
Тұрақты дамудың кепілі
Атырауда өткен мұнай-газ саласына арналған халықаралық форумда сала көшбасшылары маңызды мәселелерді талқылады. Бұл жиын – тәжірибе алмасу, жаңа серіктестіктер орнату және индустриядағы өзекті бастамаларды ілгерілету үшін үлкен мүмкіндік береді.
Мен энергетика саласының өкілі ретінде, мұндай ауқымды жиындардың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Форум барысында инвестициялық жобалар, өндірістік даму стратегиялары және экологиялық тұрақтылық секілді өзекті тақырыптар көтерілді.
Биыл өңірде 16 жоба іске асырылып, 719 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» және Энергетика министрлігі тарапынан 6,4 трлн. теңге көлеміндегі 5 ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы жоспарланып отыр. Бұл салаға жаңа серпін беріп, Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайтуға септігін тигізері сөзсіз.
Осындай форумдар – сала мамандарының басын қосып, ортақ шешімдер қабылдауына арналған маңызды алаң. Қатысушылар Атырау облысының экономикасын дамыту бағытындағы жобаларды қолдау қажеттілігіне бірауыздан келісіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Біздің мақсат – мұнай-газ саласын экологиялық талаптарға сай дамыту, технологиялық жаңғыруды жеделдету және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы жолда бірлесіп еңбек ету – табысты болашағымыздың кепілі.
Мейірбек ҒҰБАШЕВ,
“Атырау Жарық” ЖШС директоры