АТЫРАУДА АГРАРЛЫҚ СЕКТОРДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

prara 768x779 1 Жаңалықтар

          Көктемгі дала жұмыстарына дайындық. Маңызды науқанға қатысатын техникаларды дизель отынымен, егіс дақылдары өсірілетін алқаптарды әзірлеу, қажетті тұқыммен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығы субъектілеріне жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар берілуін ретке келтіру. Суару-суландыру жүйелерінің жай күйі. Пайдаланудағы каналдарды күрделі жөндеуден өткізу. Суармалы жерлер мен екпелі шөп егістігінің көлемін көбейту. Тұтастай алғанда, агроөнеркәсіп кешенінде қордаланған өзекті мәселелер мен проблемаларды оңтайлы шешу жолдарын ойластыру.

          Мұның бәрі Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті.Оны облыстық мәслихаттың депутаты, қоғамдық кеңестің төрағасы Сабыржан Сұлтанов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат баяндады.

          Оның айтуынша, өткен жылы облыста егістік жер 9 469 гектарды құрады. Бұл алдыңғы жылғыдан 42 гектарға көп. Осыдан 1 367 гектарға тамшылатып, 940 гектарына жаңбырлатып суару тәсілі қолданылған. Нәтижесінде, дақылдардың шығымдылығы артып, алынған егін өнімдерінің үлес салмағы картоптан ­– 20,7, көкөністен 29, бақшадан ­­– 12,9 және мал азықтық дақылдардан ­– 37,4 %-ды қамтыған. Көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстары үшін 600 тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен (161-165 теңге/литр) сатылған. Облыс бойынша 63 орында жайғасқан жылыжай шаруашылықтарының жалпы ауданы 17,2 гектарға жеткізіліпті.

          Одан бөлек, 10 300 гектар аумақта аса қауіпті ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестері саналатын азиялық үйірлі шегіртке мен итальяндық прусқа қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Егін шаруашылығы саласындағы 4 бюджеттік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде бөлінген 307,3 млн. теңге тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын, су жеткізу және  тұқым шаруашылығын дамыту шығындарын өтеуге жұмсалған. Биыл егістік жер көлемін 9 700 гектарға жеткізіп, 230 гектарға ұлғайту межеленген. Сонымен бірге Махамбет ауданынан 4 гектар жерге өнеркәсіптік жылыжай кешенін салу жоспарланып, құрылыс жұмыстары басталып та кеткен.

          Осындай ақпараттарды алға тартқан салалық басқарма басшысы бүгінгі таңда шаруагерлерді алаңдатып, шұғыл шешімін отырған бірқатар проблемаларды алға тартты. Бұл ретте суды пайдаланғаны үшін мемлекеттен берілетін субсидия мөлшерін 85 % көлемінде қалдыру, дизель отыны мен тыңайтқыштың бағасын төмендету, «ҚазАгро» несие корпорациясы арқылы берілетін несиенің жылдық қайтарым пайызын азайту, екпелі мал азықтық дақылдар егістігін дамыту, тиімді технологиялармен жұмыс жасайтын шаруашылық құрылымдарының қатарын көбейту, т.б. аталды.

          Бір айдан астам уақыттан кейін басталатын көктемгі дала жұмыстарына қамданыстың барысын да баяндамашы назардан тыс қалдырмады. Алдымен маңызды да жауапты науқанға қатысатын техникаларды дайындау мен дизель отынына, минералды тыңайтқыш пен басқа да қажеттіліктердің көлемін анықтап, уақытылы сұраныс беруге көңіл бөлінуде. Осылайша, дизель отынының бағасын бір литріне 229 теңгеден бекіту ұсынылған. Ал оның қолдағы бар қоры  6 700 тоннаны құрап отыр. Нақты айтқанда, облыста шаруашылық субъектілерінен дизель отынына берілген тапсырыс көлемі 1 080 тоннаны құраса,  оның 600 тоннасы ­­– көктемгі дала,  480 тоннасы күзгі жиын-терім жұмыстарына бағытталған.

          «ҚазСуШар» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Асланбек Рысжановтың сөзінше, қазіргі уақытта өңірдегі суару-суландыру жүйелерінің жалпы ұзындығы 1 130 шақырымнан асады. Былтыр облыс бойынша 151 суды пайдаланушы субъект осы кәсіпорынмен келісім-шартқа отырған. Сөйтіп, барлығы 25,782 млн. текше/метр су  суармалы егістікке, көлтабанды алқапқа, жайылымдық жерлерге, сондай-ақ, техникалық қажеттілікке байланысты кейбір кәсіпорын-мекемелерге берілген.

          Алайда, облыстағы суландыру каналдарының дені соңғы 30-40 жылда ешқандай жөндеу көрмеген. Арналары әбден тозған. Соның салдарынан олардың су өткізу қабілеттілігі төмендеген. Соңғы жылдары белең алған құрғақшылық пен қуаңшылықтың биыл да қайталану ықтималдылығын ескерсек, жағдайдың тағы оңай болмайтыны белгілі. Соның ішінде, Ойыл өзенінің бойында тұрған «Ералы» топтық су торабының пайдаланылып келе жатқанына жарты ғасырға жуық мезгіл өтіп, жүйенің қалыпты жұмысына қиындық келтіретін кедергілер туындап отырғаны жасырын емес.

          Бір сөзбен түйіндегенде, басым көпшілігі республикалық меншікке өтіп кеткен, санаулысы ғана коммуналдық меншікте, яғни кәсіпорынның теңгерімінде қалған каналдардың жағдайы қаперге алынып, 11 каналдың алтауы   республикадан бекіген «120 каналды қалпына келтіру» жобасына,, қалған бесеуі «Жасыл Қазақстан» жобасына енгізіліпті.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз