
ТШО: Тендерге қатысудың жолдары қандай?
Алып компания тендеріне қатысудың жолдары қандай? Оған кімдер қатыса алады? Осынау маңызды мәселелер өңірде мұнай және газ көрмесі аясында өткен «Теңізшевройл» ЖШС-нің қазақстандық қамтуды дамытуға арналған семинары барысында талқыланды. Өзекті тақырыпты қамтыған шарада көпшілік көкейіндегі сауалдарға жауап беріліп, құнды ақпараттар айтылды. Әсіресе, жергілікті және шетелдік компания өкілдері тендерлік процестер туралы білімдерін жетілдірді.

Сөздің шыны керек, осыдан отыз жыл бұрын шетелдік инвесторлар елімізге қомақты қаражат жұмсап, алып жобаларды жүзеге асырған сәтте мұнай кәсіпорындарына сервистік қызмет атқаратын қазақстандық компаниялар саусақпен санарлық еді. Тіпті, жоқтың қасы десек те артық айтқандығымыз болмас. Соңғы жылдары олардың қатары көбейіп, отандық серіктестіктер озық технологияларды енгізу арқылы өзгелермен иық тірестіре алатын деңгейге жетті. Мәселен, үш алпауыттың бірі, «Теңізшевройл» ЖШС-і де қазақстандық қамту мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Бірлескен кәсіпорын жергілікті компаниялардың қызметін тұрақты пайдаланып келеді. Тендерлік процедуралар да ашық жүргізілуде.
Айталық, нарықта жұмыс істеп келе жатқанына екі жылдан астам уақыт болған отандық Clarte Az ЖШС-і бүгінде бірлескен кәсіпорыннан тапсырыс алған. Табиғи бактерияларды қолдану арқылы құбырларды тазалауға өндірістік сынақтар өткізуге болатынын дәлелдеген серіктестік өкілдері бұл жобаның қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейтінін атап айтты.
– «Теңізшевройл» біздің маңызды жобамызды қолдап, тапсырыс бергені үшін алғысымызды білдіреміз. Жылу алмастырғышты тазарту бойынша тәжірибелік-өндірістік сынақтарды бірегей технологиямыз арқылы өткізуге мүмкіндік берді. Ерекшелігі сол, қызметіміз барысында компаниямыз бактерияларды қолданады. Яғни, бұл қоршаған ортаға да, қызметкерлер үшін де мүлдем қауіпсіз. Бүгінде қарқынды дайындық жұмыстарынан оң нәтиже күтеміз. Компаниямыз технологиялық жабдықтар мен құбырларды тазартумен айналысады. Мұнаймен ластанған топырақты бактерияларды қолдана отырып тазалаймыз. Бактериялар, биологиялық заттардың қоршаған ортаға мүлдем зияны жоқ. Біздің бизнесіміз тек табысты ғана емес, айналымызға деген қамқорлықты көбірек ойлайды, — дейді Clarte Az ЖШС-і техникалық директоры Тимур Хаиров.
Ал ТШО-ның қазақстандық қамту мүдделі тараптарды басқару жөніндегі супервайзері Олжас Лұқманов атап өткендей, кәсіпорыннан тапсырыс алу айтарлықтай қиын емес. Тек сайттағы сілтемелерге өтіп, қажетті құжаттарды жүктеу қажет. Өтінім берілгеннен кейін барлық мәліметтер толықтай тексеріліп, қаралады. «Ең алдымен, нұсқаулықпен танысу маңызды. Бұл процедуралар көпшілік ойлағандай аса қиын емес. Кейбір компанияларда кодтарды қате көрсету жиі кездеседі. Соның салдарынан болашақта тендерлерге қатыса алмай қалуыңыз мүмкін. Демек, оған мұқият қараған жөн. Біз 2020 жылдан бері сатып алу жоспарын жариялап келеміз. Биыл тендердің шамамен қашан басталатындығын көрсетеміз. Бұрын жобамен тендердің қашан аяқталатындығы туралы ақпарат берген едік»,-дейді Олжас Лұқманов.
ТШО материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің басшысы Балкенже Болысованың айтуынша, маңызды шарадағы басты мақсат — жергілікті және шетелдік компанияларға тендерлік процесті түсіндіру. Яғни, әрбір кезеңдерді таныстыру арқылы қандай талаптар қойылатындығы туралы кең ақпарат берілді.
– Біздің болашақ мердігерлерге қай салада жұмыс жасағандығы тиімді болатыны және олардың алдағы тендердерге қатысу мүмкіндігі туралы айттық. Компания сайтында биыл іске асырылатын әртүрлі тендерлер мен сатып алынатын материалдар туралы ақпарат бар. Сол сілтемеге өтіп мағлұмат алу жөнінде және өзіміздің базада тіркелу туралы ақпарат бердік. Ең бастысы, осындай шараларға келіп, олар керекті мәліметтерін ала алады.
Негізінен, қатысушылар тарапынан шетелдік өндірушілер, мердігерлер елімізден филиал ашу туралы сауалдар көбірек болды. Кейбір компаниялар ақпараттар базасына тіркелмегендіктен қай жерден мәлімет алатынын білмейді. Сондықтан бұл таныстырылым оларға қызықты болғаны сөзсіз,-деп нақтылады Балкенже Болысова.
Спикерлер айрықша тоқталған тағы бір мәселе бар: жергілікті жабдықтаушыларды дамыту да бірнеше кезеңнен тұрады. Айталық, жоспарлау кезеңіде демеушімен келіссөздер жүргізіледі, нарық зерттеледі, шорт-лист әзірленеді. Содан кейін сарапшылар шығындарды есептейді. Ал жабдықтаушыларды алдын ала бағалау кезінде сырттай аудит жүргізіліп, нысан толықтай зерделенеді. Ұсынымдар беріліп, қателер талданады. Сынама тапсыру кезеңінде зертханалық тексерістар өтіп, сынама алынады. Содан кейін қазақстандық қамтуды дамытудың үздік тәжірибесі бойынша нәтижелер талданады. Бұл туралы ТШО қазақстандық қамту бөлімінің техникалық консультанты Арман Табанов өз баяндамасында кеңінен таныстырды.
Бірлескен кәсіпорынның қазақстандық қамтуды дамыту маманы Гаухар Инебаеваның айтуынша, жергілікті қамтуды дамыту стратегиясы оң нәтижелерін беріп келеді. Отыз жыл бойы кәсіпорынның отандық өнім өндірушілерден тауарлар мен қызметтерді сатып алу көлемі жыл сайын артуда. Бұл экономиканы нығайтып қана қоймай, ұзақ мерзімді серіктестікті өркендету үшін қолайлы орта қалыптастыратыны анық. Бірлескен кәсіпорын қазақстандық қамту бағдарламасы іске асырылғаннан бері отандық қызметтер мен тауарларды сатып алуға 19,5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жұмсаған. Қазақстандық компаниялармен 1250-ден астам келісім-шарт жасасқан. Бұл компаниялардағы ауқымды құрылыс жұмыстары барысында 90 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Ең бастысы, осынау жобаларға қатысқан жергілікті мамандар білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттыру арқылы басқа да шетелдегі басқа да өндіріс орындарында табысты қызмет етіп келеді. «Жарты жыл сайын қазақстандық қамту жоспарына мониторинг жасалады. Қол жеткен жетістіктерді талқылау үшін тоқсан сайын кездесулер өтеді»,-дейді Г.Инебаева.
Қатысушылар көптеп жиналған семинар барысында компания өкілдері толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Бұл басқосу қос тарапқа да тиімді келіссөздер мен ашық диалог алаңына айналды.
Айбөпе САБЫРОВА