
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік — тиімді тәсіл
Елдің, қалаберді өңірдің экономикалық даму деңгейі әлеуметтік саланың әлеуетінің көтерілуімен айқындалатынын уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Оның нақты мысалын облыстағы әлеуметтік нысандар құрылысының салынуы мен ашылуына бағытталатын инвестиция көлемінен де аңғаруға болады. Мұның өзі мемлекеттік-жекешелік әріптестікке негізделген. Қаражатты бірлесіп игерудің бұл тәсілі қос тарапқа (мемлекетке де, бизнеске де) тиімді әрі ұтымды.
Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы Сыртқы экономикалық байланыстар және инвестицияларды тарту бөлімінің басшысы Перизат Таңатованың айтуынша, әлеуметтік нысандардың дамуындағы бизнестің үлесін ұлғайту мақсатында кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірқатар оңтайлы шаралары қарастырылған.
Мемлекет қашанда инвесторларға жер телімін беру мен қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамту жағынан қолдау көрсетуге әзір. Сондай-ақ қаржылық тұрғыдан да қолдау көрсету көзделген. Мәселен, кәсіпкер ұсынған бизнес-жобаның құны 600 мың теңгеден кем болмаған жағдайда, ол тиісті жер телімін жеңілдікпен ала алады. Бұған қоса, өтінім беруші бизнес иесі ұсынылып отырған жобаның сомасына қарай 5, 15 немесе 50 пайыз мөлшерінде төлем қабілеттілігін көрсетуі тиіс, — деп түсіндірді салалық басқарма өкілі.
Сәйкесінше, өтінімдер қалалық және аудандық әкімдіктерде қабылданады. Одан әрі жобалар өңірлік үйлестіру кеңестерінде қаралады. Сонан соң ғана нақты шешім қабылданады.
Сондай-ақ, болашақта салынатын әлеуметтік нысанға тартылатын инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізуге қатысты мемлекеттік қолдауға ие болу үшін инвестиция сомасы 200 млн теңгеден кем болмауы, ал жобаланған инфрақұрылымның құны 50 млн теңгеден 1 млрд теңге аралығында болуы шарт. Сонымен қатар, жоба құрылысының дайындық деңгейі 30 пайыздан кем болмауы тиіс.
Сарапшы мамандардың мәліметінше, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйесі бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыру несиелеу механизмі арқылы 7%-дық мөлшерлемемен, 10 жылдық қайтарым мерзімімен жүзеге асырылады. Бір жылға жеңілдік кезеңі қарастырылған. Жоба бастамашысының жылжымайтын мүлік түрінде немесе қаржылай кепілдігі болуы қажет.
Және бір білгеніміз – егер екінші деңгейлі банктердегі несиенің өтеу мөлшерлемесі 20 пайыздан жоғары болған жағдайда, кәсіпкерлер 12,6% мөлшеріндегі субсидиялау механизміне жүгінуге мүмкіндігі бар екен.
Дәулетқали АРУЕВ