Кешігіп жеткен марапат
Еліміздің мұнай-газ саласында 42 жыл тынымсыз еңбек еткен атыраулық ардагер Құдабаев Қаднен Қуанышұлы Мемлекет басшысының өкімімен Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Осынау мәртебелі марапатты кеше Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи өз қолымен табыстап, игі тілегін білдірді.
– Биыл «Ембімұнайгаз» мекемесіне бір ғасыр толса, «Қазмұнайгаз» 20 жылдық мерейтойларын атап өтуде. Осындай мерейлі сәтте жер асты байлығын оның үстіне шығарған ерен еңбек иелеріне мемлекет тарапынан зор құрмет көрсетілуде. Солардың қатарында бүгінгі ұрпаққа үлгі болар ел ағаларының бірі – Қаднен Қуанышұлы да бар. Оны, тіпті, аңыз адам деп айтсақ та, артық болмас. Себебі, өткен кезеңнің қандай қиындығына да қасқайып қарсы тұра білген нағыз еңбек ері қандай құрметке де лайық. Ендеше, ағамызға осынау ұлы еңбек жолын жалғастырар ұрпақ қызығын көруді тілейік, – деді ол.
Өз кезегінде марапат иесі шаһар басшысының ыстық ықыласы мен жылы лебізіне ағалық алғысын білдірді. Бір ескерер жайт, оның әріптестерінің айтуынша, Қаднен Қуанышұлының еткен еңбегі дер кезінде лайықты ескеріле қоймаған екен. Енді, міне, араға жылдар салып, мерейлі марапат өз иесін тауып жатыр.
Айта кетейік, 1951 жылы Мақат ауданы Байшонас ауылында дүниеге келген болашақ мұнайшы мектеп бітірісімен Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетіне оқуға түсіп, мұнай және газ кен орындарын игеру бойынша жоғары білім алған. Алғашқы еңбек жолын «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасында мұнай өндіру цехының операторы болып бастады. Кейін осы цехтың және аталған басқарманың өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы болып таағйындалды. 1983-1989 жылдар аралығында «ТенгизМұнай» мұнай-газ өндіру басқармасында бас инженер болып еңбек етті. Ал, 1989-1993 жылдары осы басқармаға басшылық жасады. 1993 жылы «Теңізшевройл» ЖШС бас менеджерінің өндірістік істер бойынша орынбасары, 1997-2003 жылдары «Қазахойл-Тельф» ЖШС-нің бас директоры болды. 2003 жылдан 13 жыл бойы «Матен Петролеум» акционерлік қоғамын басқарды. Осынау еңбегі үшін ол Жылыой ауданының Құрметті азаматы атанып, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалін өңіріне таққан.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ