ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

ЕНДІ КӨЛІК БАҒАСЫ ЖАППАЙ АРЗАНДАЙ МА?

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ШЕТЕЛДЕН КӨЛІК ӘКЕЛГЕНІНДЕ ЕУРОПА АЗАМАТТАРЫНАН 20 ЕСЕ КӨП УТИЛЬДІК АЛЫМ ТӨЛЕЙДІ ЕКЕН. АЛ, ЖАПОНИЯДАҒЫ ТӨЛЕМ МӨЛШЕРІ БІЗДЕГІДЕН 80 ЕСЕ ТӨМЕН. ҚОҒАМДА ЕРЕКШЕ ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТҚАН, ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛТАСЫНА САЛМАҚ САЛАТЫН ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕ АҚЫРЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ НАЗАРЫНА ДА ІЛІКТІ-АУ.

«ӨКМ операторы» қызметін 2016 жылы бастағаннан бері утилизациялық алым түрінде компанияға 691,9 миллиард теңге түскен. Осы ақшадан автокөлік өндірушілерге 338,09 миллиард теңге берілген болса, экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд. теңге жұмсалған. Ал, салыққа 49,1 млрд. теңге төленген. Жіліктің майлы басын ұстаған жеке компания қоржынында 220 млрд.теңге көлемінде қаражат қалған. Түскен қаржының 68 пайызы, яғни 295 млрд. 586 млн. теңгесі өздігінен жүретін ауыл шаруашылық техникалары өндірісін ынталандыру мақсатында жұмсалған.

МАШИНА БАҒАСЫ АРЗАНДАЙ МА?

Ел Президентінің тапсырмасымен «ӨКМ операторы» ЖШС Қазақстанда утильдік алым жинау құқығынан айырылды. Ал, жиналған активтер толығымен мемлекетке берілетіндігі белгілі болып отыр. Автокөлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру мемлекет функциясы болып табылатынын ескерсек, аталған тақырып бизнес пен қоғамда кеңінен талқыға түскені дұрыс. Үкімет қаулысына сәйкес, енді утильдік алым мәселесімен «Жасыл даму» акционерлік қоғамы шұғылданады. Экономист Дәулет Төлеутайұлының осыған қатысты айтары бар. Ол «қажетті шаралар жүзеге асса ғана елде көлік бағасы арзандайды» деген пікірде.

Бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев утилизациялық алым бойынша жеке мемлекеттік оператор құру жоспарланып отырғанын және ол өнеркәсіпті дамыту қоры базасында ашылатынын айтқан еді. Сондай-ақ, утилизациялық алым есебінен отандық көліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучер берілмекші екен. Дегенмен, бұл шешім қоғам белсенділеріне ұнамағанға ұқсайды. Олар әлеуметтік желілерде қарсы пікірлерін ашық жазып жатыр. Мәселен, азаматтық белсенді Нұраддин Садық «бұл түбегейлі қате» деген ойын жеткізді. Оның айтуынша, жоба нақтылауды қажет етеді. Ал, дәл осы күйінде қабылданса, нәтижесін бермейді. Халықтың ақшасы бір қалтадан екінші қалтаға ғана өтеді.

– Өйткені, аталған қордың осы күнге дейін олигархтарға қызмет етіп келгені бәріне аян және ол РОП формасында болмауы керек. Біздің ұсыныс – республикалық мемлекеттік кәсіпорын болуы қажет. Сонда ғана ол халықаралық стандартта ратификациялауға мүмкіндік береді. Яғни, республикалық мемлекеттік құрылым болған жағдайда халықаралық құжаттарға қол қоя алады. Ресейде немесе өзге мемлекетте утильдік алымы төленген автокөлік Қазақстанға келгенде бірден есепке алынуы қажет. Сол сияқты, Қазақстанда алымы төленген автокөлік Ресейге сатылса, оның да утильдік алымы есептелуі керек. Бұрынғы РОП-тың мұндай мүмкіндігі болған жоқ, – дейді ол.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА КІНӘЛІ…

Соңғы жылдары кәдеге жарату алымына қатысты қоғамда қарсылықтар қардай борағаны бар. Себебі де жоқ емес. Алымның мөлшері қарашаның қалтасына соқты. Ол елдегі көлік бағасының да еселеп өсуіне себепші болды. Осының әсерінен елдегі әр төртінші техниканың ескіргенін есептеңіз. Өкпесін сүйреткен түтінмен тұмшаланатыны айтпаса да түсінікті. Негізі, кәдеге жарату алымының әу бастағы мақсаты – ескі автомашиналардың жарақтарын қайта өңдеп, отандық көлік өндірісіне қаржы құю, бюджеттің қоржынын қампайту еді. Осылайша, автопарктерді жаңалауға жәрдем беруі тиіс болатын. Дегенмен, елдің сеніміне селкеу түсті.

– Ауылшаруашылық, арнайы, жүк көліктері утильдік алымнан түгелдей босатылуы қажет. Себебі, олар – экономиканың драйвері. Ауылшаруашылық техника қымбаттағаннан кейін ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік те арзандамайды, – дейді кәсіпкер, сарапшы Нұраддин Садық.

Оның айтуынша, кабельдерге қойылған утильалымда алынғаны жөн. Соның салдарынан коммуналдық қызмет те, үй бағасы да аспандап барады. Тапсырма жүктелді, елді алаңдатқан механизм дұрыс құрылуы керек-ау. Түсінгеніміз, бұған дейінгі утилизация алымы – нарық пен халық талабына қарсы әрі қаржылық түсініксіз құрылған схема. Ол жұмысын жалғастыра бергенінде экономиканың барлық салалары үшін бірқатар келеңсіздіктер алып келуі мүмкін еді.

ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН ТЕХНИКАЛАР

Бастапқыда автомобиль және оның компоненттеріне утильдік алым енгізілді. Кейін қораптау үшін де утиль алымның мөлшері бекітілді. Сол жылы ауылшаруашылық техникалары да жүйеге енгізілген болатын.

– Отандастарымыз неліктен отандық көлікті сатып алмайды? Себебі оның бағасы өте қымбат. Утилизациялық алымның мөлшері де жоғары. Мысалы, көлемі 2 м³ болатын жеңіл көліктің утилизациялық алымы 1 458 500 теңгені құрайды. Ал, дамыған елдерде ол 100 мың теңгеден аспайды екен. Сондықтан, аталған мәселемен айналысатын «Жасыл дамудан» үмітім зор, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Қайрат Мұратұлы.

А й т с а а й т қ а н д а й , қазақстандық нөмірлі көліктерге қолы жетпеген азаматтар Ресей, Армения, Қырғызстан елдерінен жаппай көлік тасымалдай бастады. Қазір елімізде шетелдік нөмір таққан 300 мыңға жуық көлік бар.

УТИЛИЗАЦИЯЛЫҚ АЛЫМ ДЕГЕН НЕ?

Утильдік алымның мақсаты – қазақстандық автоөнеркәсіпті қолдап, ішкі нарықты сақтап қалу. Сондай-ақ, елдегі ескі көліктерді азайту болатын. Дегенмен, біздегі бұған дейінгі жүйе қарашаның көңілінен шықпады. Автопарктер де жаңаланған жоқ. Біз, бар болғаны, ескі көліктерді жаншып-мыжып, металл ретінде өткізіп қана келдік. Біздегі утильалымның көрінісі – осы. Деректерге сүйенсек, 2016 жылы утилизациялық алымды енгізгеннен бастап, отандық жүк тасымалдаушылардың автопаркі небары 800 автокөлікке жаңарған.

СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСПЕСІН ДЕСЕК…

Айлықтан айлыққа күн кешіп отырған жан үшін автокөлік үй мен жұмыс арасында қатынайтын құрал. Қажет кезде таксилетіп қаражат табар табыс көзі де. Темір тұлпар бүгінгі күні басты қажеттілік болып отыр. Сол себепті, автомобиль халық үшін қолжетімді болуы үшін утилизациялық алым мөлшері әділетті түрде есептелуі қажет. Оның коэффициенті еуропалық елдермен теңессе, ел сенімі ақталар еді.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА …

Кәдеге жарату төлемін әкімшілендіру функциясын алған «Жасыл даму» акционерлік қоғамы кәдеге жарату төлемінің мөлшерлемесіне қатысты мәлімдеме жасады. Хабарламада «Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері» операторының функциялары мемлекеттік компанияға берілді. «ӨКМ операторы» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100 пайыз қатысу үлесі жекеменшіктен мемлекет меншігіне өтті. «Жасыл даму» АҚ-ның қазіргі кезеңдегі бірінші кезектегі міндеті – ӨКМ мемлекеттік операторының қызметін жоспарлы режимде тез арада қалпына келтіру үшін ұйымдастырушылық-құқықтық шараларды қабылдау. Бұл ретте кәдеге жарату төлемінің қазіргі мөлшерлемелері тарифтерді уәкілетті орган қарастырғанға дейін жарамды болады. Оны әзірлеу және талқылау жақын арада жоспарланып отыр» делінген.

ЖАҢА ОПЕРАТОР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

«Жасыл даму» АҚ Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетіне тиесілі. Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, компания 2013 жылдың 29 наурызында шағын кәсіпорын ретінде тіркелген, бірақ 2002 жылдан бастап мемлекеттік сатып алуларға қатысқаны жазылған. Компанияның атқаратын негізгі қызметі – қоршаған ортаны сақтау, қалпына келтіру және сапасын жақсарту бойынша жағдай жасау. Акционерлік қоғамның мақсаты – басқару жүйесін әзірлеу және қалдықтың барлық түрін басқару және кәдеге жарату жөніндегі тікелей жұмыс, Қазақстанда парник газдар шығындысын реттеу мен саудалау жүйесін құру және бірқалыпты жұмыс істеу арқылы парник газдар шығарындысын азайту. Компания сайты мен «есеп» контрагентін тексеру сервисінің мәліметі бойынша, акционерлік қоғамның бас директоры Азамат Әлімбаев. Ал, директорлар кеңесінің құрамында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, Қаржы министрлігінің басқарма басшысы Амангелді Тойбаев пен KazWaste қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафиналар бар.

Дайындаған Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button