ҚАШАҒАН – ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ЖАҢА ТАРИХЫ

Экономика

 Басты мақсат – ел мүддесі

Енді, Солтүстік Каспий жобасынан не ұтамыз? Ол Қазақстанның келешекте қарышты дамуына қалай әсер етеді? Бәзбіреулердің айтып жүргеніндей, бар байлығымызды сырттан келген инвесторларға таратып бермейміз бе?

Сөз жоқ, мұнай-газ саласы ел экономикасын алға сүйрейтін локомотивтік рөлін жоғалтпайды. Бүгінде дүние жүзі ғалымдары баламалы энергетикалық қуаттарды талмай іздестіріп жатқанымен, көмірсутегіне деген сұраныс әлі біраз жыл сақталады. Демек, оның мол қорына иелік еткен мемлекеттің әлемдік сахнадағы салмағы да қомақты болмақ. Мамандардың пікірінше, Қашаған кенішінен өнім өндіру шырқау шегіне жетіп, жылына 50-75 млн. тонна «қара алтын» алынғанда Қазақстан әлемдегі мұнайлы мемлекеттердің бастапқы бестігіне кіреді екен. Бұрын-соңды мұндай жетістікке қол созылып па еді? Бүгінде осы міндетті Елбасының өзі қойып отыр. Ол Мемлекет басшысының ел дамуының сонау 2020 жылға дейінгі кезеңін нақты белгілеп берген стратегиялық бағдарламасында анық айтылған. Демек, бұл мерейлі меже биігінен көріну – мұнайшыларымыздың парасатты парызы.

Бүгінде іргелі жобадағы Қазақстан мүддесі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы қорғалып отыр. Отандық мұнайшылардың үлесі 16,8 пайызға дейін көтеріліп, жобадағы ірі қатысушылармен теңесті. Яғни, ешкімге есемізді жібермейміз. Оның үстіне, тәуелсіздік кезеңінің бастапқы баспалдақтарындағыдай емес, қазір бірлескен кәсіпорын құрудың жаңа тұжырымдары өмірге келді. Кез келген ірі инвестормен тереземіз тең дәрежеде тілдесетін болдық. Мамандарымыз жетілді, технологиямыз дамыды, техникамыз жақсарды. Аджип ҚКО компаниясының осындағы оқу орталығында талай қазақстандық жас білімін көтерді. Кейін олар білігін жетілдіру үшін шет елдерге жіберілді. Бұл үрдіс қазір де бар.

Маман демекші, Елбасының өзі «Болашақ» деп атаған Батыс Ескенедегі мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысын кім салды? Рас, шетелдіктер жәрдемдесті. Мұндай зауыт бұрын-соңды өңірде болмағандықтан, олардың көмегі керек еді. Бірақ, негізгі құрылысты жүргізген, анау ауқымды жабдықтарды жарақтандырған – қазақстандық кадрлар. Солардың ішінде басым бөлігі – атыраулықтар. Ал, олар мұндай тәжірибені Теңіз кенішінде жинақтаған болатын. Айтпақшы, биыл осы кен орнында кеңейту жобасы қолға алынбақ. Демек, жергілікті жастардың жұмысы одан әрі жалғаспақ. Бұл да өңірде жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешуге ықпал етпей ме?

Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қаншама іс  тындырылды? Іргелес жатқан Атырау мен Маңғыстау облыстарында балабақшалар мен емханалар салынды, ауруханалар мен мектептер күрделі жөнделді, спорт ғимараттары қатарға қосылды.

Қазақстандық кәсіпорындардың өнімдері мен сервистік мекемелердің қызметтері қолданылуда. Өзіміз куәміз, талай мәрте жергілікті бизнес өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, семинарлар өткізілді. Солардың ішінен үздіктері таңдалып, әріптестер қатарына қосылды. Егер тауарларын өткізе немесе жұмыстарын көрсете алмағандар болса, шаруасын өздері келістірмеген болуы ықтимал. Ал, Елбасы республикадағы шетелдік компанияларға қазақстандықтар тарапынан сапалы қызмет көрсетуді ұсынып отырған жоқ па? Ендеше, өзіміз де ұмтылыс танытқанымыз жөн.

Бұдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстан баспасөз клубы Алматыда мұнай-газ тақырыбына жазатын журналистер үшін ақпараттық-ағартушылық семинарын ұйымдастырған-ды. Сонда атыраулықтарды, әсіресе, Солтүстік Каспий жобасына қатысты мәселе көбірек толғандырған болатын. Сауалдарымызды да жаудырып баққанбыз. Обалы не керек, жобаның негізгі операторы НКОК компаниясының техникалық кеңесшісі Евгений Огай барлық сұрақтарға жауап беруге тырысқан. Техника ғылымдарының докторы дәрежесіне ие азамат бұл бағыттағы білгірлігін де байқатқан.

Сонда аңғарғанымыз, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы – жобаға жай қатысушы ғана емес, оның басты тұлғаларының бірі. Яғни, екінші кезеңде отандық мұнайшылар «Шелл» компаниясымен бірлесіп, өндірісті пайдалану ісімен белсене шұғылданады. Оның үстіне, қазіргі қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, егер жобаға қатысушы бір компания үлесін сатуға ниет білдірсе, оған алдымен мемлекет иелік етеді. Тек Қазақстан тарапынан рұқсат етілген жағдайда ғана өзгеге ұсыну құқығы беріледі. Бұл – барлық жобаларға тән.

Міне, осының бәрін республикада шетелдік инвесторлардың қатысуымен игеріліп жатқан кен орындарында Қазақстан мүддесінің берік қорғалуы деп түсіну керек.

Әлемде теңдесі жоқ кеніш

Жалпы, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан, Атыраудан 80 шақырым жердегі Қашаған кеніші бірнеше қайтарымы мол саналатын блоктардан тұрады. Соның шығысында сонау 2000 жылғы 30 маусымында «Восток-1» ұңғымасынан алғаш рет көмірсутегі шикізатының қоры табылған-ды. Сонда осы жалғыз ұңғыманың ғана тәуліктік қуаты 600 тонна мұнай мен 200 мың текше метр ілеспе газды құраған. Осының өзі-ақ дүние жүзіне Қазақстанда ірі кен орны ашылғанын паш еткен. Айтпақшы, тағы да әлем ғалымдарының айтуынша, Қашаған – соңғы қырық жылдың шамасында әлемде табылған ең ірі кеніш. Осыншама уақыт бұрын сонау Аляскадағы Прудхо-Бей кен орны ашылған. Біздің Қашағанның қайтарымы одан да зор. Мәселен, ол кең ауқымды игеру сатысында күллі Еуропа құрлығының бір тәулікке шаққандағы энергия қуатына деген қажеттілігінің он пайызын өтейтін болады. Талас жоқ, бұл – орасан зор байлық.

Қазақстандық мамандардың пайымдауынша, кеніш мұнайының геологиялық бағалау қоры 35 млрд. баррель шамасында. Соның 11 млрд. баррелі алынуға мүмкін саналады. Кеніш көлемі айдын бетінде 75х45 шақырымдық алаңды алып жатыр. Осының өзі оның аса ауқымдылығын көрсетпей ме? Ел тарихында мұндай алып кен орны бұрын болған жоқ.

Ал, оның Қашаған аталуының сырын кім біледі? Бұл кенішті игерудің басы-қасында болғандардың жадында шығар, бірақ кейінгі ұрпақ ұқпауы да мүмкін. Ендеше, оны да айта кетелік.

Қашаған Күржіманұлы – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген ақпа ақын, жүйрік жырау. Жауынгер Адай руының Ер Қосай бөлімінің ұрпағы ол бес жасында әкеден айырылып, жетімдіктің тақсыретін біраз көреді. Кедейліктің қырсығынан жалшы да болады, мал да бағады. Әйтсе де, жасынан өрелі өнерімен танылып, көзге түседі. Сол Қашаған 88 жасында Маңғыстаудағы Құлат аталатын мекенде дүниеден өтіпті.

Ал, алып кеніштің ашылған кезі Қашаған жыраудың 150 жылдығымен тұспа-тұс келген-ді. Міне, Қазақстан жағының Каспий теңізінің төріндегі жаңа кен орнына оның есімін беру керектігін табанды түрде талап етіп, дәлелдеп шығарғаны өте орынды болған.

Енді, Қашағанға қатысты қазіргі қалыптасқан жағдай қандай? Ол өткен жылғы 11 қыркүйекте ресми түрде қатарға қосылды. Соған дейін пайдалануға беру мерзімі бірнеше мәрте кейінге шегерілген кеніштің алғашқы өнімі алына бастады. Алайда, 25 қыркүйекте жасанды «D» аралы мен Батыс Ескенедегі «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындайтын қондырғы аралығын жалғастыратын газ құбырында ақау анықталды. Өнім өндіруді тоқтатуға тура келді. Кейін 6 қазанда жұмыс жалғасқанымен, үш күннен кейін тағы да апат оқиғасы орын алды. Содан бері өнім өндірілген жоқ.

Қолымыздағы соңғы дерек бойынша, өткен жылдың соңында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Мәлік Сәлімгереев Қашағанда мұнай өндіруді жалғастыру туралы шешім осы айда қабылданатындығын жеткізді. Өйткені, Ұлыбританияның Кембридж дәнекерлеу институтындағы тұрбалардың жалғанған жерін лабораториялық зерттеу жұмыстарының нәтижесі биылғы қаңтардың орта шенінде белгілі болмақ. Мамандардың тұжырымдауынша, әзірге жүргізілген алты тексеру нәтижесі газ шығып кетуінің анық белгісін нақтылай алмаған. Әйтсе де, бәрін жан-жақты таразыға тартуға тура келеді.

…Қайткенде де, қазақ мұнайының жаңа тарихы саналатын Қашаған кенішінің қатарға қосылуы – Жылан жылғы ел бойынша ерекше оқиғалардың бірі. Оны игерудің аса күрделі екендігі, қабат қысымының тым жоғарылығы, кен орнының табиғи тұрғыдан қорғалатын аймақта орналасуы мұнда өнім өндірудің өте қиынға соғарын о баста-ақ байқатқан. Дегенмен, әлемдегі «қара алтынды» мол өндіруші алғашқы бестіктің қатарына ұмтылған Қазақстан көмірсутегі шикізаты қорын толықтыруға батыл қадам жасады. Ірі кеніштің мол өнімін халық кәдесіне жарату биылғы Жылқы жылының үлесіне тимек.

Меңдібай  СҮМЕСІНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған