Атырауда арзан өнім қайда бар?

14278445 1 Жаңалықтар

АТЫРАУДА ЖАҢА ЖЫЛДАН БАСТАП КҮНДЕЛІКТІ ТҰТЫНАТЫН АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ҚЫМБАТТАТПАУ МАҚСАТЫНДА ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫНАН АРЗАН ӨНІМДЕР САТТЫҚҚА ШЫҒАРЫЛА БАСТАДЫ. АЛАЙДА…

ОЛ БАЗАРЛАРДАҒЫ БАСҚА САТУШЫЛАРДЫҢ РЕНІШІН ТУҒЫЗЫП ОТЫР. ОЛАР ҚАСЫНАН ПАЙДА БОЛҒАН МЫҚТЫ БӘСЕКЕЛЕСКЕ ТӨТЕП БЕРЕ АЛМАЙ, ПАЙДАДАН ҚАҒЫЛАДЫ ЕКЕН. СОЛ СЕБЕПТІ САТУШЫЛАР МЕН ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНДЫРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ИЕЛЕРІ ӘКІМДІК ҰЙЫМДАСТЫРҒАН САУДА НҮКТЕСІН ЖАҒАЛАЙДЫ. БІРАҚ ҚАРАПАЙЫМ ТҰТЫНУШЫҒА АРНАЛҒАН АРЗАН ТАҒАМ ТҮРЛЕРІ БАРЛЫҒЫНА БІРДЕЙ ЖЕТПЕЙ ЖАТЫР.

Базар саудагерлері жыл басынан бері көтерме саудадағы тауарлар мен коммуналдық қызметтің бағасы күрт өскенін айтады. Бұл жағдай қалыпқа түспесе шағын бизнес өкілдерін тығырыққа тірейтін түрі бар. Әкімдік ұйымдастырған сауда нүктесінде азық-түлік су тегін сатылып жатыр. Мысалы, 1 келі ет – 1855 теңге, 10 дана жұмыртқа – 320 теңге, картоп – 185 теңге. Басқа да тағам бағасы нарықтан 33-35 пайызға арзан. Осыны үнем көрген шағын бизнес өкілдері таң атпай, әлеуметтік өнім сатылатын сөрелерді жағалайды. Бірақ шектеулі тауар барлығына жетпейді де, осы арадан дау туындайды.

– Өзімнің шағын аспаздық мекемеме бұрын қалағанымша сатып алушы едім. Енді сатпайтын болыпты. Ал, үнемі базардан алуға қалта көтермейді ғой, – дейді кәсіп иесі Римма Наурышева.

Иә, әлеуметтік маңызы бар тағам түрлері шектеулі, яғни бір адамға 5 келі мөлшерде ғана беріледі. Соның өзінде көптеген өнімдер түске дейін сатылып кетеді екен. Ал, базарларда баға шарықтап кеткен. Жаңа жылдан бастап, Атырауда ет өнімдері 25, көкөніс пен макарон түрлері 17 пайызға қымбаттады. Қарапайым халық оған сатушыларды кінәлайды. Бірақ олардың да айтар өзіндік уәжі бар.

– Бағасы қымбаттаған сайын ет өтпейді. Бір бас сиыр немесе жылқыны екі сатушы бөліп аламыз. Соның өзінде шығыны көп. Мысалы, малды сойғызуға 8 мың теңге, тасымалға 4 мың теңге төлейміз. Ол шығындардың барлығы еттің бағасына қосылады, – дейді сатушы Райгүл Жарылғасынова.

Айтса айтқандай, жаңа жылдан бастап қала базарларындағы орынақы көтерілді. Бұрын бір сатушы тұрған жеріне 45 мың теңге төлесе, енді 65 мыңнан бір-ақ шығыпты. Оның сыртында коммуналдық шығын тағы бар. Мысалы, электр энергиясы үшін әр сатушы 9,3 мың теңге төлейтін. Енді жаңа жылдан бастап ол екі есеге өскен және электр қуатының шығыны есептегіш арқылы емес, сауда нүктесінің әрқайсысынан алынады. Бұл жердегі басты кілтипан монополист компаниялардың коммуналдық қызмет тарифін шектен тыс көтеріп жіберуінен туындап отыр. Базарларда орынақының да, басқа алымдардың да өсу себебі осында жатыр.

– Біз қараша айына электр энергиясы үшін 1,5 миллион теңге төлеп едік. Қаңтар айында 3 млн. 955 мың теңгеден бір-ақ шықты. Ол шығынды жалға алушылардан өндіруге тура келеді. Әйтпесе, коммуналдық берешектерді өтей алмаймыз. Ал, қыстыгүні жарықсыз қалсақ, базар жұмысын тоқтатады. Сондықтан, барлық ауыртпалық жеме-жемге келгенде, кәсіпкердің иығына түседі. Олар бағаны көтерсе, тұтынушы қиналады, – дейді «Сарайшық базары» ЖШС директорының міндетін атқарушы Қадірғали Тұрғанов.

Бүгінде облыстың тұрақтандыру қорының қоймасында 216 тонна азық-түлік пен 2200 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сақтаулы. Олар облыстағы 39 сауда нүктесі арқылы тұтынушыға жеткізілуде. Тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасын тұрақтандыруға бюджеттен 1 млрд. 035 млн. теңге қаралған. Оған ірі сауда орындары арқылы ұн, өсімдік майы секілді облыста өндірілмейтін азық-түлік түрлері сатылып алынуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қоры мамыр айына дейін жетуі тиіс. Бірақ бұл – облыс тұтынушыларының жан басына шаққандағы есеп. Бизнес нысандарына арналмаған. Әрине, шектеулі қордың қашан болса да, таусылары ақиқат. Сондықтан, еркін бағадағы базар нарқын тұрақтандыру үшін монополистермен қандай да бір келісімге келу керек. Әйтпесе, қордаланған түйткілдің түйінін тарқату базар басшыларының қолынан келмейді.

Арыстанбек КЕНЖЕ, өз тілшіміз

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Жемис

    Қайдағы 185 тг. картоп? Картоптың бағасы қайда бар санда 250-280тг.Арзан азық түлiк i жасырын саптама сонда, неге халық сол арзан тағамды қөрмейдi?

  2. Санду

    Рас бар картоп кг 185 т алдым мен.