МЕЖЕ МЕН МҮМКІНДІК

Халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесінің Қазақстанда өтуі – сөз жоқ, тәуелсіз Қазақ елінің сыртқы саясаттағы салмақты да айтулы жетістіктерінің бірі. Әлем елдері көз тігіп отырған жоғары технологияның, инновациялық жобалардың, бір сөзбен айтқанда, елімізге тұтас прогрестің орталығына айналуға мүмкіндік беретін Астана көрмесінің жоғары деңгейдегі ізденіс пен дайындықты қажет ететіндігі белгілі. Осы мақсатта бүгінге дейін нендей істер тындырылды? Саралап көрелік.

Өткен сәрсенбіде, яғни қарашаның 27-сі күні қазақстандық делегация Парижде болып, Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 154-ші сессиясына қатысты. Жиын барысында атаулы оқиғаға дайындық жөнінде есеп берді. ЕХРО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев пен «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ермегияев бастаған делегация есебінен көрме кешенінің ең үздік идеясын анықтауға арналған халықаралық сәулет сайысын өткізу, ЕХРО туралы жаңа заң жобасын қабылдау сынды жұмыстар жоспарланып отырғаны белгілі болды. Талғат Ермегияевтың айтуынша, ЕХРО-ның Астанада өткізілуі Елорда мен Қазақстанның дамуына түрткі болады. «Жоспарда қалааралық жолдарды салу және кей тұстарын жөндеу қарастырылған. Мысалы, Астанадағы Халықаралық әуежай кеңейтіліп, қала мен ел инфрақұрылымының жақсаруына бағытталған басқа да көптеген жобалар жүзеге асырылмақшы» дейді ол. Ал, вице-министр Рәпіл Жошыбаев халықаралық қатысушыларды тарту бойынша жұмыс тобының құрылғанын мәлімдеді. «Топтың негізгі міндеті – Қазақстан имиджін қалыптастыру, туризмді дамыту, жергілікті және шет елден келген меймандарды көрмеге тарту, сонымен қатар олармен жұмыс жүргізу» деп атап өтті ол.
Басты жаңалық сол, көрме нысандарының құрылысы келер жылы басталмақ. Бұл жөнінде ortcom.kz сайтына берген сұхбатында «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Талғат Ермегияев мәлімдеді. Қолданыстағы қандай да бір ғимаратты бұзудан бас тартуға және көрме шеңберінде салынатын нысандарды шара аяқталғаннан кейін де тиімді пайдалануға мүдделі екендіктерін жеткізген ол «Тек келесі жылы ғана біз құрылыс нысандарын жобалауды бастаймыз. Мұны бірнеше кезеңге бөлуіміз де мүмкін. Сөйтіп, 2014 жылғы сәуірдің соңы, мамыр айының басында құрылыс жұмыстарын бастаймыз» деген мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ, бүгінде Сенат комитетінде атаулы оқиғаға байланысты заң жобасы қаралып жатыр. Парламент пәпкесін толықтыра түскен бұл жоба халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу, тиісті инфрақұрылым құрылысына инвестицияларды тарту, келушілер мен көрме қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа инновациялық технологияларды енгізу және туристік саланы дамыту мен Қазақстан Республикасы экономикасына инвестицияларды тарту үшін тиісті жағдайлар қалыптастыру мәселелерін заңнамалық тұрғыда реттеуге бағытталған. «Заң жобасы Бюджет және Салық кодекстеріне, сондай-ақ, бірнеше заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Тұжырымдық мақұлданған құжат Палата қарауына берілді» деп хабарлайды www.expo2017astana сайты.
Халықаралық көрмеге дайындық Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі тарапынан да қызу жүріп жатыр. Министр Нұрлан Қаппаровтың мәліметінше, аталмыш министрлік Азия және Тынық мұхиты елдерінің Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы мен Еуропалық экономикалық комиссиясымен бірлесіп, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы мен ЕХРО-2017 бойынша халықаралық конференция өткізген. Нәтижесінде Қазақстан, Белоруссия, Германия, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия және Черногория елдері Хартияға қол қойып, бағдарлама ресми түрде іске қосылды. «Болашақта бұл бағдарламаға басқа елдердің қосылуы үшін жұмыс істейміз» деген министр негізгі бағыт – озық жасыл технологияларды трансферттеу мен жасыл экономиканы дамыту саласында тәжірибе алмасу екендігін жеткізді. Яғни, 2017 жылы аталмыш бағдарлама өзінің шарықтау шегіне жетуі тиіс. Негізінен ЕХРО көрмесінің уақыты келгенде әлемдегі ең үздік жасыл технологиялар Астанада көрсетіледі деген болжам бар. Осы орайда ЕХРО көрмесінің логотипі анықталғанын атап өткіміз келеді. Ол «Жел энергиясы» деп аталады. «Одан кейін ағымдағы жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасына сәйкес жұмыстар қолға алынды» деп мәлімдеді министр Нұрлан Қаппаров.
Сондай-ақ, өткен айда Астанада ЕХРО-2017 көрмесі кешенiнiң үздiк эскиз-идеясы Халықаралық архитектуралық байқауы қорытындыланды. Нәтижесінде «Adrian Smith + Gordon Gill» архитектуралық компаниясы жоба жеңімпазы атанды. Айта кеткен жөн, байқауға 105 компания қатысып, техникалық кеңестің шешімімен ең үздiк деген он жоба іріктеліп алынған. Солардың ішінен қазылар алқасының таңдауы америкалық сәулетшілерге түсіпті. Білуімізше, жоба жеңімпазы атанған компанияның заманауи құрылыс саласында тәжірибесі мол. Олар бұған дейін Дубайдағы әлемнiң ең биiк ғимараты саналатын «Бурдж Халифаның» жобасын жасаған. «Бүгінде Қытай елінде жасыл технологияларға бағытталған тұрғын үйлердi салып жатыр. Сондықтан, компания техникалық және сәулеттiк жағынан озық деп танылды» дейді қазылар алқасы. Айта кетерлігі, көрменің символы бірнеше қабатты сфера іспетті, әрі жалпы ауданы 24 мың шаршы метр болады. Ол «Қазақстан» павильоны деп аталады. Бұл ғимарат көрме қалашығының ортасында орналасатын болады. Нәтижесінде ЕХРО-2017 алаңы – бес тірекке негізделген үшінші индустриялық революцияның орталығына айналады. Ал, көрме кешенінің құрылысы 2016 жылы аяқталады деп күтілуде. «Расында, Болашақ энергиясы – қазір басты тақырыптардың бірі. Сәулетшілердің пікірінше, архитектура – әлемге септігі тиетін зор күш-қуатқа ие» дейді АҚШ архитекторлар институтының мүшесі, байқау жеңімпазы Гордон Гилл әріптестерімізге берген сұхбатында. Архитектор ретінде олар қоғамға пайдасы бар, заманауи технологиялардың ілгерілеуіне жол ашатын, экологиялық тазалықты қамтамасыз ететін қадам жасауға ұмтылады. Сол себепті, 2017 жылы Астанада өтетін ЕХРО көрмесі ғимаратын жобалау кезінде жергілікті, өңірлік әрі ғаламдық әсеріне баса назар аударған.
Иә, тұтастай алғанда Қазақ елінің әлеуетін еселей түсуге жол ашатын халықаралық ЕХРО-2017 тәуелсіз мемлекетіміздің келешегіне зор мүмкіндіктер сыйлағалы отыр. Ендігі жерде Қазақстан халықаралық көрме барысында паш етілетін әлемдік озық технологиялармен танысып қана қоймай, оны игеріп, қолданысқа енгізуге күш салуы қажет.

Дайындаған
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз