ТҮПНҰСҚАЛЫҚ ӨНІМ ШЫҒАРУДЫҢ таптырмайтын мүмкіндігі
Халықаралық машина жасау орталығы (IBM) мұнай-газ саласына арналған машина шығару өндірісінің саласының дамуына арналған форумын өткізді.
Басқосу Н.Балғымбаев атындағы коммуникация орталығының базасында ұйымдастырылды. Дәстүрлі форумның өткізілуіне Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі,«PSA» ЖШС, «Тенгизшевройл», «НКОК», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниялары тәрізді ірі мұнай-газ операторлары қолдау көрсетті.
Форумның ашылуына орайластырылған салтанатты рәсімде Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев және ұлттық компаниялардың өкілдері сөз сөйледі. Шара барысында Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындары операторларының қызметі туралы баяндамалар тыңдалды. Бұл жөніндегі таныстырылымды «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лион, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» бас директоры Марко Марсили, НКОК-тың басқарушы директоры Джанкарло Руи, сондай-ақ отандық мұнай-газ жабдықтарын өндіруші кәсіпорындарды өкілдері жасады.
IMB Орталығының бас директоры Әсет Мағауов өз сөзінде машина жасау секторындағы жергілікті қамтуды дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар операторлардың қажеттіліктерін талдауға қатысты атқарылған жұмыстар мен қазақстандық тауар өндірушілерді ірі мұнай-газ жобаларын игеруге тарту жөніндегі жоспарларымен таныстырды.
Тауар өндірісін жергілікті жағдайға бейімдеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың көрнекілігін арттыру мақсатында «Ашық есік күндері» форматында көрме ұйымдастырды. Осылайша, ірі кен орындарына сатып алынған жабдықтар мен материалдардың үлгілері отандық тауар өндірушілердің назарына ұсынылып, тараптардың пайдалы тәжірибе мен ақпарат алмасуына мүмкіндік берілді. Іскерлік байланыстарды қалыптастыру мен өзара ынтымақтастықты нығайту үшін ТШО, НКОК және ҚПО компанияларының өкілдері қазақстандық кәсіпорындармен бірқатар кездесулер өткізді. Тауарлардың техникалық сипаттамалары, тендерлік рәсімдер, жергілікті жеткізушілерді қолдау тетіктері және мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамтуды арттыруға бағытталған тың бастамалар талқыланды.
Сонымен бірге, форумға IMB Орталығының қолдауымен Қазақстан Республикасында өз өндірісін жергіліктендірген шетелдік түпнұсқалы жабдықтарды шығаратын ірі компаниялардың өкілдері де қатысу мүмкіндігін иеленді. Нәтижесінде, болашақта түпнұсқалық жабдықтарды өндірушілердің қатысуымен бірлескен кәсіпорындар құру бойынша келелі әңгіме қозғалып, алғышарттары жасалды. Іс-шараға шетелдік және отандық мұнай-газ машина жасау компанияларының, мүдделі мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтар мен даму институттарының 300-ге жуық өкілі қатысты.