ШАҒЫМ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Оқиғаның мәні мынада: жазғытұрым балық аулау маусымы басталғаннан бері бақылаушы органдар кәсіпкерлерден олардың сатып тұрған тауарларының заңды екендігін растайтын құжаттарды, былайша айтқанда, балық аулау кооперативтерімен жасалған келісімдерді талап етуі басталған-ды. Сондай-ақ, арызда бұрын белгісіз балықшылардан сатып алынған немесе кей кездері тіпті заңсыз түрде ауланған балық сатумен айналысқан кәсіпкерлер заңды жолға түсуге қарсы емес деп көрсетілген. Алайда, балық аулауға шектеулері бар, сондай-ақ, балықтарды өткізу арналары реттелген қожалықтар ұсақ саудагерлермен байланысқысы келмейді, сондықтан, келісімдер жасауға құлықсыз.
Кездесу барысында Кәсіпкерлер палатасы облыстың балықшылар қауымдастығының өкілдерін, балық аулау кооперативтерінің басшыларын жеке кәсіпкерлерді қолдауға және өркениетті саудаға көшуде қолдау көрсетуге шақырды.
Нәтижесінде, Атырау облысының балық аулау кооперативі қауымдастығы жеке кәсіпкерлерді балық аулайтын шаруашылықтарға біркелкі тіркеу туралы көмектесу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Сөйтіп, әр кооперативке 4-5 жеке кәсіпкерден келеді. Бұл шешім шаруашылықтар тарапынан да, жеке кәсіпкерлер тарапынан да қолдау тапты.
Отандық шағын бизнес – халықаралық нарықта
Атырауда ірі шетелдік компаниялардың әріптестік бағдарламасының арқасында шағын және орта бизнес халықаралық нарыққа бағдарланатын болады.
«Аймақта облыстық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен Теңіз мұнай-газ кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясының айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ, британдық және итальяндық әріптестермен екі бірлескен кәсіпорын құрылады. Олар қазақстандық кадрларды халықаралық бизнес негіздеріне үйретумен айналысады», – деп хабарлады Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев.
Оның айтуынша, жер қойнауын пайдаланушыларға сервистік қызмет көрсету саласында озық батыстық технологияларды алуға баса көңіл бөлінеді, бұл қазақстандық бизнестің халықаралық нарықта қызмет жеткізушілермен тең бәсекелестігіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, британдық компаниямен колледждердің бірінің студенттерін өңірде жұмыс жасайтын ірі компанияларда оқытуға 50 мың АҚШ долларын бөлу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Еске сала кетейік, кәсіпкерлер палатасы жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бизнес негіздерін оқытуға баса назар аударатын болады. Атырау университетінде «Кәсіпкердің кешкі мектебі» ашылды, онда тыңдаушылар өз ісін жүргізудің практикалық дағдыларын оқып-үйренеді. Мектепте сабақтарды тәжірибелі педагогтармен қатар қалыптасқан кәсіпкерлер де жүргізетін болады.
Жеңілдетілген несие табысқа бастайды
Шағын және орта бизнесті қолдап, өркендету мақсатында мемлекет тарапынан қосымша 200 млрд. теңге бөлінетіні белгілі болған еді. Жеңілдікпен ұсынылатын қаражаттың жартысы биыл игеріледі деп жоспарланып отыр. Ендеше, қайтарымды қаржыны кәсіпкерлерге беру жолдары қандай? Жақында облыстық әкімдікте өткен жиында жергілікті бизнес өкілдеріне осы мәселе аясында түсіндірілді.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ Атырау филиалы мамандарының сөзіне қарағанда, «Ұлттық қордан» бөлінген қаражат «Бәйтерек» холдингі, «Даму» қорынан өтіп, екінші деңгейлі банктер арқылы кәсіпкерлерге таратылады. Жеңілдікпен ұсынылатын несиені облысымыздағы 13 екінші деңгейлі банктің филиалдарының беруге мүмкіндігі бар.
— Несие 1 млн. 850 мың теңгеге дейін бір жылдан 120 айға немесе он жылға дейін тиімді пайызбен беріледі. Яғни, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатыспаған кәсіпкер бұған дейінгі несиесін қайта қаржыландыра алады, – деген филиал мамандары негізінен тиімді несие өнім өңдеуге бағытталатынын айтты.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысы Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, бұл бағдарламаға әкімдік атсалыспайды. Яғни, «Даму» қоры мен екінші деңгейлі банк қана жобасының маңыздылығы мен табыстылығына қарай бизнесменге қаражат береді.
Бірлескен істе береке бар
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы мен кеденшілер енді келісім аясында бірлесіп жұмыс істейді.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушы кәсіпкерлердің шашыраңқылығы мен кеден заңнамасы мәселелеріне келгенде көп жағдайда кедендік рәсімдеу кезінде түсініспеушілікке әкеліп соғады және артық шығын шығуына себепкер болатыны сөзсіз.
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиевтің айтуынша, кеден қызметімен қарым-қатынасты жақсарту туралы палатаның бастамасы Атырау өңірінің бизнес қоғамдастығының шетелдермен байланысын нығайтып, жаңа қатысушылар тартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда облысымызда 2507 сыртқы экономикалық қызметке қатысушы жұмыс жасайды. Болашақта бұл межені де арттыру жоспарланып отыр. Ол үшін аймақтық кәсіпкерлер палатасының көмегімен Кедендік одақ елдерімен және алыс шетелдермен бірлескен кәсіпорындар құрылмақшы. Кездесу соңында Кеден департаменті мен кәсіпкерлер палатасы арасында іскерлік қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойылды.