Қуатты ел қуатты өңірден басталады
«Қуатты өңір – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында аймақта елдің игілігіне қызмет ететін инновациялық жобалар қолға алынып, ауқымды істер атқарылуда. Соның ішінде қала мен ауылды сапалы да сенімді инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдармен, қозғалысқа қауіпсіз жолдармен, тұрғындарды жайлы да сайлы баспанамен қамту– бірінші кезектегі маңызды міндет саналады.
Тіршілік көзі тапшылықты көтермейді
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтың айтуынша, бүгінгі таңда 2 қала мен 139 елдімекен халқы ауыз сумен толықтай қамтылған. Облыс орталығы мен Мақат ауданы тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында алдыңғы жылы «Атырау облысы су арнасы» КМК-ның теңгеріміндегі қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр су беруге қауқарлы №5 сүзгілеу стансасын қайта жаңғырту жобасы қолға алынған болатын. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл мәресіне жеткізіліп, халықтың игілігіне беріледі. Сол сияқты осы кәсіпорынға қарасты №6 сүзгілеу стансасын салудың жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Осындайы жұмыстар жекелеген өңірлерде де жалғасын табуда. Мәселен, Қызылқоға ауданының Кенбай, Соркөл, Былқылдақты, Сарқұмақ, Қоныстану, Қоғам ауылдарында аталған елді мекендерге тазартылған ауыз су беретін блок-модульдер мен су желісі жүргізілсе, биыл бұл жұмыс Қоңыраулы ауылында аяқталады. Бұған қоса, «Кереген–Сағыз–Жамансор» топтық су құбыры қайта жаңғыртылады. Ауданда «Тайсойған–Миялы» магистралды су құбырының құрылысы қолға алынды. Осы жылдың соңына дейін Махамбет ауданындағы 5 ауылдық елді мекен (Аққора, Бала Ораз, Атамбаев, Есмахан, Көздіқара) құбыр бойымен келетін ауыз сумен қамтылады. Сонымен бірге, Қоянды топтық су құбыры (Құрманғазы ауданы) бойынан 6 ұңғыма салынды. Қорыта айтқанда, облыс бойынша құрылысы жоспарланған су құбырының жалпы ұзындығы 73,5 шақырымды құрайды. Белгіленген жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес атқарылады, — деді басқарма басшысы.
Санациялау кәрізді сауықтырады
Осыдан үш жыл бұрын Атырау қаласының сол жақ бетінде тәуліктік қуаттылығы 70 мың текше метр заманауи үлгідегі кәріздік тазарту кешені пайдалануға берілгені белгілі. Алайда, оның қажеттілікті толығымен қанағаттандырмайтыны ескеріліп, оң жағалаудан да тәулігіне 31 мың шаршы метр лас суды тазарту мүмкіндігі бар қондырғы құрылысы қолға алынған еді. Бұл нысан алдағы жылы іске қосылады. Сондай-ақ, қаладағы «Тухлая балка» булану алаңы ағынды, лас судан тазартылып, қалпына келтірілді. Аталған жобалар шаһардың экологиялық ахуалын сауықтыруға оң әсерін тигізетіні анық.
Басқарма басшысы Айдулат Кенжебековтың сөзінше, қазіргі уақытта қалада барлығы 84 кәріздік сорғы стансасы жұмыс істеп тұр. Алайда, бұл имараттардың басым бөлігі ертеректе (1945-1990 жылдар аралығында) салынғандықтан, бүгінде ескіріп, әбден тозған, тіпті апатты жағдайға жеткен. Нақтысын айтқанда, кәріздік сорғы стансаларының жартысынан көбі бірінші кезекте жаңғыртуды қажет етеді.
Осы тізімге кіретін 45-інің 25-іне демеушілік көмекпен жоба жасақталып, оның 9-ына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ал, қалған 20-ына «Казгипроводхоз институты» ЖШС-нің мамандары жобалау-сметалық құжаттамасын дайындап, қараша-желтоқсан айларында мемлекеттік сараптамаға жолдайды. Реконструкциядан өткізілетін кәріздік сорғы стансаларының бір бөлігін «Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының инвестициялық бағдарламасына енгізу көзделген.
Басқарма басшысының түсіндіруінше, кәріз жүйесінің жұмысын жақсартудың неғұрлым оңтайлы әрі мейлінше тиімді жолы ретінде санациялау тәсілі таңдалған. Сөйтіп, жалпы ұзындығы 39,4 шақырымды құрайтын, барлығы 31 учаскені қамтитын өздігінен ағу коллекторлары осы тәсілмен күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл жұмыстың жобалық құны 10 млрд. теңгені құрайды.
«Көгілдір отынға» қол жетті
Сонау бір кездері көпшілігімізге қол жетпестей көрінетін құбыр бойымен келетін «көгілдір отын» (табиғи газ) бүгінде қолжетімді дүниеге айналғанына бәріміз де куәміз. Статистикаға сүйенсек, мұнда да халықтың қамтылуы 100 пайызға жуықтап қалыпты.
Былтыр ғана Исатай ауданының алыстағы екі ауылына (Қызыл үй мен Жасқайрат) ұзындығы 102,6 шақырымдық құбыр тартылып, пайдалануға берілді. Енді биыл Қызылқоға өңірінің алты елді мекеніне табиғи газ жеткізіледі. Бұл құбырдың ұзындығы 122 шақырымға жуықтайды. Одан бөлек, газдың тұтыну көлемін көбейтіп, қуаттылығын арттыру мақсатында қаланың оң жақ жағалау бөлігіндегі және Редут ауылындағы «Финская – 120» газды тасымалдап, тарату стансаларын кеңейту жобасының құрылысы жүргізілуде.
Баспана – басты мәселе
Бүгінгі басты мәселенің бірі – баспанамен қамту болып отыр. Бұл бағытта қабылданған түрлі бағдарламалар уақыт өткен сайын өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, жемісін беруде. Мысал келтірсек, облыстағы шалғай өңірлердің бірі – Қызылқоға ауданының өзінде осынау өзекті мәселе оң шешімін тауып келеді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсайын Құмаровтың айтуынша, соңғы үш жылда ауданда кезекте тұрған 102 отбасы баспаналы болған. Атап өтер жайт, заңдылыққа сай тұрғын үй кезегі әрбір ауылдық округте емес, аудан бойынша бір жасақталады. Сондықтан, кезектіліктің сақталуының да өз реті бар көрінеді.
Айталық, кезегі келіп тұрған адам белгілі бір себептермен ұсынылған баспананы алудан бас тартқан жағдайда, кезек келесі кісіге өтеді. Бұл жерде ескерер жайт, берілгелі тұрған пәтерді алудан бас тартқан адам тұрғын үйді бөлу жөніндегі комиссияға онысын растайтын жазбаша өтініш береді. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, Қызылқоға – тұрғын үйге мұқтаждар саны ең аз аудандардың бірінен саналады екен.
Реновация – тиімді тәсіл
Бұл мәселені шешудің оңтайлы тәсілдерінің бірі – тұруға жарамсыз, апатты жағдайға жеткен үйлерді бұзып, тұрғындарын басқа жерге қоныстандыру болып табылады. Мұны тәжірибе жүзінде іске асырып, өзгелеріне үлгі көрсетіп жүрген өңірлердің қатарында Индер ауданын атасақ, артық емес.
Салаға жауапты мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері мұнда осы санаттағы 8 үйдің (72 пәтер) тұрғындарын көшіру шаралары қолға алыныпты. Осылайша, бүгінге дейін 35 пәтердің тұрғындары қазына қаражатына сатып алынған баспаналарға жайғастырылған. Қалған 37 пәтердің тұрғындары да көп кешікпей осындай мүмкіндікке ие болмақ. Игілікті іске ұйытқы болып отырған жергілікті атқарушы билік өкілдерінің хабарлауынша, ауданда соңғы жылдары тәжірибеде тиімділігін көрсетіп үлгерген реновация (ескірген, бірақ адамдар тұруға болатын үйлерді қайта жаңғырту) тәсілі кеңінен қолданысқа енген.
Бұл күнде қуатты ел қуатты өңірлерден басталатынын өмірдің өзі көрсетуде. Оның нышанын байланыс саласында жүзеге асып, іске қосылып жатқан жобалардан айқын аңғаруға болады. Өткен екі жылда облыстың барлық ауданында, атап айтқанда білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде сенімділігі жоғары талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Бұл интернет жүйесі жұмысын жақсартуға және көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруге септігін тигізіп отыр.
Дәулетқали АРУЕВ