Түлік төлден өседі

oprlpr Жаңалықтар

НАУРЫЗ АЙЫ ТУЫСЫМЕН ТІРШІЛІК АТАУЛЫ ЕРЕКШЕ ТҮРГЕ ЕНЕДІ. БҰЛ КЕЗДІ ӘЛІМСАҚТАН АТАКӘСІППЕН АЙНАЛЫСЫП, ШАРУА БАҚҚАН ХАЛҚЫМЫЗ ЫРЫС, БЕРЕКЕНІҢ, МОЛШЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ ДЕП БАҒАЛАҒАН.

Бүгінде қала маңындағы ауылдарда да мал шауашылығымен айналысатындар көбейіп келеді. Мәселен, Еркінқала ауылдық округінде 112 ауыл шаруашылығы құрылымы болса, олардың дені егіншілікпен шұғылданады. Мал бағып, атакәсіпке бет бұрғандардың қатарында Қалдығыз Досжанова жетекшілік ететін «Сұлтан» шаруа қожалығы да бар.

– 2010 жылы құрылған бұл қожалық өз жұмысын түрлі бағытта жүргізіп келеді. Бастапқыда егіншілікпен, жылыжай, шағын қойма салып, балық аулап, өңдеумен айналысты. Өнімдерін қолжетімді бағамен ауыл тұрғындарына сатып, ауысқанын қала базарлары мен жәрмеңкелерге шығарды. Кейіннен мал шаруашылығын қолға алды. Мұнда негізінен мүйізді ірі қара және ұсақ мал бағылады. Еркінқала ауылына қарсы беттегі Курилкино аралында орналасқан қожалық жыл сайын 20-ға жуық адамды маусымдық жұмыстарға тартып отырады. Шаруашылығын кеңейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысып, жеңілдетілген қайтарым пайызымен несие алуға қол жеткізді, – дейді ауылдық округ әкімі Мұхтар Құмарғалиев.

Жыл басы – Наурызбен бірге келетін ырыс-берекенің лебін осы шаруашылықтың қазіргі тынысынан да аңғардық. Соның нышаны іспетті бүгінде қожалықта Барыс жылының алғашқы төлдері де көріне бастаған. Ішінде біренсаран ерте туған қозылар да бар екен. Қора басында жемшөп қоры жеткілікті. Аумағы атшаптырымдай кең аулада енелерімен бірге ойнақ салған төлдерді көріп, көктемнің келіп жеткенін сезінгендей болдық.

– Әкем Төлеген кезінде ұжымшарда ең бекетті. Механизатор болып, шаруашылықтың сан-салалы науқанды жұмыстарына қатысты. Анам Қалдығыз да ер-азаматтармен бірге ау салып, «су маржанын» сүзді, егінші де болды. Шаруашылық тарағанда отбасын асырау үшін сауда-саттықпен де айналысты. Кейін атамыздың есімімен аталатын «Сұлтан» шаруа қожалығын құрды. Науқандық шаралардың уақытында бізде жұмысшылардың саны көбейеді. Бір қиындық келтіріп отырғаны, мұнда коммуникация желілері тартылмаған, әзір оның мүмкіндігі де болмай тұр. Соның салдарынан кезінде алынған кейбір құрылғы-құралдарды іске қоса алмай отырмыз, – дейді шаруа қожалығының мүшесі Сырым Досжанов.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз