
Қосылған құн салығы: бюджетке пайда, бизнеске шығын ба?
Биыл төртінші мәрте өткен Ұлттық құрылтайда Президент қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы өз сөзінде салық жүйесінің бүкіл мемлекеттік құрылымның тірегі екенін атап өтіп, оның тиімділігін арттыру қажеттігін ерекше атап көрсетті. Осы орайда, қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру мәселесі бұрыннан көтеріліп келе жатқанын жеткізді.
Қазіргі таңда ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін арттыру жоспарланып отырғаны туралы ақпарат көпшілік арасында кеңінен таралуда. Салық сарапшысы ретінде мен бұл өзгерістің нарыққа айтарлықтай салмақ түсіретініне және бизнестің көлеңкелі экономикаға қайта оралу қаупінің арта түсетініне алаңдаймын. Цифрлық жүйе енгізілгенге дейін Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен күресу жолында талай қиындықтарға тап болғаны белгілі. Егер ҚҚС мөлшерлемесі 20%-ға көтерілсе, кәсіпкерлер шығындарын азайту мақсатында дәл сол көлеңкелі нарыққа қайта бет бұруы әбден мүмкін.
Сонымен қатар, ҚҚС бойынша тіркеуге жататын айналым шегінің 10 000 АЕК-ке дейін төмендетілуі нарықтағы бағаның өсуіне және көптеген шағын кәсіп иелерінің банкротқа ұшырауына әкелуі ықтимал. Бұл өзгеріс бизнестің қаржылық жүктемесін арттырып, олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін.
Қорытындылай келе, салықтық реформалардың негізгі мақсаты – мемлекеттік бюджетті толықтыру ғана емес, сонымен қатар экономиканың тұрақтылығын сақтау болуы тиіс. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін көтермес бұрын, оның нарыққа тигізер ықпалын жан-жақты сараптап, бизнесті қолдау тетіктерін қарастыру қажет.
Нұрсұлтан ӘУЕЛБАЕВ,
салық сарапшысы