, олар экономикалық даму көрсеткіші жөнінен әлемде көшбасшы үштіктің қатарында екендігін ескерсек, онда бұларды ақылға шақыратын кім бар?

Алапат апат ауқымы

Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының пайымдауынша, егер көмірқышқыл газының ауаға тарауы осы қарқынмен жалғаса берсе, онда ғасыр соңында әлемнің орташа температурасы үш градусқа көтеріледі. Бұл, бір қарағанда, түймедей нәрсе делінгенімен, ар жағында түйедей салмағы бар. Нағыз алапат апаттың алды. Мәселен, қазірдің өзінде қалыңдығы 4 км Антарктида, екі шақырымнан асатын Гренландия мұздары ери бастаған. Соңғысы Атлант мұхитын мол суымен толықтыруда. Ол арнасынан асса, айналасын жайпап кетеді. Оның үстіне, ғалымдар 2100 жылға таман жер бетіндегі температура 3,7 градусқа жоғарылайтындығын айтады. Сонымен қатар, теңіз деңгейінің бір-екіден 6-7 метрге көтерілу қаупі бар.

Жалпы, 2017 жыл әлемдік температураның рекордты деңгейге өсуімен тарихқа енді. Арктика мұздықтарының еруі Еуропада ауа райының күрт өзгеруіне әсер етті. Мәселен, Грецияда былтырғы шілденің басында 46 градус ыстық тіркелді. Италияда құрғақшылық белең алып, жоғары температура байқалған. Португалияда ел тарихында болмаған өртке 40 градус ыстық кінәлі саналады. Соның салдарынан ондаған адам қаза тауып, жүздеген кісі жараланды. Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінің Мезайра қаласында температура 50,5 градусқа көтеріліп, рекордтық межеге жетті. Немесе АҚШ-тың Калифорния штатында былтырғы 16 шілдедегі қатты ыстық салдарынан болған өрт 19,4 мың гектарды шарпып, бес мыңға жуық адам көшірілген.

Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Әйтсе де, Еуропа неге әр жылы су астында қалады? АҚШ жерін шарлап жүрген дауылға не себеп? Үндістанда бірнеше жыл қатарынан ыстық ауаның тарқамауы неліктен? Африканың құрғақшылық құрсауында қалғанын қалай түсіндіруге болады? Ал, Эфиопияда өзендер тартылып, адамдар ашаршылыққа ұшырауда.

Мұхиттағы ауа айналымы әлі де жете зерттелмегенімен, мұндағы су деңгейі соңғы жүз жылда екі есе көбейген. Мұз қабаттарының қалыңдығы әдетте бір шақырымнан жоғары, аумағы 50-60 шаршы шақырым шамасында болады. Арктикалық теңіздердегі мұздықтар ғаламдық жылыну салдарынан біртіндеп шөгуде. Мәселен, әр онжылдықта олардың төмен түсу деңгейі – сегіз пайыз. Осы қарқын сақталса, 2060 жылға қарай Арктикалық теңіздер жойылады. Жер бетіндегі тіршілікке қатер төнеді.

Әйтсе де, осы қауіпті кешірек ұғып отырған секілдіміз. Мемлекеттер басшылары енді ғана қозғала бастағандай. Олар алдыңғы жылы Парижде бас қосып, осы мәселені талқылады. Нендей қорытындыға келді? Адамзат мүлдем жойылып кетпеуі үшін жер бетіндегі жылылықты қазіргіден шамамен екі градустан асырмау қажет екен. Дегенмен, осындай келісім жасалғанымен, алдыңғы кезекте экономикалық дамуын ғана көздеген елдер жетекшілерінің бұл талапқа көнер-көнбесі де белгісіз.

Қазақстандағы ахуал қандай?

Елбасы Париждегі алқалы жиналыста «Климат саласында жаңа әмбебап келісімнің қабылдануы қатысушы мемлекеттердің температураның көтерілуін индустриялық кезеңге дейінгі уақытпен салыстырғанда екі градусқа дейін шектеу арқылы қоршаған ортаның тозуына жол бермеуге әзірлігін айғақтайды. Қазақстан ұлттық және өңірлік ауқымдағы экологиялық проблемалармен белсене күресіп жатқан ел ретінде осы тарихи оқиғаға ерекше мән береді» деген-ді. Бұл – төніп тұрған қатерді біздің де сезініп тұрғанымыз. Өткен жылғы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің «Болашақтың энергиясы» аталып, баламалы энергетикалық қуаттарға арналғаны да сондықтан. Қазақстан әлем жұртшылығын осы қатердің алдын алуға шақырды.

Жалпы, кейбір мәліметтерге қарағанда, республикада ең ыстық жаз 1983 жылы болыпты. Әйтсе де, өз басым бұған күмән келтіремін. Өйткені, «Қазгидромет» былтыр еліміздің бірқатар өңірінде ауа температурасының жоғарылығын болжаған. Мәселен, өткен жылғы 26-30 шілдеде Жамбыл және Алматы облыстарында 40-43 градус ыстық күтілетіндігі ескертілген. Ал, 25-29 шілдеде Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстарында күн 45 градусқа дейін қызатындығы айтылған. Атырауда былтырғы 1-5 шілдеде температура 40-43 градусқа көтерілген. Кейбір дереккөздерде ілгергі жылдары Қызылорда облысында рекордтық 70 градустық меже тіркелгенін жоғарыда айттық. Адамдар күйіп кетпей қалай шыдады екен?

Жалпы, соңғы кезде Қазақстанда да жылыну үрдісі бар. Арал теңізінің құрғауы салдарынан аспанға көп көлемде ащы тұз ұшты. Әлемдік ауқымда бұрын кездеспеген ірі кен орындары қарқынды игерілуде. Өскен өнеркәсіп жаңадан энергетикалық қуаттарды қажет етуде.

Климатты жан-жақты зерттеу соңғы жарты ғасырда жүйелі жүргізілуде. Дүние жүзі төніп тұрған тажалды сезіне бастады. Оған қарсы күш біріктіруге тырысуда. Демек, көмірқышқыл газын атмосфераға көп көлемде тарату тоқтатылуы тиіс. Энергетика мәселесіне байланысты халықаралық комиссия 2020 жылды шекті мерзім ретінде атайды. Оның ар жағындағы әрекет тиімсіз болмақ. Яғни, адамзат осы соңғы мүмкіндікті пайдаланып қалуы қажет.

Париж келісімі бойынша Қазақстан 2020 жылға дейін көмірқышқыл газының көлемін қысқартуы тиіс. Ол үшін жел мен күн сәулесін көбірек қолдануды қалыптастыру керек. Бүгінде Еуропаның дамыған мемлекеттерінде ол жалпы энергетикалық қуаттың 30-40 пайызын құрайды. Біздегі деңгей әлі тым төмен. Ендеше, алда атқарар іс жеткілікті.

P.S. Сонымен, ауа райын болжаушылардың мәліметінше, биылғы тамызда Атырауда негізінен ыстық күндер сақталады. Рас, аспан айналып жерге түскендей болмас, бірақ, орташа температура 33-35 градусқа көтеріледі. Кей күндері көк жүзін ала бұлт торлап, аз ғана жаңбыр жауады. Ал, 8 тамызда нөсер жауын күтілуде. Айдың соңғы күндері 26-27 градус жылылық сезіледі. Сірә, ар жағындағы қоңыр күздің салқындығы  шығар. 

Сіз не дейсіз?

Келіс Жайлыбай, биология ғылымдарының докторы, профессор:

Осыдан кейінгі 20-25 жылда Еуразия құрлығы ортасында орналасқан далалық және шөл-шөлейт аймақтары 60 пайыздан асатын Қазақстанда өте күшті қуаңшылық қалыптасып, тұщы су проблемасы туындауы мүмкін.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз