ЕСКІ КӨЛІКТЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

programma utilizacii 2016 1 Жаңалықтар

Atr.kz/30 шілде, 2019 жыл. Елімізде ескі көліктер көбейіп барады. Барлығы 4,5 миллионға жуық техниканың 2,5 миллионы 20 жылдан астам пайдаланылыпты. Атырауда да «бауырын» сүйреткен «темір тұлпар» аз емес.

Облыста «Ескі көліктерді утилизациялау» бағдарламасы бойынша 2500 машина жойылды. «Оператор РОП» ЖШС-нің Атыраудағы аймақтық менеджері Қуаныш Омарғалиевтің айтуынша, шалғай аудандарда қаңтарылған темір-терсек әлі де жетерлік. Орталыққа эвуакуатормен жеткізудің қиындығы мен қаражаттың тапшылығынан ауыл тұрғындары мүмкіндігін пайдалана алмай отыр. Бұл қиындықты шешудің жолы бар ма? Отандық көліктер неге қолжетімді емес?

Автосалонды айналшықтаған жұрт Жолдас есімді қала тұрғынының жеңіл көлік іздегеніне біраз уақыт болыпты. Автосалондарды аралап, базарды жағалап шыққан. Жарнама арқылы көлік сатушыға да хабарласқан көрінеді.

– Жолықтырғаным негізінен ескі машина. Жаңаларының құны аспандап тұр. Салондағы «TRADE IN» бағдарламасы бойынша алынған, бұрын пайдаланылғандарының да құны жоғары, – деді «Атырау Тойота» орталығында кездескен ол.

Аталған автосалонға келген халықтың қарасы көп. Олардың біразы саттыққа қойылған ескілеу техникаларды айналшықтап жүр. Менеджер біздің қолымызға да баға парағын ұстатты. Байқағанымыз, тізімдегі техникалардың құны әртүрлі.

Мәселен, 2012 жылы шыққан Тойота Раф-4 көлігі – 6 млн. 150 мың, одан екі жыл кейінгісінің бағасы – 8 млн. теңге. Өзгелерімен салыстырғанда арзандау көрінген 2011 жылғы Киа Соренто кроссоверіне 4,6 млн. теңге сұрайды.

«Қолмақол ақша болса, 200 мың теңгесін түсеміз» дейді сауда кеңесшісі. Алайда, бұл көліктің техникалық жағдайы, осыған дейін жүрген шақырымы күдік туғызады. Ойымызды оқып қойса керек, сауда жасаушы «көліктің нақты қанша шақырым жүргенін білмейміз. Оның иесі құрылғыны кейін бұрап, қитұрқылық жасауы да мүмкін. Біз жабдықтағы көрсеткішті ғана жазамыз» деп ақталды.

Айтпақшы, жаңа Раф-4 11 млн. теңгеге бағаланыпты. «Аltyncar» автосалонындағы менеджер кейбір көліктер кузовының қайта жөнделіп, сырланатынын жасырмады. Мәселен, жол талғамайтын Киа Спортиджтің бәсі – 5 млн. 300 млн. теңге.

«Несиеге алынса, көлік құны төмендемейді. Қолма-қол ақшаға ғана саудаланады» деді ол.

«Темір тұлпар» жалын ұстатпай тұр «Темір тұлпар» қымбаттығы себепті қарапайым тұрғынға жалын ұстатпауда. Бұдан бұрынғы «7-20-25» автонесиелеу бағдарламасы аяқсыз қалды. Бастама жүзеге асса, ескі көліктен құтылуға мүмкіндік туар еді. Дегенмен, Үкімет мәселені шешуге ұмтылып отыр. Жуырда Үкіметтегі жиында еліміздегі автокөлік өнеркәсібін дамыту жоспары талқыланды. Алдағы уақытта отандық көліктерді алуға бөлінетін несиені бес есеге арттыру көзделуде.

– Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша автоөнеркәсіп саласы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға өсті. Бұл өңдеуші сектордың маңызды құрамдас бөлігіне айналуда. Сондай-ақ, оның өсімінде үлкен әлеует бар. Егер де өткен жылы 30 мыңға жуық автомобиль шығарылса, биыл 60 мыңға жуық көлікті ұсыну жоспарланып отыр, – деді Премьерминистр Асқар Мамин.

Жаңа автомобиль санын 2021 жылға қарай 100 мыңға жеткізу көзделуде. Алайда, қымбат көліктер халыққа қолжетімді бола ма? Үкімет басшысының пікірінше, өткен жылы жеңілдікпен автонесиелеу бойынша 3,2 мың техника қаржыландырылған. Биыл несиелеу көлемі 15 мың көлікке дейін жеткізілмек. Мамандардың пікірінше, отандық автокөлікті сатып алуға сұраныс арта бастапты.

Мәселен, «ҚазАвтоПром» компаниясының мәліметінше, жыл басынан бергі бес айда елімізде 24,7 мың жаңа «темір тұлпар» сатылған. Яғни, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, 19,9 пайызға артып отыр. Республикада құрастырылып, саудаланған көліктердің үлесі бір жыл ішінде 47,1 -ден 55,6 пайызға дейін өсіпті.

Керісінше, импорт 52,9 -дан 44,4 пайызға төмендеген. Жуырда Ұлттық банк отандық көліктерге қатысты жаңа автонесие бағдарламасын бекітті. Оны биылғы жылдың екінші жартысынан бастап енгізу жоспарлануда. Әзірге бағдарламаға қатысушы банктер анықтала қойған жоқ. Ол жақын күндері жүзеге асады.

– Несиеге берілетін автокөліктің құны 15 млн. теңгеден аспауы қажет. Займ 7 жылға дейін беріледі. Атаулы сыйақы мөлшерлемесі 4 пайыздан жоғары болмайды. Қарыз теңгемен ұсынылады, – деді Ұлттық банк Атырау филиалының бас маман-экономисі Ерболат Ақтанбаев.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы 1 қаңтардан бері банктердің жеке тұлғалардың автокөлік сатып алуы үшін несие портфелі 356 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 20,3 пайызға жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр. Мұның ішінде автонесиенің саны өсіп келеді.

Әсіресе, жұртшылықтың бұрын пайдаланылған техникаларды көбірек саудалайтыны белгілі болды. Өйткені, жаңасына екінің бірінің қолы жетпейді. Әрі банктер қалтасы жұқа адамды маңына жолатпайды. Ескіні тапсырып, сертификат ал! Атырау қаласының Менделеев көшесіндегі ескі көліктерді жинау бекетінің алаңы техникаға толы.

«Оператор РОП» ЖШСнің Атыраудағы аймақтық менеджері Қуаныш Омарғалиевтің баяндауынша, биыл 104 атыраулық тозығы жеткен «темір тұлпарын» тапсырып, өтемақы алыпты. Ал, 161-і арнайы сертификатқа ие болған. Бұл құнды қағаз жаңа көліктің құнын төмендетуге көмектеседі.

Мәселен, жүрмесе де қажетті босалқы бөлшектері тізімделсе, жеңіл машина иесіне ақшалай 315 мың теңге беріледі. Ал, ауыр техникаға (мысалы, Камазға) 750 мың теңгенің сертификаты ұсынылады. Тұрғындардың екі құнды қағазды қатар алып, жаңасын едәуір жеңілдікпен иемденуіне мүмкіндігі бар.

– Бізге келетін адамдардың саны көбейе түсуде. Оларды тізім бойынша кезегімен қабылдап жатырмыз. Сұраныстың көптігіне байланысты әр сенбі сайын акция ұйымдастырамыз. Сол күні мұнда келушілерге кезексіз техникасын тапсыруына мүмкіндік жасалады, – деді аймақтық менеджер.

Нығыздағыш құрылғы есік пен төрдей көлікті қамырша илеп, кәдімгі сандықтың көлеміндей қалдыққа айналдырады. Осылайша, жинақталған ескі көліктер Қарағандыдағы зауытқа, аккумуляторлар Талдықорғанға жөнелтіледі.

  • Дегенмен, ауыл тұрғындары ауласындағы қаңтарылған көліктен қалай құтыларын білмей отыр. Өйткені, олардың ескі техниканы облыс орталығына жеткізуге мүмкіндігі жоқ. Жылжымалы қабылдау бекеті де ұйымдастырылмады. Сонда аудан тұрғындары тиімді жобаның игілігін қашан көреді?

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз