НЕСИЕ НЕСІБЕ ҮШІН БЕРІЛЕДІ

оның игерілуінде іркілістер болмауы тиіс
Ауыл шаруашылығы саласында, жалпы алғанда, агроөнеркәсіп кешенінде өмірге келген жобаларды қаржыландыра отырып, селодағы кәсіпкерліктің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан бірден-бір құрылым ретінде республикалық «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамын атауға болар еді.


АГРАРЛЫҚ
КОРПОРАЦИЯНЫҢ АДЫМЫ КЕҢІДІ

Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты деректерді келтіре кетсек, 2001-2013 жылдар аралығында аталмыш корпорация арқылы аграрлық салаға бағытталған инвестиция көлемі 339,6 млрд. теңгені құраған. Тек өткен 2013 жылдың өзінде акционерлік қоғамның активтерінің сомасы 125 768 млн. теңгеге, меншікті капиталы 69 603 млн. теңгеге, ал таза кірісі 438 млн. теңгеге жеткен.
Күні бүгінде еліміздің 13 облысында корпорацияның филиалдары, яғни оның қызметін аймақтар бойынша ұйымдастырып, үйлестіруші өкілдіктері жұмыс жасайды.
Өткен сәрсенбіде облыстық әкімдік үйінде осы мәселеге орай кеңес өтті. Отырысты облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан кіріспе сөзбен ашып, басқосудың мән-жайына тоқталды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Мұхамедиева, күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде түсінік берді.
Оның айтуынша, корпорация негізінен аймақтар мен өңірлерде құрылған несие серіктестерімен, өзге де қаржыландыру құрылымдарымен әріптестік байланыс орнатқан. Қысқаша қайырғанда, осы несие серіктестіктері желісі арқылы қарызға берілетін қаражат 9 пайыз жылдық қайтарыммен тоғыз жыл мерзімге ұсынылады. Мұндағы бір жеңілдік – бастапқы қарыз екі жыл бойы өтеледі. Кепілге аудан немесе қала аумағында орналасқан жылжымайтын мүлік, техника мен мал, т.с.с. алынады.
Еттік бағыттағы мүйізді ірі қара малын өсіру мен одан өндірілетін өнім көлемін молайтуға мүмкіндік беретін «Сыбаға» бағдарламасы шеңберіндегі шараларды іске асыру корпорацияның басты жұмыс бағыттарының бірінен саналады. Нақтылай түссек, 2011 жылдан бастап қолданысқа енгізілген аталмыш бағдарламаға сай соңғы 3,5 жылдай мерзімде жалпы саны 95 мың бас мүйізді ірі қара малы несиеге берілген. Тек ағымдағы жылы осы бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен 9 млрд. теңге қаржы қаралса, оның алғашқы траншы бөлініп, игерілген. Бұған тағы да 50 мың бас мүйізді ірі қара малы алынып, бағдарлама қатысушыларының сұранысына сай бөлінген.

«СЫБАҒАДАН» ЕШКІМ ДЕ ҮЛЕССІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Айгүл Стаханқызы одан әрі аталған бағдарламаға енгізілген кейбір өзгерістерге назар аударып, қаржыландыру шарттарының, қойылатын талаптар мен мемлекеттен берілетін субсидиялардың жайын айтып берді. Еттік бағыттағы мүйізді ірі қара түлігінің санын көбейтіп, алынатын өнім сапасын арттыруды, сөйтіп қазынадан қаралған қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалып, мерзімді қайтарымына қол жеткізуді көздейтін «Сыбағадан» әркімнің де өз үлесін алып қалуға құқылы екендігі даусыз.
Өңірлерде құрылған несие серіктестіктерінің де қарыз алу мүмкіндігі қарастырыл-ған. Бағдарламада белгіленгеніндей, шарттары ұқсас боп көрінгенімен, несиелердің сомасы мен берілу немесе игерілу мерзімдерінде айырмашылықтардың барлығын да аңғардық.
Мәселен, заңды және жеке тұлғалар үшін корпорация арқылы ұсынылатын несие көлемі 1-ден 8,5 млн. теңгемен шектелсе, селолық несие серіктестіктері үшін бұл сома 20 млн. теңгеге дейін көбейтілген. Мерзіміне келсек, аналық мүйізді ірі қара малы мен торпақ-таналарды бағып-күткенге – жеті, аталық түлікке екі жыл уақыт белгіленген. Сол секілді негізгі қорларды иемдену мен жөндеуден өткізуге – 84, айналым қорын толықтыруға 24 ай беріліп отырғанын білдік.

СУБСИДИЯ ДА СҰРАУСЫЗ БЕРІЛМЕЙДІ

Субсидияға қатысты әңгіме қозғасақ, бұнда несиегер үшін сатып алынатын отандық немесе жергілікті асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының құны (әр басына есептегенде) 154 мың теңгеге дейін арзандатылған. Мұның сыртында, селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізуге – 18 мың теңге, бұқашықтарды бірінші деңгейлі бордақылау алаңдарына сатып өткізуге 15 мың теңгеден қаржы қарастырылған. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу шығындарының 50 пайызын өтеуге инвестициялық субсидиялар берілетіндігінен хабардар болдық.
Келелі кеңесте республикалық корпорацияның облыстық филиалының басшысы Гүлназ Есмаханова, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Сәрсекенов, несие серіктес-тіктерінің өкілдері сөз алып, ой-пікір, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз