Жылой ауданында қандай жұмыстар атқарылуда?
Құлсары қаласындағы 300 орындық мектеп құрылысы жыл соңында аяқталады
Жылыой ауданында құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау, спорт бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына тоқталып өтті.
-Құлсары қаласында 300 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұған 118,9 млн. теңге қаржы бөлінген. Мердігер мекеме «Тараз құрылыс инвест» ЖШС. Құрылыс жұмыстары толықтай желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі, деді Х.Жамалов.
Сондай-ақ ол Құлсары қаласында денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында 75 орындық орталық ауруханасының құрылысы жүріп жатқанын жеткізді. Аталған құрылыс ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Ал, «Игілік» бағдарламасы шеңберінде аудан орталығындағы стадионның күрделі жөндеу жұмыстары жоспарлы жүргізілуде.
Жылыойда биыл 432 адам жұмыспен қамтылды
Биыл ауданда Жұмыспен қамту орталығына 1408 жұмыссыз тіркеліп, оның 432-і жұмыспен қамтылған. «Еңбек» бағдарламасы бойынша әлеуметтік жұмыс орнына 33 адам, жастар тәжірибесіне 24 жас маман тәжірибе жинақтауға және ақылы қоғамдық жұмысқа 163 адам тартылған.
-Жыл басынан бері 1 рет «Бос жұмыс орындарының» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 355 адам қатысып, 25-і тұрақты жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ Теңіз кенішіндегі мекемелермен мүмкіндігі шектеулі адамдарды, Пробациялық қызмет есебінде тұрған, жазасын өтеу орындарынан босап шыққан азаматтарды квота шеңберінде жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде 13 мүмкіндігі шектеулі жандарды және 12 бас бостандығынан айырылып, босап келген адамдарды жұмысқа алуына оң шешім қабылданды. Қазіргі таңда жұмыссыздықты азайту – басты міндетіміз болып табылады, деді аудан әкімі.
Құлсары қаласындағы электр желілері қараша айына дейін толықтай жаңартылады
«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде Құлсары қаласында трансформаторларды орнату және электр желісі мен бағаналар жүргізу жұмыстары осы жылдың ақпан айында басталған. Жұмыстар қараша айында аяқталады деп күтілуде.
-Жұмыстар аяқталған соң қаланың №1, 5, 6, 8, 9 ауылдары, Жадырасын, Солтүстік Аэропорт, Оңтүстік Аэропорт, Автожолшылар, СМП-224, СМП-615, Теміржолшылар, Вахташылар Мұрагер, Мешіт ықшам аудандарының электр мәселесі толықтай шешіледі, деді Х.Жамалов.
Сонымен қатар аудан әкімі «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қосшағыл ауылында электрмен қамту бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптама қорытындысы алынғанын айтты. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жарияланған.
Айта кетейік, өткен жылы Қосшағыл ауылына көше жарығын жүргізу жұмыстары аяқталып, жалпы ұзындығы 7,5 шақырым көше жарығы пайдалануға берілген болатын.
Жылыой ауданында мектептер 100 пайыз интернет жүйесіне қосылған
Жылыой ауданында 20 жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс істейді. Мұндағы оқушылар саны 18220. Ауданның білім беру саласында барлығы 1704 мұғалім жұмыс жасайды. Осы оқу жылында 47 маман жұмысқа орналасқан.
Мектептен тыс 4 мекеме жұмыс жасайды. Қосымша біліммен 5226 оқушы қамтылған. Қосымша біліммен қамтуды көбейту мақсатында «Үміт» жеке меншік орталығы ашылып, 161 баланы қамтыды. Ал, мектептер 100 пайыз интернет жүйесіне қосылған, деді Х.Жамалов.
Сондай-ақ аудан әкімі балабақшалардың жағдайын да айтып өтті. Оның айтуынша, ауданда 24 балабақша бар, оның үшеуі жеке меншік. Мұнда 4486 бала тәрбиеленуде.