Жарнама
Экономика

Қашаған акционерлері экологиялық айыппұлды әлеуметтік инвестицияларға айырбастауды ұсынды

Қашаған жобасының акционерлері Қазақстан Үкіметіне экологиялық айыппұлды әлеуметтік инвестицияларға айырбастау туралы ұсыныс білдірді. Бұл ұсыныс Қашаған кен орнында күкіртті сақтау мәселесіне байланысты туындаған экологиялық дауды реттеуге бағытталған, — деп хабарлайды oilgazKZ ақпараттық ресурсы.

Bloomberg агенттігінің мәліметіне сәйкес, инвесторлар Қазақстан үкіметіне екі жыл ішінде әлеуметтік жобаларға 110 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға дайын екендерін жеткізген. Бұл қаражат Қашаған жобасының табысы есебінен бөлініп, қайтарылмайтын негізде жұмсалады.

Сонымен қатар, инвесторлар өңірлердің қажеттіліктерін қаржыландыру мақсатында арнайы әлеуметтік даму қорын құруды да ұсынған. Осы қор әлеуметтік бастамалар мен жобаларды қолдап, өңірлердің дамуына үлес қосады. Алайда, мемлекет бұл ұсынысты қабылдайтын болса, күкіртті сақтау және қоршаған ортаға келтірілген зиян туралы талаптардан бас тартуы керек болады.

Айта кету керек, бұған дейін, 2014 жылы NCOC (North Caspian Operating Company) «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына 50 млн. доллар көлемінде демеушілік көмек көрсеткен. Бұл қаражат 2017 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көрмені қаржыландыруға жұмсалған болатын.

Қазір үкімет пен инвесторлар арасындағы келіссөздер нәтижесі белгісіз. Экологиялық айыппұлды әлеуметтік инвестицияларға айырбастау мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр, себебі бұл шешім қоршаған ортаға тигізілген залалдың орнын толтыру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Сурет: kursiv.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button