ЖІП ТЕ, ҚАП ТА ӨЗІМІЗДЕН ШЫҒАРЫЛА БАСТАДЫ

574hfАлдағы уақытта зауытта тағы 450 жұмыс орны ашылмақ

Елімізде жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру картасы негізінде әртүрлі сала бойынша көптеген жобалар қолдау тауып, өнеркәсіп саласының қарқынды дамуына үлкен мүмкіндіктер ашуда. Аталған жобалардың, әсіресе, экономикасы қуатты Атырау қаласы үшін ерекше маңызы бар. Индустрияландыру картасы шеңберінде біздің облыста қолға алын-ған жобалардың бірі – «КасХим» ЖШС техникалық шпагат және полипропилен қап шығаратын зауыты, жоба құны – 2 млрд. 84 млн. теңге.

Зауыт директоры Александр Перкиннің айтуынша, қайта жаңартылған бұрынғы химзавод ғимаратына орналасқан жаңа зауыт өз жұмысын облыста 2008 жылы бастап, алғаш өнімді 2011 жылдан бері шығара бастады. Қуаттылығы жылына 1200 тонна шпагат пен 15 млн. дана қап шығару, оның ішінде 5 млн. целлофан пленкасымен және 10 млн. қаптың таза өзі дайындалады.
Солардың ішіндегі ең кенжесі «КасХим» ЖШС техникалық полипропилен шпагат пен қап, сонымен қатар, әртүрлі жүк көтеретін контейнер-қаптар өндіреді. Зауытты аралау барысында өнім шығару процесімен таныстық. Әуелі пропилен түйіршіктер пайдаланылады, олар Түркіменстан елінен әкелінеді екен. Ол арнайы қондырғыда 250 градусқа дейін қыздырылып, одан арнайы пленка шығады, кәдімгі күнделікті тұрмыста қолданылып жүргендей пленка қаптар секілді. Содан кейін ол пленка иіріліп жіп болады, одан ол станокқа барып, бірнеше жіптер қосақтаса келе шпагат жіп құрайды. Қапшық та осындай әдіспен өндіріледі.
Зауытта 2012 жылы 400 мың тонна техникалық шпагат және 700 мың тонна шөп байлағыш шпагат, 300 мың тонна 500-ден 2500 килограмға дейін салмақ жүкті көтеретін жұмсақ қап-контейнерлер мен 15 млн. шағын қап өндіріліпті. Зауыт сондай-ақ, қант және ұн өнімдері қаптарына астар ретінде қаптауға арналған пленкалар да шығарады. Зауыттан шыққан өнімдер «Восток-цемент», «Шымкент-цемент», «Арал-тұз», «Казхром», «Қазазот» сынды кәсіпорындардың тапсырысын орындап отыр. Сонымен қатар, Ресейге экспортқа шығару да басымдыққа ие, яғни өнімнің тең жартысы дерлік сыртқы нарыққа экспортқа шығарылады.
Өнім шыққан жерде одан шығатын қалдық та болады. Зауытта қалдықтарды кәдеге асыру да жақсы жолға қойылыпты. Шпагат не қаптардың қиындыларын далаға тастамай, арнайы қондырғы арқылы ол қалдықтар өңделіп, одан түйіршіктер шығарылады. Ол түйіршіктер де жоғарыда айтқандай, жолмен өңделіп барып, жаңа шпагат не қап пайда болады. Бірақ, алдыңғыдай емес, екінші сортты өнім береді. Сонда зауыт шығынсыз дерлік жұмыс жасайды.
Зауыттағы станоктар австриялық «Старлингер» фирмасының қазіргі заманғы жабдықтары, олар сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Өнімдері сапалы болғандықтан да ішкі-сыртқы нарықта сұранысқа ие болып отыр. Барлық қондырғы-жабдықтарға ай сайын техникалық тексеру жүргізіліп отырады. Зауытта бір жіп дайындайтын, 12 мата дайындаушы, екі кескіш, екі баспа, бір ламинат, 35 тігін машинасы, бір утилизация станогы, төрт жүк машинасы бар. Бүгінгі күні штатта 148 адам болса, олардың ішінде 110 адам таза өндіріспен шұғылданушылар. Бір айта кетерлігі – мамандардың бәрі жергілікті адамдар.
«КасХим» ЖШС директорының айтуынша, қазірде қосымша жабдықтар алынуда және оларды орнату үшін зауыт аумағынан жер телімі бөлініп, жаңа ғимарат салынбақшы. Сонда алдағы жылдары зауыт қуаттылығы үш есеге артады. Қазір ол станоктардың біразы әкелініп, орналастырылуда. Ол жабдықтардың бәрі іске қосылған сәтте жаңа 450 жұмыс орны ашылады. Бұл, әрине, жергілікті жұмыссыздар үшін тұрақты жұмыс көзі болары анық. Ал, зауытқа токарь, электрик мамандары қажет, өйткені, жабдықтар токпен жұмыс жасайды және темір болған жерде ақау табылып тұрады. Міне, сондайда темір ұстасы мен электр маманының өндірісті тоқтатпау үшін жұмысқа кірісе кететін тұсы сол.
«Бізге жұмыс сұрап келушілер көп, бірақ, олардың көбі – жоғары білімді заңгер мен экономистер, ал, бізге керегі – өндірістік мамандар. Қаптаған заңгер мен есепшінің қажеті жоқ», – дейді А.Перкин. Расында да, қазір көптеген өндіріс орындары ашылып жатыр, оларға керегі – креслода шайқалып отыратын лауазым иесі емес, бесаспап мамандар. Сондықтан, жұмыссыздардың жаңа кәсіпке бейімделіп, қайта даярлау курстарынан өтіп, жаңа мамандықтарды меңгергені абзал.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз