ҚОЯН ӨСІРІП, ТАБЫСҚА КЕНЕЛДІ

Қоян өсіруді де табысты шаруашылықтар қатарына жатқызуға болады. Себебі, ұзынқұлақтының еті диеталық тағам, ал терісі мен түбіті жағалы киімдер тігуге және тоқыма тоқу өнеркәсібіне қажетті шикізат ретінде қолданылады. Оның үстіне, өсімталдығы мен көбеюі жөнінен де үй шаруашылығындағы өзге жануарлардан озық келеді екен. Мамық жүнді, ұзын және қысқа жүнді болып келетін қоянның әлемде 200-ге тарта түрі бар.   

 Бір қарағанда, тек хобби ретінде айналысатын қосымша тірлік секілді көрінгенімен, қоян өсіру әдісін білгенге көлемді табыс көзі болып табылады. Ол еліміздің Солтүстік, Орталық өңірлерінде айтарлықтай дамыған. Ал, біздің аймақта  көп емес. Дегенмен, облысымызда шағын несиемен осы кәсіпті ашып, шаруашылығын дамытуға күш салып жатқандар да бар. Соның бірі – Мақат ауданының тұрғыны Сапура Қадырғалиева. Несиеге үш миллион теңге алған кәсіпкер бүгінде шаруасын дөңгелетіп кетті деуге болады. Оның шаруашылығында қазір 60-қа жуық қоян бар.

– Осыншама көп жануарларға берілетін азық та аз шығынды құрамайды, – дейді кәсіпкер. – Бір жақсысы, қоян етіне деген сұраныс көп.

Ал, Атырау қаласының тұрғыны Анатолий Ермуранов қоян өсірумен он жылдан бері айналысады. Оныкі өзгелерден бөлек, көлемі ірі. Мәселен, кәдімгі қояндардың салмағы 1,5-2 килограмм болса, оның өсіретін үй қояндарының орташа салмағы сегіз килограмға, ал, аталығының салмағы 12 килограмға дейін тартады екен.  

Анатолий Борисович қояндарды Ресей мен Белоруссиядан және еліміздің өзге өңірлеріндегі қоян өсіретін шаруашылықтардан тапсырыс беріп алдырады. Ол қояндардан жаңа тұқымдар алады. Өзге жерден әкелген жаңа тұқымдармен будандастырып, олардың қан сапасының таза болуына аса мән береді. Қазір ол бағымындағылардың санын мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Әңгімелесушіміз қоян етінің қант диабетімен ауыратын науқастарға пайдасы көп дейді. Себебі, диеталық тағамға жатады. Ал, ішмайы өкпе, тыныс жолы ауырғандарға ем. Алдағы уақытта қоян етін базарға сатылымға шығармақ ойы бар. 

– Қоян етінің тағы бір қасиеті – мал етіне қарағанда құрамында холестерин мөлшерінің аз болуы. Өкпесі ауыратын науқастар борсық пен иттің майын пайдаланады. Алайда, ол бауыр мен бүйрекке зиян. Ал, қоян майы зиянсыз. Сондықтан да ол базарларда өтімді болуы мүмкін, – дейді Анатолий Борисович.  

Кәсіпкер қояндардың азығына қатты мән береді. Үлкен қояндардың ас қорыту жүйесі өте осал көрінеді. Оларды дұрыс қоректендірмеу іштің кебуіне, семіруге соқтыруы ықтимал.

Қоян өсірушілер өз кәсіптерін мемлекеттік маңызы бар іс деп санайды. Тіпті, оған мемлекет ауыл шаруашылығына көңіл бөлгендегідей назар аударса деген де тілектерін айтты. 

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз