«АЛТЫН САПАҒА» ҰСЫНЫЛҒАНДАР

Президент  сыйлығынан  үміткер

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 9 қазандағы   Жарлығына сәйкес, халыққа қалтқысыз қызмет көрсету саласындағы жақсы нәтижелерге қол жеткізгені және мекемелерге заманауи менеджмент жүйесін енгізгені үшін берілетін «Алтын сапа» сыйлығы белгіленгені мәлім. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл конкурстың «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздiк кәсiпорын» номинациясы бойынша біздің аймақтан ұсынылып отырған ұжымның бірі – «Өнерпаз» ЖШС. Аталмыш компания отыз бес жылдан бері облыс халқына әртүрлі қызмет көрсетіп, тұтынушылардың ризашылығына бөленіп келеді.

Қаланың қақ ортасындағы типтік жобамен салынған «Өнерпаз» тұрмыстық қызмет көрсету үйіндегі тігін, тоқыма, кір жуатын және бұйымдарды химиялық жолмен тазарту цехтары, әсемдік және фотосалондары, косметологиялық кабинет пен аудио-бейне аппаратураларды жөндеу, аяқ киім, сағат жөндеу шеберханаларының қызметтерін пайдаланушылар қатары қай кезде де сиреп көрген емес. Сондай-ақ,  мұндағы азық-түлік дүкені мен «Ай-Ару» мейрамханасы да тұтынушылар үшін сапалы қызмет көрсетуге қашан да даяр.

«Өнерпаз» ЖШС 2007 жылы республикалық «Алтын сапа» конкурс-көрмесіне алғаш рет қатысып, дипломант атанды. Сол жылы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен «Қазақстандық марка» байқауында, кейінгі 2011, 2012, 2013 жылдары «Қазақстанның үздік тауарлары» көрмелерінің дипломанты атақтарын иеленді. «Өнерпаздықтар» Қазақстан кәсіпорындарының экономикалық рейтингісі шеңберінде 2013 жылы республика көлемінде киім-кешек жуу түрі бойынша өндірісі, төлем қабілеті, ресурстарды пайдалану тиімділігі, компанияның инвестициялық тартымдылығы мен әлеуметтік үлесі жөніндегі қызметтері үшін   «Сала көшбасшысы» белгісімен марапатталды.

Серіктестік 2009 жылдан бері «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының отандық тауар өндірушілері қатарына енгізілді. «Өнерпаз» ісмерлерінің қолынан шыққан арнаулы мамандар киімдері аймақтың мұнай және газ өнеркәсібінің алыптарында, біріккен кәсіпорындарда, медициналық мекемелерде жұмыс жасайтын жұмысшы-қызметкерлері тарапынан сұранысы жоғары тауарларға айналды.

Компания Кедендік одақ шеңберіндегі мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бірыңғай-экономикалық кеңістік аясындағы Ресейдің Ивановск облысындағы «Шуйские ситцы» мақта-мата комбинатымен тығыз ынтымақтастық байланыс орнатты. Осы комбинаттың тоқыма маталарынан біздің тігіншілеріміз төсек-орын жабдықтарын, жаңа туған нәресте бұйымдарын, қоғамдық тамақтандыру, денсаулық сақтау мекемелерінің және супермаркеттер қызметкерлерінің бірыңғай формалы киімдерін тігіп, тұтынушылардың жоғары сұраныстарына ие болды.

«Біздің компанияның биік белестерді бағындыруы – әр қызметкердің атқарған ісіне тікелей байланысты. «Егер компания табысты болсын десеңіз, өзің табысты бол, өз кәсібіңді сүй, оған адал бол, болашағыңа сен, алдыңа биік мақсат қойып, соған жетуге ұмтыл. Егер мақсатың болса, онда міндетті түрде одан жақсы нәтиже болады» деген ұранмен жұмыс жасайтын ұжымымызда бүгінде 150-ден астам қызметкер бар. Кәсіби біліктілік, өз ісіне сенімділік, жоғары сапа  көрсеткішімен тұтынушы көңілінен шығу – басты мақсатымыз» дейді «Өнерпаз» ЖШС бас директорының орынбасары Жексенғали Мусиев.

Компания қызметінің  негізгі басым бағыттарының  бірі –өндірістік және әлеуметтік жаңғырту. Бұл мәселе барлық құрылымдарға тән. Өндірістік жаңғырту арқылы «өнерпаздықтар» облыс тұрғындарын қызмет түрімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Тігін және тоқыма, киімді химиялық тазарту, кір жуу цехтары заманауи жабдықтармен, құрылғылармен  жарақтандырылды. Бұларда Италияның, Германия мен Жапонияның өнімділігі жоғары, сапалы әрі қуатты  жабдықтары орнатылды.

Аталмыш компанияның жылдық айналымы 275 млн. теңгені құраса, оның 52 млн.-ын жергілікті бюджеттік төлемдер құрайды. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының күтіліп, ұсталуына 9,4 млн. теңге жұмсалады. Бұған қоса компанияның демеушілік және қайырымдылық мақсаттағы шығындары да жетерлік.

«Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелігіне қабылдануына және бәсекелестіктің өрістей түсуіне орай біз жаңа шешімдер мен тың бастамаларды ойластыру үстіндеміз. Ұжымдық құндылықтардың жолдарын салуға мүдделіміз, әсіресе, серіктестік, сапа, ынтымақтастық пен жауапкершілік мәселелерін алғы кезекке қойып отырмыз. Болашақта өзіміздің тігін цехынан киім пішу және тігу курсын, тігін бұйымдарын реставрациялау және жеке тігін қызметін көрсету кешенін, қаланың «Жұлдыз» ықшамауданында тұрмыстық қызмет көрсету орнын ашуды, сондай-ақ, қосалқы шаруашылық ұйымдастыруды көздеп отырмыз» дейді серіктестіктің бас директоры Әлия Бекқожиева болашақ жоспарларын бізбен бөлісе отырып.

Еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, экономикамыз шатқаяқтап, қиыншылықты бастан кешкен сонау 90-шы жылдары шағын ұжымды өз кәсіптерімен сақтап, нарықтың қатал да өктем заңдылықтарына қасқая қарсы тұрған өндіріс жетекшісі Әлия Бекқожиеваның еңбегі ұшан-теңіз. Сол жылдары өзінің жастығына қарамастан  бар білік-білімін, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін ұжымды сақтап, халық үшін қажетті қызметті ақсатпауды мақсат еткен Әлия Байжанқызы – бүгінде білікті басшы, өндірістің нағыз шебер ұйымдастырушысы, халық қалаулысы, аймақтың қоғамдық өмірінің белсендісі, облыстағы кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының жетекшісі, әрі «Атырау облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің көшбасшысы дәрежесіне көтерілді. Оның Елбасының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне тағуы – ұзақ жылғы маңдай терінің жемісі деп ұғынған дұрыс. «Өнерпаздың»  бірнеше  халықаралық Конвенциялар мен форум-көрмелердің Алтын медалімен марапатталуына, түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз деп танылуына Әлия Байжанқызының да қосқан үлесі зор. 

Бақытжан ЖҰМАТ,

Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз