Атырауда 300 пәтер салынып жатыр

Қаражат игерілуімен құнды Жаңалықтар

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингте облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева журналистерді өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен қысқаша таныстырды.

????????????????????????????????????

2016 жылы барлық индикаторлық көрсеткіштер бойынша белгіленген меже толықтай немесе артығымен орындалған.  Есепті мерзімде өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,4 трлн. теңгені, нақты көлем индексі 102,2 пайызды құраған. Облысқа тартылған инвестиция көлемі 2036,9 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 132,3 пайызға тұрақтаған.

 

ҚАЗЫНА КІРІСТЕН ҚҰРАЛАДЫ

Бюджеттің кіріс бөлігі 815,2 млрд. теңгені құрап, болжам 112,8 пайызға орындалды.  Соның ішінде  жергілікті бюджет түсімдері 211,9 млрд. теңге болып, орындалысы 121,6 пайызға  жетті. Нәтижесінде  мемлекеттік бюджет түсімдері 223,9 млрд. теңгеге (оның 172,1 млрд. теңгесі республикалық және 51,8 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттің үлесінде)  артық түскен.  Ұлттық қорға 592,1 млрд. теңге аударылып, қаражат көлемі алдыңғы жылғыдан айтарлықтай кеміді.  Сондай-ақ, сыртқы тауар айналымының көлемі 13,2 млрд. АҚШ долларын құрап, орындалу көрсеткіші 78,6 пайызбен шектелді. Баяндамашы мұның себебін былтырғы жылы мұнай бағасының  төмендеуімен  түсіндірді.

Ал, бюджеттің шығыс бөлігі 234 139  млн. теңгеге жоспарланып,  нақты орындалысы  233 754,1  теңгеге немесе 99,8  пайызға қамтамасыз етілді. Бұған  Атырау қаласының Нұрсая  мөлтекауданында салынып жатқан мектеп құрылысына қаралған қаражаттың игерілмеуі, өзге де жағдайлардың  себепші болғандығы алға тартылды.

 

ЖОБАЛАР

«НҰРЛЫ ЖОЛДАН» БАСТАЛАДЫ

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордың есебінен 6573,3 млн. теңге қаралып, бұл қаржының басым бөлігі (4123,8 млн. теңгесі) Атырау қаласы мен Қызылқоға, Құрманғазы, Жылыой аудандарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына жұмсалған. Үш транш бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы 8,4 млрд. теңгеге 53  жоба қаржыландырылып, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Сол сияқты,  облыс орталығы мен аудандарда көп қабатты тұрғын үйлер салынып, инженерлік инфрақұрылымдар жүргізілді. Атырау қаласы аумағынан салынып жатқан  фармацевтикалық зауытқа электр желісін тартудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Биыл да  Ұлттық қордан бөлінген 143,8 млн. теңгеге осындай 21 жоба қаржыландырылады.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ның қаражатын тарту жолымен несиелік  тұрғын үй салуға 1262,1 млн. теңге бөлініп, оған 300 пәтерлік алты үйдің (жалпы ауданы 20,6 мың шаршы метр) құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа қосымша 1390 млн. теңге қаржы қаралады деп күтілуде.

 

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ

Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің аясын кеңейту қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, бірқатар мемлекеттік қызметтерді көрсету міндетін бизнеске беру, әсіресе, білім беру саласында балабақшалармен қамту мәселесін шешу тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар  жалғасын тауып, қазірдің өзінде үш жоба жүзеге асырылу үстінде. Атап айтқанда, Атырау қаласының  Өркен  мөлтекауданындағы ауысымына 250 келушіні қабылдайтын емхана, Балықшы кентіндегі 160 орындық балабақша (қайта жаңғырту) және Ақсай ауылындағы ауысым бойына 25 емделушіге қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория құрылыстары қолға алынды.  Бұған қоса, Атырау қаласы аумағынан 20 балабақша мен 8 орта мектептің құрылысын салу  жоспарға енгізілді.

 

КОММУНАЛДЫҚТАН  – МЕМЛЕКЕТТІК МЕНШІККЕ

Коммуналдық меншікте  842  мекеме бар болса, соның 507-сі – мемлекеттік, 335-сі квазимемлекеттік  сектор субъектісіне кіреді.  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі жанынан құрылған жұмысшы тобымен бірлесіп жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысымен 51 ұйымда оңтайландыру шаралары басталды.  Нақтылағанда, олардың 14-ін жекешелендіру, 15-ін тарату, 9-ын мемлекеттік мекемеге айналдыру, 10-ын қосу арқылы қайта ұйымдастыру және үшеуін сенімгерлік басқаруға беру ұйғарылды.

Жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген 13 ұйымның үшеуі саттыққа шығарылып, екеуі  сатылған, біреуі саттықтан өтпеуіне байланысты жабылу сатысына қойылған. Қалған 10-ы 2017 – 2020  жылдардың жоспарына енгізілгенімен,  Елбасының тапсырмасына сәйкес орындалу мерзімі 2018 жылдың соңына ығыстырылды. Кешенді жоспар бойынша саттыққа шығарылған «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарасты 9 ұйымның жетеуі 98318 мың теңгеге сатылған. Тұтастай алғанда, осы уақытқа дейін сатылған 73 коммуналдық меншік нысаны бойынша бюджетке 29031 млн. теңге қаражат түсті.

Өткен жылы сатылған нысандардың қатарында «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» 13 млн. теңгеге және «Геотехникалық орталық» 6,2 млн. теңгеге саудаланған. Ал, «Мұнайшы» спорт кешені» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны үш рет саттыққа шығарылғанымен, сатылмаған болып шықты. Енді оны  тарату мәселесі қарастырылуда. Осыған қатысты ақпарат көздерінен мәлім болған тағы бір жайт, қазірдің өзінде бұл спорт кешені меншік нысаны мен атауын өзгерткен. Бірақ, мекеменің осыған дейін атқарып келген қызметтік функциялары өзгеріссіз қалдырылған. Бір білгеніміз, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл кәсіпорын «Мұнайшы» спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі» деп аталатын болды. Оның үстіне, мекеменің биылғы жылғы бюджеті де бекітілген. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Мұнайшы» спорт клубының атқаратын қызмет түрлері, оның иелігіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешені «Мұнайшы» стадионы сол күйінде сақталған. Мекеме қалалық бюджеттен қаржыландырылады.

Брифингте айтылған тағы бір әңгіме, облыста күні бүгінге жекешелендірілуге тиісті 10 кәсіпорын қалған. Олардың алтауы спорт бағытындағы (мәселен, «Атырау» футбол клубы, «Атырау» волейбол клубы, сондай-ақ, су және ұлттық спорт түрлері бойынша құрылған клубтар) мекемелер. Бұдан басқа, бұл тізімге «Бас жоспар», «Арнаулы автобаза» кәсіпорындары, Махамбет пен Құрманғазы аудандарынан екі кәсіпорын енген.

 

ЖАРИЯ ЕТІЛГЕН МҮЛІК – ЗАҢДЫ МҮЛІК

Облыста мүлікті жария ету науқаны да табысты өткізілді. Қорытындысында қаржылай көлемі 52,7 млрд. теңгені құрайтын мүлік пен ақша жария етілді. Мұнда мемлекеттік кірістер департаментімен тиісті заңдылыққа сай рәсімделмеген, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, жалпы құны 834,5 млн. теңгеге  және еліміздің аумағынан тыс жерде сақталған, жалпы құны 278,3 млн. теңгеге бағаланған мүліктің жария етілгендігі, науқан барысында бағалы қағаздардың да қамтылғандығы мәлімделді. Жүйелі жүргізілген мүлікті жария ету жұмыстарының нәтижесінде бюджетке 364,5 млн. теңге түсім түскендігі хабарланды.

 

СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП БЕРДІ

Осыларды әңгімесіне арқау еткен  Айгүл Теміртасқызы  одан әрі журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сатылатын спорт кешендеріне қатысты қойылған сауалға: «Бірден айта кетейін, саттыққа шығарылатын спорт кешендерінің құрамындағы нысандардың бәрі бірдей сатылып кетпейді, саудаға түсетіні – тек кеңсе ғимараты ғана. Қалғандары сенімгерлік басқаруға беріледі. Спорттық командаларға қатысты да осыны айтар едім. Мемлекеттік сатып алу заңының талаптары бойынша  конкурс жарияланып, тендер өткізіледі»  деп жауап берді. Осы сұраққа байланысты алға тартылған тағы бір ақпарат, «Атырау» футбол клубының биылғы жылдық бюджеті 2 млрд. теңгені құрайды.

«Мемлекеттік – жекеменшіктік әріптестік тәсілімен салынуы жоспарланған нысандар құрылысын қаржыландыру қалай жүзеге асырылады?» деген сауалға қайтарылған жауап төмендегідей  болды: «Атауының өзі айтып тұрғанындай, бұл жұмыстарға сол міндетті мойнына алған жеке кәсіпкер немесе компания өз қаржысын салады. Ал, мемлекет тарапынан жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлінеді».

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз