ЭКСПО – БІЗДІҢ МЕРЕЙІМІЗ

Астана еліміздің бас қаласы болып бекітіліп, Есіл бойында жаңа шаһар бой көтергенде оны барша қазақстандықтар Елбасының перзенті санаған. Шындығында да, Елорданың жаңа құрылыстарының бәрінде іргетасы құйылғанынан бастап, қабырғасы қаланғанына дейін Мемлекет басшысының қолтаңбасы жатыр.  Енді, «ЭКСПО-2017» көрмесін де солай атауға бола ма? Ол да Мемлекет басшысының бастамасы емес пе?

Әлі есімізде, Астана Бүкіл-әлемдік жетістіктер көрмесін ұйымдастыруға үміткер қалалар қатарында аталған сәтте облыстық әкімдікте алғашқы ескерткіш сый-қаделердің үлгілері көрсетілді. Қазақы бояуға қанық тамаша дүниелер еді. Сонда-ақ бұл көрменің Қазақ елін, оның салт-дәстүрін дүние жүзіне танытар айтулы шара екендігін ұққанбыз. Жалпы, мұндай мүмкіндік бір мемлекетке бір ғасырда бір-ақ рет берілетін шығар. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының жиынтығы санайды. Оның 160 жылдық тарихы бар. Осы уақытта оны Кіндік Азия аймағы түгілі, тіпті ТМД елдерінде ешкім өткізіп көрмеген. Кезінде құдіретті саналған Кеңестер Одағының да батылы бармаған. Өз алдына отау тіккен сәттен-ақ Еуропаға бет бұрған Балтық жағалауы мемлекеттерінің де тәуекелі жетер емес. Іргелі Ресей де әліптің артын бағып отыр. Өзгелері де ертең біздің тәжірибемізді пайдаланбақ. Өйткені, бұған тек Қазақ елі, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қана қол созды. Сондықтан «ЭКСПО-2017» көрмесін Елбасы перзенті десе, артық емес.

Жалпы, Астанадағы көрмеге екі-үш миллион адам келетіндігі күтілуде. Соның 85 пайызын қазақстандықтар құрамақ. Әйтсе де, сырттан ат сабылтып арнайы келетін шетелдіктер де жеткілікті болмақ. Демек, Қазақстанға деген дүние жүзінің қызығушылығы артып келеді.

Жалпы, осы көрме аясында бізде біраз кенжелеп қалған туризм саласына серпін берілмек. Расында да, Қазақстанға келетін шетелдіктер бар уақытын көрмені аралаумен өткізбейді. Бос мезгілін еліміздің тарихымен танысуға, көрікті жерлерін көруге арнайды. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, алыс-жақын шет елдерден ат арытып жететіндер – жай кісілер емес, қалтасы қалың мырзалар. Ендеше, олар тек Астанамен ғана шектелмей, республиканың өзге өңірлерін аралауға да ынта танытуы ықтимал.

Міне, Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында айтылған Елордадан республиканың сан түкпіріне тарайтын сара жолдар кәдеге асқалы тұр. Оның игілігін таяу уақытта көрудің мүмкіндігі тумақ. Әзірге туристерге Астана іргесіндегі Бурабай мен Қорғалжың, сәл қашықтағы Байқоңыр мен Түркістан ұсынылуда. Шіркін-ай, ат арытып Сарайшыққа да маңдай тірер ме еді!? Қазақтың белгілі жеті ханына мәңгілік мекен болған жердің тарихы республиканың қай өңірінен кем? Сөзсіз шетелдіктерді қызықтырар еді-ау.

Жалпы, ЭКСПО көрмесі екі түрлі болады. Біріншісі – жарты жылға созылатын Бүкіләлемдік әмбебап көрме. Ал, екіншісі – үш ай мерзіммен шектелетін мамандандырылған көрме. «ЭКСПО-2017» – соның соңғысы. Демек, тәртіп бойынша павильондарды көрмені ұйымдастырушы жақ салады. Мамандандырылған көрме талабы сол. Енді осы нысандар көрмеден кейін де кәдеге асуы керек емес пе? Сондықтан, құрылысшыларға берілген тапсырма бойынша, аз-кем өзгерістерден кейін павильондар көп қабатты зәулім ғимараттарға айналуы тиіс. Мүмкін, тұрғын үйлер пайда болар. Елбасы тапсырмасымен әр іс тиімді ұйымдастырылуы шарт.

 Жалпы, Елбасының арнайы тапсырмасымен көрмеге қатысты салынатын қалашық ерекше елді мекен болмақ. Ол қазірдің өзінде «Болашақтың қаласы» атауына ие болды. Елорданың ертеңгі ғылыми, мәдени және сәулет орталығы осында орналасады. Озық технология салтанат құрады. Ерекшелік – біріншіден, қалашық балама қуат көздерімен қамтамасыз етіледі. Екіншіден, әр ғимарат тұтынатын энергияны өзі өндіреді. Үшіншіден, осы электр қуатын осындағы нысандар өзара тарата алатындай технологиямен жабдықталады. Төртіншіден,  балама қуат көздері арқылы өндірілетін энергия тиімді сақталуы қажет. Бесіншіден, қалашыққа қатынайтын көліктер де қоршаған ортаға залалсыз болуы шарт. Міне, осы орайда электромобильдерді кеңінен пайдалану мәселесі көтерілді. Қысқасы, мұнда электр қуатының ертеңі саналатын жел, күн және жер энергиялары кеңінен қолданылады. Бұл –Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «жасыл экономикаға» көшудің алғышарты.

Жалпы, Астанада өтетін көрменің «Болашақтың энергиясы» аталуы да тегін емес. Елбасы айтқанындай, ерте ме, кеш пе – әйтеуір әлемде көмірсутегі шикізаты сарқылады. Демек, баламалы энергетикалық қуаттарды іздестіруге тура келеді. Соған қадам жасалып та жатыр. Дүние жүзі ғалымдары мен мамандары осыған бас ауыртуда. «ЭКСПО-2017» соған да серпін береді. Мүмкін әлем ғұламалары іздегенін осында табар.

Энергетикалық қуаттар құны да артып келеді. Бүгінде дүниежүзілік додада мұнай бағасы едәуір арзандағанымен, ол – уақытша құбылыс. Бұл – кейбір құдіретті мемлекеттердің әлсіз елдерді аяқтан шалу амалы. Басқаның экономикасын шайқалтып, өзіне тәуелді ету жолы. Бірақ, ол ұзаққа созылмайды. Мұнай бағасы қайтадан көтеріледі, энергетикалық қуаттар қымбаттайды. Міне, сонда арзан энергияға сұраныс артады. Сол сәтте сан соғып қалмау қажет. Елбасы келешекте арзан энергетикалық қуаттар болмайтындығын әлдеқашан айтқан. Сол сын сағаты жақын. Астана көрмесі осы проблеманы да шешу жолын нұсқайды. Өйткені, сайып келгенде, электр мен жылу энергияларын тұтыну бағасы қымбаттап, коммуналдық қызметтер құны көтерілгенде үнем мәселесі де алдыңғы қатарға шығады. Оның нәтижесі отбасылық бюджеттің берекелі жұмсауына әкеледі. Міне, көрдіңіз бе, бір ғана көрменің төңірегінде қаншама өзекті мәселе шешілгелі тұр.

Ал, енді Бүкіләлемдік көрме өткізу елімізге не береді? Біріншіден, экономикамызда соны серпіліс болады. Әлемнің озық технологиясымен жақынырақ танысып, оны өзімізге әкелуге мүмкіндік туады. Дүниежүзілік деңгейдегі шетелдік ірі компаниялардың тағылымды тәжірибесімен танысамыз. Олардың озат техникасын аламыз.

Міне, осыдан келіп екінші басымдық туындайды. Келешекте, тура мағынасында, Астанада қала ішінде қала салынады. Ол жөнінде жоғарыда да айттық. Бұл ерекше елді мекен болмақ. Бүгін талайдың таңдайын қақтыратын арман шығар. Ал, ертең ақиқатқа айналады. Мұнда қолданылар технология, әсіресе баламалы электр қуаттары әлем жұртшылығын қызықтырады. Дүниежүзілік озық әдістермен салынған нысандардың бәрі ел игілігіне жаратылады.

Үшіншіден, көрмеге дайындық барысында мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылдан бастап ерекше қарқын алатын алып құрылыстарға республиканың әр түкпірінен адамдар легі ағылады. Қатардағы құрылысшыдан шебер маманға дейін қажет болады. Демек, күллі елімізде жұмыссыздық  мәселесі оңтайлы шешіледі. Ал, бұл – кезекті әлемдік қаржы дағдарысы кезінде халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдаудың тағы бір нақты қадамы.

Төртіншіден, сервистік қызмет көрсетуге бейімделген шағын және орта бизнес иелеріне көл-көсір пайда табуға мүмкіндік тумақ. Көрмеге келуші шетелдіктерге жайлы орын, тәтті тағам, әсерлі экскурсия, қызықты концерт, тартымды ойын-сауық, т.б. қажет. Қайткенде де, олардың қалталарындағы ақшасын сол күйінде кейін алып кетпеуінің амалын қарау керек.

Міне, енді, бесінші басымдық пайда болады. Шетелдіктерге тіл білетін аудармашы қажет. Оның халқымыздың дәстүрін, мәдениеті мен тарихын білгені тіпті дұрыс. Демек, көрмеге келушілерді қамтитын жүздеген еріктілер, яғни волонтерлер жұмыс жасайды. Сондықтан, жастардың бүгіннен бастап соған дайындала бергені жөн. Елбасы үш тұғырлы тіл мәселесін үнемі айтуда. Міне, соның кәдеге асатын кезі келді.

Ал, алтыншыдан, 2017 жылы қазақстандықтар Бүкіләлемдік көрмені ұйымдастырып қана қоймайды, сонымен қатар Астананың 20 жылдығын да атап өтеді. Бірін екіншісі толықтыратын қос шара қатар аталғалы тұр. Қазақ елінің салтанатын шетелдіктер де көреді, тойын қосыла тамашалайды. Бәлкім, ел басшылығы басқа мемлекеттермен бәсекеге түсіп, дәл осы жылы көрме ұйымдастыру құқын жеңіп алғанда да осы қос шараны үйлестіруді ойлаған шығар?

…Сонымен, «ЭКСПО-2017» көрмесінің Қазақстан үшін маңызы жоғары, мәні зор. Елбасы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында «Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа «ЭКСПО-2017» кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деді. Ал, көрме 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз