Жалған ақшадан сақтаныңыз!

image30015105 64ac350a93be47ba5b4196030a9da652 Жаңалықтар

Atr.kz/29 тамыз, 2019 жыл. Елімізде 2011 жылғы үлгідегі 5 мың теңгелік жалған ақша көбейіп кетіпті. Мұндай жағдай Атырауда да кездескен. Осыған орай Ұлттық банк жұртшылыққа сақ болуды ескертіп отыр.

Қолдан жасалған банкноттардың сериялық нөмірі ВВ 5547994 жиі белгіленеді, басқа нөмірлер де болуы мүмкін. Күнделікті өмірде жалған ақшаны шын банкноттан айыру мүмкін емес көрінеді. Ол арнайы қағазда компьютерлік техниканы пайдалана отырып жасалған.

Мифтік «Самұрық» құс түріндегі сутамғы белгісі, үзік жіп, жасырын және аралас бейнелер, тағы басқа қорғаныш элементтері бар болып шықты. Сонда қарапайым халық қолдан жасалған банкнотты қалай байқайды? Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, түпнұсқа теңгені анықтаудың бірнеше жолы бар. Соның алғашқысы, ақшаны ұстаған адам оны сезінуі қажет. Дауысы да ерекше сықырлап шығады.

Банкноттарда бедер беретін арнайы мөр бедерленген. Оны «Қазақ елі» монументі, банкнот номиналының әріппен берілген, архитектуралық бейнелер, Қазақстан картасы және «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу салынған жерден байқауға болады. Ақшаның барлығында қол сипағанда жақсы білінетін, шығыңқы бедерлі элементтер түріндегі, көруі нашар адамдарға арналған белгі орналастырылғаны белгілі.

Жалған ақшада оған маңыз берілмеген. Ультракүлгін жарықпен қарағанда қолдан жасалған банкноттың көгілдір түсі болмайды. Мұндай банкноттардың түрлі түсті талшықтарын ақша жасаушылар қолдан бояумен салады. Түстері де түпнұсқасына қарағанда көмескіленіп тұрады.

– Содан соң банкнотты мұқият қарау қажет. Банкноттың түсі анық, әрі контрасты болуы тиіс. Сутамғы белгіні және номиналдың цифрлық бейнеленуін көретіндей етіп банкнотты жарық түсіріп қарау қажет. Осы сияқты жазуы бар үзік сызық түрінде банкноттың бетіне шығып тұратын тұтас магнитті және үзік-үзік жіпке назар аудару қажет. Ол жарық түскен кезде жазуы бар тұтас жіп түрінде көрінеді, – деді Ұлттық Банктің Атырау филиалы қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімі басшысының орынбасары Арайлым Амин.

Мамандар банкнотты айналдырып қараудың қажеттігін де айтып отыр. Номиналы 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттарда түсі ауысып отыратын бояумен салынған сурет түріндегі бейнелер бар. Банкнотты қисайту бұрышын өзгерткен кезде бейнелердің түсі жасыл түстен алтын түстес түске өзгереді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыста қолдан жасалған екі ақша анықталған. Оның сомасы 12 мың теңгені құрайды. Өткен жылы мұның саны үшеу болыпты.

– Ұлттық Банктің Атырау филиалында сомасы 97,4 мың теңге болатын 22 банкнотқа сараптама жүргізілді. Оның ішінде 20 банкнот төлемге жарамды, ауыстыруға жататын, 2 банкнот төлеуге жарамсыз деп танылды, – деді Арайлым Амин.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз