Жарнама
ЭкономикаҚоғам

Шалғайдағы ауданның шырайлы шағы

Қызылқоға – бүгінде әлеуметтік-экономикалық жағынан да айтарлықтай дамып жатқан аудан. Өңірдегі шағын ауылдардың өзі алыстан көз тартатындай кейіпке енген. Өйткені, жылдар бойына тұралап қалған құрылыс саласы қарқын алған. Әсіресе, сәні мен сапасы жағынан облыс орталығындағы ғимараттардан еш кем түспейтін заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар мен тақтайдай тас жолдардың игілігін ел көруде. Осы және өзге де жаңалықтар туралы Қызылқоға ауданының әкімі Арман Бәженовтың қатысуымен  Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте атап айтылды.

????????????????????????????????????

Жыл басынан бері Сағыз ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілсе, балабақша құрылысы аяқталып, бүгінде қабылдау жұмыстары ұйымдастырылуда. Мұқырда 424 орындық орта мектеп пен Жантерек елді мекенінде 60 орындық бастауыш мектептің құрылысы жүргізілуде. Ауданда бой көтеретін әлеуметтік нысандар мұнымен шектелмейді. Бүгінде жобалау-сметалық құжатына түзету енгізіліп, сараптамадан өкізу жұмыстары ұйымдастырылып жатқан Тасшағыл мен Қарабау ауылдарында салынатын 300 орындық мәдениет үйлері де жаңа нысандардың қатарын толықтырмақ.

Ал, Мұқыр ауылынан  балабақша құрылысы мен  Жамансор елді мекенінен салынатын мектеп пен мектеп жанындағы интернаттың жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында атқа міну дәстүріне аса көңіл бөлініп, Миялы ауылынан ипподром бой көтермекші.

Иә, халқының басым көпшілігі қорасындағы азын-аулақ малын бағып, құрт пен майын азық еткен ауданда бірнеше жыл бойына құрылыстың тұралап қалғаны жасырын емес. Ал, соңғы жылдары аймақтағы бұл саланың тамырына қан жүгіріп, қайта жандана түсті. Жыл басынан бері  автомобиль жолдарын жаңғырту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған.

− Аудан көлемінде биыл жоспарланған инвестициялық жобалар бойынша Миялы ауылындағы такси тұрағы құрылысы мен ауылішілік автокөлік жолдарын күрделі жөндеу мақсатында құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар, Сағыз, Мұқыр ауылдары мен Жамансор елді мекендерінің кірме және ауылішілік жолдары қайта жаңғыртылмақ,— деді журналистермен жүздесу барысында Арман Сырымұлы.

«Жол азабын жүрген білер» демекші, аудан тұрғындары қаламен қатынау үшін қара жолдың қиындығын көріп-ақ жүр.  Енді ауыларалық жолдар төселе  бастағалы қаламен қатынайтын жолдың да салынарына сенімді. Брифинг барысында Қарабау мен Индер арасын жалғайтын тас жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өтіп жатқанын білдік. Ал, қазіргі кезде Миялы мен Қарабауды жалғайтын жол құрылысының аяқталуына 22 шақырым қалған. Бұл жұмыс республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болғандықтан, ақша бөлінген жағдайда жалғасын таппақ.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басым көпшілігі  аудан әкімінен өңірдегі ветеринариялық ахуал, әсіресе, бруцеллезге қатысты сұрады. «Есепті мерзімде 439 бас мүйізді ірі қара мен 3248 бас қой-ешкі, 27 бас түйеден бруцеллез ауруы анықталды. Олар арнайы орындарда сойылып, мал иелеріне 24 млн. теңге өтемақы төленді. Ал, аурудан оң нәтиже берген тұрғындардың 610 қора-жайына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді» деген аудан әкімі аурудың таралуына қарапайым гигиеналық тазалықты сақтамау да себеп болып жататынын айтты.

Биылғы он айда өндірілген өнімнің құны – 98,4 млрд. теңге.

Бұл өткен жылғыдан 22 млрд. теңгеге артық.

– Қызылқоға халқының ауыз сумен қамтылуы – 95 пайыз.

– Газбен қамту – 96 пайыз.

– Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны – 1535.

– Биыл аудандағы шаруашылықтарға төленген субсидия  – 61 млн. 762 мың теңге.

– Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 101,2 пайыз.

– Ауылшаруашылық мақсатындағы жер көлемі – 466 240 гектар.

Ауданның есепті кезеңде негізгі капиталға жұмсалған инвестиция көлемі 8 млрд. 457 млн. теңге болып, 115, 2 пайызға орындалды. Облыс көлеміндегі үлес салмағы 0,3 пайызды құрады.

Бюджеттік салық және басқа да міндетті төлемдер – 1,5, жергілікті бюджеттен түсетін түсімдер 1,4 пайызға артты.  

Биыл  1683 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 56 пайызы – тұрақты жұмыс.

Аудан тұрғындарына 16 дәрігерлік ұйымда 44 дәрігер, 289 орта буын медицина қызметкерлері көмек көрсетсе, неонатолог, отоларинголог, окулист, уролог, фтизиопедиатр мамандар жетіспейді.

 Ауданда 124 802 тн.  мал азығын дайындау  жоспарланып, бұл 110 пайызға орындалған.

Мәлике Қуанышева

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button