ҚЫМЫЗҒА ҚЫРЫН ҚАРАМАЙЫҚ…
Алайда, мені «дертке дауа, жанға дәру осы сусынды бүгінгі қазақ ұмытып та қалған сияқты» деген ой мазалайды. Олай дейтінім, сонау заманда халықтан жоғары бағасын алған осынау ұлық дәмнің бүгінде елімізде қасқалдақтың қанындай қат болғаны көңілімізді қынжылтады. Тіпті, қала түгілі, ауылдағы дастархан мәзірінде қымыздың көзден бал-бұл ұшқаны қашан…
Мен соңғы бес-алты жылдан бері бие байлап, қымыз өндіруге бағыт ұстаған жайым бар. Жасым жетпіске келсе де, осы бір құдіретті сусын – қымызға деген құмарлығымнан әлі де айырыла алмай келемін. Алғашқыда 5-6 бием болды, кейін жыл сайын санын көбейтіп, былтыр он беске жеткіздім. Қымыздың қадір-қасиетінен хабардар адамдар өнімге сұраныс жасап отырады. Отбасымыз болып бірге еңбектеніп, барлық технологиясы сақталған, тапсырысқа сай сапалы қымыз дайындаймыз.
Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ауданға келген сапарында мен аймақ басшысынан өндірген қымызымды сатылымға қоюға ықпал етуді сұрадым. Әкім бұл өтінішімді құп алып, бас-аяғы екі күнде мәселемді шешіп берді. Сөйтіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы Махамбет аудандық туберкулез ауруханасымен келісім-шартқа отырдым. Тұтынушылар қымыз сапасының жоғары екенін айтады. Екі жылда тұтынушылар арасында 6 тонна шипалы сусын өткіздік. Бірақ, неге екені белгісіз, биыл өндірген қымызымыз аталған ауруханаға өтпеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар қымызды портал арқылы өткізу керектігін айтты. Ол үшін тиісті құжаттар дайындап, порталға тіркелу керек, оған да бірер ай уақыт жоғалтуымызға тура келеді. Ал, дайын тұрған қымыз бұл мәселелердің шешілуін күте алмайтыны белгілі. Ақыры, бізде бұдан бас тартып, өз күнімізді өзіміз көруден басқа амал қалмады.
Бақсай каналы жағалауындағы «Ауқайран» учаскесінен алған 155 гектар суармалы егістік жерім, биелеріме қора-қопсым бар. Жануарлар қолға үйретіліп, арнайы сауын аппаратымен сауылады. Биылғы жазғы қуаңшылыққа байланысты қыстық мал азығын Нарын өңірінен сатып алдық, құрама жем де жеткілікті.
Осы арада айта кететін тағы бір мәселе, сәуір айында Төменгі Жайық суландыру жүйесі мекемесі суармалы жайылымдыққа су шығару үшін 450 мың теңге қаржы төлеу керектігін ескертті. Шаруамыз оқсамай тұрғанда осынша қаражатты тауып беру де оңай емес. Артынан есептесуге мекеме басшылары көнбеді. Сөйтіп, шабындық жеріміз сусыз қалды.
Мұрат ШАҚУОВ,
шаруа қожалығының
жетекшісі.
Исатай ауданы.