Сақар қайнатып,табыс тауып отыр
Мұнайлы өлкеде қазақтың ежелден белгілі сақар сабынын өндіру қолға алынып, тұрақты тұтынушысын таба бастады. Қазына қаржысына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы бағзы өнерді өрістетіп жүрген ағайынды жігіттердің еңбектері ерекше. Үкіметтің алдына қойылатын талапта да халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие кәсіпкерлердің жаңа толқынын даярлау керектігі үнемі айтылып келеді.
Осыдан үш жыл бұрын Атырауда қарапайым кір сабын өндірумен басталған кәсіпті ағайынды Тасқын Тұқпатов пен Қайнар Хамзин бастаған еді. Өкінішке қарай, былтыр бақилық болған Тасқын Тұқпатовтың ісін жалғастырған бауырлары отбасылық кәсіпті одан әрі дамыту жолында жұмыстанып келеді. Бүгінде осы кәсіптің басы-қасында жүрген «Шаңырақ» компаниясының басшысы Қайнар Хамзин сақар сабынын қолға алғалы тұтынушылардың қатары артқанын айтады.
– Біз төрт ағайындымыз. Басында Тасқын інім осы кәсіпке қызығушылығы оянып, интернет арқылы қалай жасалатынын үйренген болатын. Содан інім екеуміз Алматы, Түркістан қалаларына барып, білімімізді жетілдіріп келдік. Былтыр қараша айында кір сабынмен қатар, емдік қасиеті бар сақар сабынын шығаруды қолға алдық. Сақар туралы бірнеше жыл бұрын естіген едім. Өзіміз кәдімгі кір сабын шығарып жатқандықтан, сақар қайнатып көруге бел байладық. Оның үстіне сол кезде туысқанымның денесінде жаралар пайда болған еді. Содан өнімді денесіне жағуға кеңес беріп едік, бірнеше күнде жарасы жазыла бастады. Тиімділігіне көз жеткен соң халыққа ұсынып көрейік деп шештік. Жақындағы ағайын-туыс пен достарға таратып, әрі қарай басқа да сұраныс түсе бастады, — дейді Қайнар Қалешұлы.
Кәсіп иесі жылқының сүті мен майынан, сиырдың сүтінен, балдан косметикалық сабын шығаруды да қолға алған. Айтуына қарағанда, кәдімгі кір сабынның жасалу жолы талаптанған адам үшін қиын емес көрінеді.
– Малдың және өсімдік майынан жасалатын сақарға натрий қосылады. Кептірілген алабота өсімдігін өртеп, кейін оның күлі құйрық маймен араластырылады. Сонымен қатар, сұраныстың көптігіне байланысты Алматы қаласынан жаз айында филиал аштық. Сұраныс көбейген соң Тасқын бауырымыздың досына ұсынып көріп едік, ол филиалды өз жауапкершілігіне алып, төрт жұмысшымен жұмысын үйлестіріп отыр. Бастысы – табиғи таза өнім, сапасы жоғары. Сұраныс негізінен Атырау қаласының тұрғындарынан көп түсуде, аудан орталықтарына да жөнелтеміз. Басқа қалаларға да сатылып жатыр. Бүгінде 180-200 грамм сабынның бағасы 140 теңге, 280-300 грамм сабынның бағасы 220 теңге, — деді кәсіпкер.
Тұтас күйінде шығарылған сабын кейін бөлектеп кесіп, пішіні келтіріледі. Облыстағы бірнеше кәсіпкер өндірушіден көтерме сауда бәсімен сатып алып, дүкендеріне қойып жатыр екен. Енді кәсіпкер цехтағы жұмысшылар санын көбейтуді көздеп отыр.
Облыс аумағындағы сауда нүктелері кір сабын өндірушілерден 60 данадан артық сабын алса, кәсіпкер тауарды тегін жеткізіп береді екен. Былтыр дүние салған Тасқын Қалешұлы қаладағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқыған. Сосын Қазақ-Британ техникалық университетінде білім алып, аймақтағы ірі компаниялардың бірінде жұмыс істепті.
– Бауырымның құрметіне шаруашылық сабынының атауын KAZ.KZ-тен TAS.KZ деп өзгерттік. Сабынның жағымсыз иісі жоқ. Жөргек киген баланың денесі қызарып кетсе, осы сабынмен жуғанда бірден басылады. Тек кір жуу үшін емес, кір сабынның күнделікті тіршілікте де пайдасы зор, — дейді кәсіпкер.
«Қалауын тапса қар жанар» деген сөз осы ағайынды жігіттерге арналғандай. Олар кәсіпкерлікті қолға алып, өз нәсіптерін айырумен қатар, халық үшін де пайдалы істің ұтырын тапқан.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ