АҚЫЛДАСУ АРТЫҚ ЕТПЕЙДІ

Жуырда «Даму» қорының мәжіліс залында Атырау облысының өңірлік Кәсіпкерлер палатасының былтыр атқарған жұмыстары мен үстіміздегі жылғы жұмыс жоспарын талқылауға арналған мәжіліс болды.

Кәсіпкерлер отырысын Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңес төрағасы Абай Жұмағұлов ашып, жүргізді. Төрағаның айтуынша, өткен жылы онға тарта мәжіліс өтіп, аймақтағы кәсіпкерлікке қатысты 24 мәселе қаралған. Әрине, кәсіпкерлерді толғандырып жүрген проблемалар да аз емес. Солардың біразы, атап айтсақ, жерге қатысты әкімшілік тұсаулардың азайып, кәсіпкерлердің құқықтық қорғалуы оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесі мен Кәсіпкерлер палатасы дирекциясының бірлесе жұмыс жасауы арқасында шағын және орта бизнес өкілдері мен «Теңізшевройл» ЖШС басшылығы арасында келіссөздер жүргізілді. Соның айғағындай, қазіргі күні бірнеше жоба игерілу үстінде. Бұлардан басқа, аталған кеңес төрағасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде атқарылып жатқан жұмыстар мен «Моноқала» бағдарламасына тоқталды. Сондай-ақ, Абай Жұмағұлов «Ұлттық индустриялық мұнайхимиялық технопарк» арнаулы экономикалық аймаққа қатысты мәселелердің мүмкіндігі толық игерілмей отырғанын да сөз етті.

Облыстың өзекті мәселесінің бірі – инфрақұрылымы толық жүргізілген бос жер учаскелері жоқ. Бұл, сөз жоқ, инвесторлар тартуға қолбайлау болуда. Осыған орай кеңес төрағасы «Қарабатан» зауыты маңындағы индустриялық аймақты республикалық бюджет есебінен қаржыландыру қажеттігін айтты. Отырыста облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағының төрайымы, танымал кәсіпкер  Әлия Бекқожиева да аталған мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді.     

Одан кейін Атырау облысының өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев сөз алып, жасалған жұмыстарға тоқталды. Аталған мерзім ішінде палата кәсіпкерлердің мұң-мұқтажына қатысты біраз іс тындырыпты. Олардың ішінде кәсіпкерлердің құқын қорғау, оларға заңгерлік-консалтингтік көмек көрсету жұмысы көбірек орын алған. Рас, облыс орталығында мұндай қиындықты шешу ауыл-селолардағы кәсіпкерлерге қарағанда әлдеқайда жеңілірек. Олар бір сұраққа дұрыс жауап алу үшін Атырау қаласына келуі керек. Ал, сонау жүздеген шақырым жердегі кәсіпкер мынадай қыста қалай жетеді? «Сол себепті, – дейді Асылбек Жәкиев, – біз облысымыздағы жеті ауданнан палатамыздың өкілдіктерін ашып отырмыз. Ол өкілдердің бәрі де кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар».

Шыны керек, бүгінде кәсіптің қай түрінде де – құрылыс, нан-ұн өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы саласы, мұнай өнімдері – бәрінде де түйінді мәселе баршылық. Бұл аздық еткендей, алкоголь өнімдерін сатуға берілетін лицензиялық алым енді жыл сайын алынатын болды. Кәсіпкерлерді алаңдатып отырғаны –  егер олардың бірнеше сауда нүктесі болып, олар әр мекен-жайда орналасса, онда лицензия соның әрқайсысына жеке-жеке алынатындығы. Сонымен бірге, отырыста кәсіпкерлер спирттік ішімдіктердің акциздік маркасы, жеңіл көліктердегі жас балаларды арнаулы кресло-орындықтармен тасымалдау туралы да өз ойларын ортаға салды.

Кәсіпкерлер отырысының соңына қарай Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңес төрағасы Абай Жұмағұлов облысымыздың экономикасы мен өркендеуіне зор үлес қосып жүрген кәсіпкерлер – Әбірбек Тоқтыбаев пен Раиса Көшекованы ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Құрмет грамотасымен, тағы бір топ кәсіпкер – Әділ Жұбанов, Нұрасыл Жарбасов, Асхат Дүйсемалиев және басқаларын Алғыс хатпен марапаттады.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз