Тариф және тұтынушы
Тәуелсіздіктің таңсәрісіндегі кезеңмен салыстырғанда халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жақсарғаны ақиқат. Алайда, тұрмыстың түзелгені тұтынушы талабының өсе түскендігін көрсетеді. Адамдар аспандағы айды сұрамаса да, тіршілік түйткілінің тарқатылғанын қалайды. Осы орайда, әрине, коммуналдық қызметтің қолжетімділігі мен сапасы толғандырады. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп, Елбасының өзі назар аударуының себебі де осында.
Жалпы, елімізде тариф қалай қалыптасады? Онда тұтынушы мүддесі қаншалықты ескеріледі? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
1.Қоғамдық тыңдау
«Тарифтерге қатысты жоспарлы өзгерістердің бәрі көпшіліктің талқылауына мүлдем түспейді немесе формальды түрде өткізіледі. Бұл іске жұртшылықты, үкіметтік емес ұйымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кеңінен тарта отырып, қазіргі механизмді өзгерту қажет»
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Жалпы, қоғамдық тыңдау дегеніміз не? Ол – біздің жағдайымызда қолданыстағы тарифтерге енгізілетін өзгерістер жөнінде көпшілікпен кеңесу. Яғни, коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорын төлемақыны көтеру арқылы келетін қосымша табыстың қайда және қандай мақсатқа жұмсалатынын жұртшылыққа жариялайды. Заң бойынша мұндай басқосу нәтижесінде оған қатысушылар тарапынан айтылатын ескертпелер назарға салынып, тариф мөлшерін түпкілікті бекіткенде есепке алынуы тиіс. Рас, мұндай жиналыста соңғы шешім қабылданбайды, бірақ, ортаға тасталған ойдың қаншалықты кәдеге асқаны кейін айтылуы шарт. Міне, осы тұрғыдан таразылағанда оның Атырауда ұйымдастырылуы, сыпайылап айтқанда, көңілден шықпайды.
Алдымен, оған қалалықтардың қатысуы өте нашар. Мәселен, сонау жылдары энергетиктер мұндай шараны шаһардағы театрларда өткізіп жүрді. Әрине, тегін емес, белгілі бір уақытқа жалға алады ғой. Алайда, кең залдың жартысы түгілі, үштен бірі толмайды. Әншейінде қымбатшылыққа қарсы қос қолымен қарсы шығатын тұтынушылар осындай сын сағатында белсенділік танытпайды. Ортақ мүдде демесек те, отбасы бюджеті таразыға тартылатын кезде бойкүйездік бойын билегендер бұғып қалады. Соның салдарынан соңғы кезде монополистердің бәрі мұндай жиналыстарды өз мекемелерінде өткізетін болды. Бұл үшін оларды орынсыз кінәлау қажет емес. Бәрі өзімізден, садақа мен тойдан қалмасақ та, қоғамдық тыңдауға аяқ баспаймыз. Залда негізінен сол мекеменің қызметкерлері отырады.
Одан әрі, осындай шараларға қатысушылар күн тәртібіндегі ортақ мәселені талқылаудың орнына, әрқайсысы өз шаруасын айтып, күйбең тірлігін тізбелеп кетеді. Немесе бірқатар белсенділер баяндамашыны тыңдамастан, өз пікірін тықпалап, жиналғандарды мезі етеді. Ұғынықты ұсынысын айтып, нақты бағыт сілтеудің орнына, басқосудың соңын таусылмайтын дауға айналдырады. Содан залда отырған аз ғана адам неге келгенін де ұмытып, түк түсінбестен тарайды.
Қоғамдық тыңдауға неге мән беріп, назар аударып отырмыз? Бүгінде табиғи монополияларға байланысты заң жобасын Парламент Мәжілісі құптады. Елбасы Жолдауында айтылып, Қауіпсіздік кеңесінде талқыға түскен мәселе Астананың билік орындарының бәрін дерлік жағалап шықты.
Қабылданбақ жаңа заңда қоғамдық тыңдауға ерекше мән берілмекші. Ол тек жұртшылықты жинап, жоспарларын жария ететін басқосу емес, тиісті шешім алатын органға айналмақ. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің айтуынша, тарифтің бекітілуі осындай шараларда білдірілген жұртшылық пікіріне байланысты болмақ. Рас, соңғы сөзді құзырлы орын айтады. Әйтсе де, тұтынушылар ұсыныстары ескеріледі. Сондықтан, коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар басшылары тұрғындармен кездесуге жобасын өткізу үшін жан-жақты дайындалып келуге мәжбүр болмақ.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, құзырлы орган қоғамдық тыңдауда айтылған жұртшылық пікірімен санасуы шарт. Әрине, табиғи монополия өкілдерінің ұсынысы да назарға алынады. Бірақ, өкінішке қарай, осы шараны қалай ұйымдастыру қажеттігі әлі нақтыланбапты. Министрлік оның қосымша заңнамалық актілермен реттелетіндігін айтқанымен, көңілге күдік те ұялайды. Жаңа заңда айтылатын қоғамдық тыңдауда сөйлегендердің сөзі жазылып отыратындығы, хаттама толтырылатындығы қазір де бар. Жұртшылықтың жоқтайтыны – осы шаралардың пәрменділігі. Әйтпесе, текке қызыл кеңірдек болып айтысқаннан түсер пайда жоқ.
Жаңа заңды жасақтаушылар тарифтік саясат туралы кеңес пен табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін тұтынушылардың қоғамдық бірлестігін құруды ұсынады. Мұның екіншісі жөнінде айтылды. Ол, сайып келгенде, қоғамдық тыңдауда жұртшылық белсенділігіне тіреледі. Ендігі мәселе – осындай құрылымның құрылуында. Оған атқарушы билік те, бизнес иелері де, үкіметтік емес ұйымдар да, жеке азаматтар да атсалысуына болады.
Ал, тарифтік саясат туралы кеңес те – айтарлықтай жаңалық емес. Ендігі тарап кетпесе, жергілікті құзырлы орган жанында сарапшылар кеңесі болатын. Сонау уақытта оның да жұмысына араласқанбыз. Обалы не керек, бастапқыда салиқалы пікірлер ортаға салынып жүрді. Монополия мекемелер басшыларына құнды ұсыныстар да айтылды. Кейін, неге екенін қайдам, қызметі қожырады. Алдымен, мүшелері кеңес отырысына келмейтінді шығарды, соңынан олар монополистердің мүддесін қорғап кетті. Ақыры көңілден шықпаған кеңестен біз де бойымызды аулақ салғанбыз.
Ендігі құрылмақшы құрылымның қайтарымы осындай болса, одан тұтынушыға түк пайда жоқ. Өйткені, құзырлы орган оның да пікірімен санасуы керек. Ал, мұнда халық пайдасына кереғар шешім қабылданса, тұрғындар зардап шекпей ме? Сондықтан, Елбасы Қауіпсіздік кеңесінде айтқанындай, оның механизмін түбірімен өзгертіп, құрамына мамандармен қатар үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін де тартқан дұрыс. Тіпті, кеңес мүшелерінен жауапкершілік те сұралуы тиіс. Қазір облыстық экология департаменті жанында осындай сарапшылар кеңесі тиімді жұмыс жасап отыр. Мұнда қоршаған ортаны қорғауға қатысты талқыланған кейбір жобалар қабылданбай, кері қайтарылып жатады. Тарифтік саясатқа қатысты да дәл сондай пәрменді құрылым қажет. Әйтпесе, заман талабына сай жүзеге асырылмаса, қағаз жүзінде қатып тұрған құжаттардың құны бір-ақ тиын.
Меңдібай Сүмесінов
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
− Тарифті бекіту осы қоғамдық тыңдаулардың шешіміне негізделіп қабылдануы тиіс. Әйтпесе, оларды өткізіп не керек? Бұл Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмасы, біз оның орындалуын қамтамасыз етуіміз керек.
Ирина АРОНОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
− Заң жобасында қоғамдық тыңдауларда қабылданған шешімдердің құқықтық күші туралы ештеңе айтылмаған. Бұл түсініксіз.
P.S. Сонымен, қоғамдық тыңдау төңірегінде біраз ой қорыттық. Расында да, бұл – қарапайым халықты өз тағдырын өзі шешуге үндейтін, мемлекетті бірлесіп басқаруға жетелейтін мүмкіндік. Тарифтің неден және қалай құралатынын, коммуналдық қызметтің нендей тетіктері барын, оны көрсетуші кәсіпорындардың құрылымын жетік білуге жағдай жасайтын шара. Әр тұтынушы электр және жылу энергияларына, ауыз су мен табиғи газға не үшін төлеп жатқандығын білуі қажет емес пе? Отбасы бюджетінен бұл мақсатқа қанша қаржы жұмсалатындығын есептеуі, оны барынша үнемдеу үшін қандай іс тындыруы керектігін таразылауы тиіс емес пе? Ендеше, белсенді болайық, тұтынушы.