КТК: мұнай қабылдауға дайын
«Каспий Құбыр Консорциумы» Теңіз–Новороссийск мұнай құбыры арқылы 83 миллион тоннаға дейін «қара алтын» тасымалдауға дайын. Атырауда өткен кездесу барысында КТК бас директоры Николай Горбан «Теңізшевройл» компаниясының маркетинг және көлік жөніндегі бас менеджері Лори Саскоға осылай деп мәлімдеді. Тараптар келешектегі сұраныс пен жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Қазақстан мұнайының 80 пайызын шетелге жеткізіп отырған КТК биыл да шикізатты тасымалдауға әзір. Компания акционерлердің шешіміне сәйкес, теңіз терминалында, соның ішінде Теңіз кенішінен мұнайдың мол көлемін қабылдауды, жөнелтуді қамтамасыз ету үшін «Төгінділерді жою» бағдарламасын жедел түрде жүзеге асырған. Демек, кәсіпорын шикізат қабылдауға толық дайын.
КТК бас директоры Николай Горбанның айтуынша, бұл мұнай құбыры жүйесі сенімді, тұрақты, қауіпсіз болып саналады. Сондай-ақ, Қазақстан аумағынан Ресей арқылы жылына 83 миллион тоннаға дейін мұнайды тасымалдауға қабілетті. Жыл басынан бері жеті ай ішінде Теңіз кен орнынан 16 миллион тоннаға жуық «қара алтын» қабылданып, КТК мұнай құбыры арқылы танкерлерге тиелген.
Ал, «Теңізшевройл» ЖШС маркетинг және көлік жөніндегі менеджері КТК бас директорын өндіріс көлемін арттыру мақсатында кәсіпорынның «Келешек кеңейту» – ұңғыма сағасының қысымын басқару жобасы іске асырылу барысы туралы хабардар етті.
Айбөпе САБЫРОВА