МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТКІҢІЗ КЕЛСЕ…
— Акцияның негізгі талаптары қандай?
— Заңда белгіленген тәртіпте осы акцияға қатысуға құқығы бар адамдар мына мүліктерді жария ете алады:
— ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
— нысаналы мақсатына және құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін құрылыстар (ғимараттар). Бұл ретте жария етілетін объектілер орналасқан жер учаскелері жария ету субъектілеріне меншік құқығында тиесілі болуға тиіс;
— басқа адамға ресімделген құрылыстар (ғимараттар);
— ҚР аумағының шегінен тыс жерлердегі жылжымайтын мүлік.
Ал, жария ету акциясы басталғанға дейін алынған (сатып алынған) мына мүліктер жария етілуге жатады:
— ресми түрде тіркелмеген (тіркелмеген, лицензиясы жоқ және т.б.) және тиісінше, салық салынбайтын кәсіпкерлік қызмет;
— алынған кірісі түрлі тәсілдермен салық төлеуден жалтарылған немесе декларацияланбаған, ресми түрде тіркелген кәсіпкерлік қызмет түскен кірісі (ақшасы) жүргізілетін рақымшылық шеңберінде жария етуге болатын негізгі қызмет түрлері.
Жекелеген қылмыстар нәтижесінде алынған мүлік жария етуге жатпайды. Олардың ішінде жеке адамға, адамның конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттің конституциялық құрылысының негiздерi мен қауiпсiздiгiне қарсы, сондай-ақ мемлекеттiк қызмет мүдделерiне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жатады.
— Акцияның артықшылықтарына тоқталсаңыз…
1. Өткізілетін акция жария ету субъектілеріне бұрын жариялы экономикалық айналымнан шығарылған ақшаны және өзге мүлікті оған қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл алдағы кіріс пен мүлікті жаппай декларациялауға көшу, сондай-ақ трансшекаралық операциялардың ашықтығын арттыру және елдер арасында салықтық ақпарат алмасуды күшейту жөніндегі жалпыәлемдік үрдістерге байланысты өзекті болып отыр.
2. Жария етілген ақша мен мүлік – салық салу мақсаты үшін кіріс болып танылмайды. Тиісінше, оларға табыс салығы салынбайды.
3. Мүлікті (ақшадан басқа) жария ету рәсімі бұрын тіркелмеген мүлікті (үйді, ғимаратты және т.б.) жария ету жөніндегі комиссияға бір өтініш беру арқылы жеңілдетілген тәртіпте тіркеуге не тіркеу деректерін (жер учаскесінің нысаналы мақсаты және т.б.) өзгертуге мүмкіндік береді.
4. Ақшаны жария ету тетігі оны жинақ шотына (депозитке) есептеу қажеттілігін көздейді, бұл осындай ақша бойынша сыйақы алуға мүмкіндік береді.
5. Ақша депозитке салынған (аударылған) күннен бастап күнтізбелік алпыс ай ішінде депозиттен алынбаса және басқа шотқа аударылмаса, жария ету субъектісінде мүлікті жария еткені үшін алымды төлеу міндеті туындамайды.
— Яғни, ақшаны депозитте сақтаудан басқа мүмкіндіктері де қарастырылған ба?
— Иә, мемлекеттік бағалы қағаздарды, екінші деңгейдегі банкілердің, ұлттық басқарушы холдингілер мен компаниялардың, даму институттарының облигацияларын;
— «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберіндегі акцияларды, сондай-ақ Қазақстан қор биржасында орналастырылатын өзге де бағалы қағаздарды сатып алу;
— жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде объектілерді сатып алу арқылы экономикаға инвестициялау мүмкіндігі де бар.
Егер жария ету субъектісі инвестициялаудың жоғарыда көрсетілген тетіктерін пайдаланғысы келмесе, онда ол жария етілетін ақшаның 10%-ы мөлшерінде бюджетке алымды төлей отырып, ақшасын өзінің қалауына қарай жұмсауға құқылы. Жария ету субъектілеріне осы акция барысында алынатын мәліметтер құпиясының сақталатындығына кепілдік беріледі. Жария ету субъектілері қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен, сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» ҚР-ның Заңына сәйкес дәйексіз декларациялар мен мәліметтерді ұсынғаны немесе толық ұсынбағаны үшін тәртіптік жауапкершіліктен босатылады.
— Мүлікті (ақшадан басқа) жария ету үшін не істеу қажет?
— Бұл үшін жария ету жөніндегі комиссияға өтініш беру қажет. Ол өтініштерді қабылдауды жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) жанындағы комиссиялар жүзеге асырады. ҚР-ның аумағынан тыс жерлердегі мүлікті жария ету туралы өтініштерді қабылдауды ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік комитеті аумақтық бөлімшелерінің жанындағы комиссиялар жүзеге асырады. Жоғарыда көрсетілген комиссиялардың мекен-жайлары мен телефондары электрондық үкіметтің egov.kz порталында орналастырылған. Ал, ақшаны жария ету үшін екінші деңгейдегі банкінің не «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшесіне өтініш беру қажет.
— Бұл бағытта тағы қандай ескеретін жайттар бар?
— Өткізілетін акция шеңберіндегі жинақ шоттары ҚР Ұлттық Банкінің www.nationalbank.kz интернет-ресурсында орналастырылған тізімде көрсетілген банктерде ғана ашылатындығын назарда ұстау қажет. Банкіні таңдау үшін тиісті банкілердің интернет-ресурстарында орналастырылған депозиттерді ашу талаптарымен танысқан жөн.
Талаптары қолайлы банкіге барар алдында тиісті қызмет көрсетілетін жақын жердегі бөлімше туралы ақпарат алу үшін таңдалған банкінің Call-орталығының телефонына алдын ала хабарласу керек. Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында Ұлттық Банк оларға қатысты теңгенің ресми бағамын белгілейтін және жинақ шоттары ашылатын шетел валюталарының тізбесі де орналастырылған. Сонымен қатар, қандай да бір валютада жинақ шотын ашу мүмкіндігі банк жұмыс істейтін валюталар түрлеріне байланысты болатындығын ескеру қажет.
Жария ету шеңберінде банкілерде орналастырылған ақшаны инвестициялағысы келетін жария ету субъектілері мүлікті жария ету акциясы шеңберінде ақшаны инвестициялау үшін шарттар жасасуға уәкілетті брокерлердің тізімін пайдаланғаны жөн, ол тізім де Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырылған. Сонымен қатар, Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында ақшаны жария ету тәсілдері туралы халық жиі қоятын сұрақтардың жауаптарымен де танысуға болады.