Қарыз қамыты… одан құтылудың жолы бар ма?
Қазақстан экономикасы күрделі жаһандық өзгерістер мен ішкі даму үдерістерінің аясында қалыптасып келеді. Тәуелсіз республикамыздың өркендеу бағыттары индустрияландыру мен инновацияға негізделген. Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы осы мақсаттарға жету жолындағы маңызды қадамдарды айқындап берді. Маңызды құжат әлеуметтік-экономикалық реформалар, инвестициялық климатты жақсарту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ елдің экономикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталған бастамалар басты назарда болды. Демек, жұртшылықтың тұрмысын жақсарту үшін не істеу қажет? Осыған байланысты, біз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Зита Кенжеғалиевамен сұхбаттасқан едік.
– Зита Жаңабайқызы, жасыратыны жоқ, қазір екінің бірінде несие бар. Оны бизнесті дамыту үшін пайдаланса бір сәрі ғой, тұтынушылық мақсатта алып, қарызға белшеден батып жүргендер көп. Сондықтан Жолдауда ең алдымен экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін қоғамға қауіп төндіретін несие проблемасы айтылған еді…
– Иә, ресми статистикалық деректер көңіл көншітпейді. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, бүгінде 8 млн. қазақстандықтың несиесі бар. Соңғы бір жарым жылда бұл көрсеткіш 25 пайызға өскен. Қарыздың жалпы сомасы 18 триллион теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде триллион төрт жүз мыңы – мерзімі 3 айдан асатын қарыз. Яғни, соңғы 3 жылда тұтынушылық несиелеу сегментінде тұрақты өсім байқалады.
Проблемалық қарыз алушының портретін зерттеу көрсеткендей, қарыздардың жартысынан көбі ер адамдарға тиесілі. Бірақ, олардың кепілдендірілген тұтынушылық несиелері көп, ал, әйелдердікі кепілсіз. Жас топтарының критерийі бойынша 1982 жылдан 2000 жылға дейін туылған адамдар бірінші орында. Одан әрі алынған несиелер көлемі бойынша рейтингте 1963-1981 жылдары туған ұрпақ орналасқан. Ал, ең жас топта бумерлер, яғни 1943-1962 жылдары туғандар тұтынушылық несие алушылар болып табылады. Сонымен қатар, ең жас проблемалық қарыз алушы 19 жаста болса, ең үлкені 79 жаста екен.
Халықтың несиелену деңгейін төмендету үшін 19 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредиттеу кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын және атқарушылық іс жүргізуді реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Онда проблемалы қарыз алушылармен жұмыс істеу бағытындағы шаралар қарастырылған.
90 күн мерзімін өткізіп алғаннан кейін сыйақы есептеуге тыйым салу, шығарудың орнына халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыға өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді жалға беру, тұтынушылық несиелендіруді шектеуге бағытталған шаралар қамтылған. Қарыз алушының төлем қабілеттілігі, онлайн-микронесие беру шарттарын қатаңдату, азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау жайы да назардан тыс қалмады. Енді жаңа заңнама бойынша банктер мен микро қаржылық ұйымдар 90 күннен артық мерзімі өткен қазақстандыққа тұтынушылық несие бойынша өтінімді мақұлдамайды. Бұл норматив банкке онлайн және офлайн өтініштер бойынша да сақталады.
– Бұл өзгерістер коллекторлық компанияларға да әсер етті ме?
– Әрине, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін проблемалық тұтынушылық несиелерді коллекторларға сатуға толық тыйым салынды. Екіншіден, егер адам 90 күн мерзімін өткізіп алса, онда мұндай несие бойынша банктер мен микро қаржы ұйымы 24 айдың ішінде коллекторлық агенттіктерге несие беруге немесе сатуға құқығы болмайды деген жаңа талап қосымша енгізіледі. Мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде несиелерді өтеу бойынша кейінге қалдыру да 60 күнге ұлғайды. Осылайша, әскерден оралғаннан кейін қазақстандықтарға енді жұмыс және ақша табуға уақыт беріледі.
Наурыз айындағы мәліметтер бойынша 8 миллионнан астам адамның кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша қарызы болған. Бұл шамамен 10 триллион теңге. Ал, бір жарым миллион қазақстандық проблемалық қарыз алушылардың тізімінде тұр. Жаңа заңнама банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін қатаң стандарттарды белгілеп отыр. Айталық, қарыз алушы белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, жаңа өтінімдердің қабылдануына жол берілмейді. Сонымен қатар, алаяқтармен күресу үшін онлайн-несиелер бойынша міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізілді.
Меніңше, халықты несиелендіру мәселесі жоғары деңгейде шешілуде және осы бағыттағы ауқымды жұмыстар жүргізіле беруі тиіс. Осы мәселе бойынша нормативтік-құқықтық нормаларды қабылдаумен қатар, жұртшылықтың қаржылық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы профилактикалық іс-шараларды жалғастыру қажет. Дамыған елдердің халықаралық тәжірибесі ел азаматтарының жас кезінен бастап қаржылық сауаттылыққа баулитынын көрсетіп отыр. Өйткені, адами капитал – мемлекеттердің негізгі құнды ресурсы, жалпы өңірлер экономикасының дамуына ықпал ететін қозғаушы күш болып табылады. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге экономиканың құрылымын өзгерту мәселесіне – елдің орнықты ілгерілеуін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тетіктерді әзірлеу мүмкіндігіне ерекше назар аударуды тапсырды.
– Экономикадағы өзгерістер – бұл нарықта жұмыс істеп тұрған негізгі тәсілдердің жаңаруы. Ендеше, біз әлі қай саланы шұғыл түрде дамытуға ден қоюымыз қажет?
– Ел экономикасы шикізатпен тығыз байланысты болғандықтан, көптеген өңір көмір, лигнит, мұнай және газ, металдар сияқты пайдалы қазбаларды өндіруге маманданған. Аймақтардың бір бөлігінде ғана ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Пайдалы қазбалары немесе құнарлы жерлері жоқ аумақтар сауда мен қызмет көрсету саласына ден қойып отыр. Соған қарамастан, бірнеше онжылдық бойы елде экономиканың шикізаттық емес секторының рөлін күшейту жөніндегі бағдарламалар жұмыс істеп келеді. Іс жүзінде барлық жергілікті даму стратегияларында экономиканы әртараптандыру қажеттілігі айтылады. Ғылыми-техникалық прогресс пен жаһандық экономиканың трендтері жаңа салалардың жедел дамуы қарастырылған.
Аймақтық мамандандырудың тиімділігі жекелеген аймақтың да, бүкіл елдің де экономика салаларының тұрақтылығы мен қарқындылығын анықтайды. Қазіргі экономикалық ғылымда «экономикалық мамандандыру» ұғымына көптеген анықтамалар ұсынылған. Олардың кейбіреулері XIX ғасырдан бастау алады. Бұл мәселелерді Адам Смит, Дэвид Рекардо Хекшер мен Олин, П. Кругман және Э.Хелпман зерттеген. Олар экономикалық географияның жаңа модельдері аймақтық мамандандыру агломерациясының кеңістіктік моделінің нәтижесі болуы мүмкін деп болжайды. Ауқымы кеңейген салалар ең үлкен нарыққа жақын орналасуы керек. Сонымен, аймақтық мамандандыру деп аймақтың экономикалық жүйесінің бәсекелестік артықшылықтары бар салаларға шоғырлануы деп түсіну керек.
Қазақстанның Жалпы ішкі өнімінің негізгі үлесін көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу, шикі мұнай, табиғи газ өндіру, көлік, қоймалау, жылжымайтын мүлік операциялары, металлургия өнеркәсібі секілді салалар қалыптастырады. Демек, экономикалық мамандану бойынша отандық ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне де зер салу керек.
– Экономиканы әртараптандырудың жолдары қандай?
– Ұлттық экономика мамандануының негізгі салалары «көтерме және бөлшек сауда», «автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу», «шикі мұнай және табиғи газ өндіру», «көлік және қоймалау», «жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар», «металлургия өнеркәсібі» болып табылады. Осы бағыт бойынша әртараптандырудың ең жоғары деңгейін Ақмола және Алматы облыстары көрсетіп отыр.
Түркістан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының экономикалық жүйелері неғұрлым мамандандырылған ретінде саналады. Қазақстан өңірлерінің мамандануының негізгі факторлары – географиялық орналасуы, табиғи-климаттық жағдайлары, пайдалы қазбалардың болуы. Еліміздің көптеген өңірі шикі мұнай және табиғи газ, көмір және лигнит сияқты пайдалы қазбаларды өндіруге байланысты салаларға, сондай-ақ, электрондық өнімдерді, көлік құралдарын, тоқыма және басқа да дайын өнімдерді өндіруге маманданған. Енді осы секторлардың айналасында шағын бизнес субъектілерінің қатарын толықтыру қажет.
Сұхбаттасқан Айбөпе САБЫРОВА