Жарнама
Экономика

Коммуналдық жүйені жаңғырту: Ұлттық жоба қандай өзгеріс әкеледі?

Ел көлемінде қолға алынған «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында семинар өтті.

Жиынды Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингімен бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға осы салаға жауапты жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен өңірдің энергетика кешеніндегі «Атырау жылу желілері», «Атырау Жарық» АҚ-дары және «Атырау облысы су арнасы» КМК мамандары қатысты.

Басқосуда ұлттық жобаның негізгі шарттары, мақсаттары мен жүзеге асырылу кезеңдері егжей-тегжейлі қарастырылып, түсіндірілді. Уәкілетті құрылымдар арасындағы міндеттерді бөлу, жобаны орындау әдістері және қаржыландыру көздері сияқты өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар семинарға қатысушылар жылу, су және электр желілерінің инфрақұрылымын жақсарту жолдарын, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен табиғи монополия субъектілері арасындағы өзара іс-қимыл механизмдерін талқылады.

– Айта кету керек, «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» деп аталатын ауқымды жоба инженерлік коммуникациялардың тозуын азайтып, олардың сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл, өз кезегінде, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және коммуналдық шаруашылықтың тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Өтегенов.

Семинардың қорытындысында энергетика мен коммуналдық шаруашылық саласын дамыту үшін инженерлік коммуникацияларды кешенді түрде жаңғыртудың маңыздылығы мен қажеттілігі атап өтілді.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button